Атырау, 20 сәуір 02:22
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Білекті де жүректі Индира

3 593 просмотра

Осыдан бірнеше жыл бұрын ауыр дерт атыраулық Индира НАЗАРБАЕВАНЫҢ (суретте) өмірін астан-кестең етті. Дәрігерлердің қатаң үкімі, ота жасату, екі аяғынан айырылу... Сірә, бұл оғаш естілетін шығар, алайда, уақыт өте келе Индира ештеңеге өкінбейтінін айтады.

«МЕН ҚАЙДА, ШТАНГА ҚАЙДА?»

Жиырма жыл бұрын кейіпкеріміз арқасүйер жұбайынан айырылды. Жүкті кезінде жолдасы қайтыс болған.

- Кез келген қиындықтарға төтеп беруге дайын едім. Қиындықтар болды. Қай жерде болмасын жұмыс істеп, табыс табуға тура келді. Ұзақ жыл базарда жұмыс істедім, балық саттым. Қыста аязды күндері сөреде сауда жасауға тура келді, енді не істеймін? Сөйтіп, денсаулығымды құрттым, - деп еске алады Индира. – Аяқтан айырылған соң бір жыл бойы үйде жаттым. Мұндайды қас дұшпанымның да басына бермесін... Сөйтіп, бір сәтте бұлай жалғаса бермейтінін түсіндім, қалай еткенде де өз аяғыма тұрамын деп мақсат қойдым!

Өте ауыр болды. Тізерлеп жүруге үйрендім. Аз қозғалатындықтан бұлшықеттерім мен буындарым әлсіреп қалған еді. Бірақ, жүрсем деген тілегім аурудан да күштірек болды. Өзіме тізеқап тігіп алдым. Тұрмысқа икемделдім. Үстелге, жуғышқа, газ плитасына орындық қойсам, тамақ әзірлей алатынмын. Барлық жұмысты да солай атқардым.

Содан кейін протезге тапсырыс берілді. Оған үйреніп кету де өте қиын еді.

- Енді-енді құлап кететіндей көрінетінмін. Аяғымның терісі үлбіреп, протезбен жүрген сайын қанталап кететін. Бірақ, мен тоқтамадым – менде басқа таңдау жоқ еді.

Мен Индираны биыл алғаш мүмкіндіктері шектеулі спортшылар арасындағы облыстық чемпионатта көрген едім. Күлімсіреген бұл әйелде бірінші топ мүгедектігі бар екенін және протезбен жүретінін білгенде қатты таң қалдым. Мүлдем білінбейтін. Мұның бәрі бір күні емдеуші дәрігері жаттығу залына жіберген кезден басталған.

- Менің денемнің сол жақ бөлігі әл бермейтін, қолым жансызданып, ауыр тартатын. Содан соң жаттығуға бардым. Бұған дейін жаттығу залында бірде-бір рет болмаған едім. Гриф, блины деген не, жаттығу құралының қай жағынан бару керектігінен еш түсінігім жоқ болатын.

- Мен Индираны сырттай бақыладым. Оның дене бітімін, мүмкіндігін бағалап, пауэрлифтингпен айналысуды ұсындым, - дейді біздің сұхбатымызға араласқан бапкер-нұсқаушы Ильяс ТЕЛЕУҒАЛИЕВ (төмендегі суретте).

- Иә, мен ол кезде «пауэрлифтинг» деген сөзді білмейтін едім. Ильяс маған штанга, жатып сығымдап көтеру туралы айта бастаған кезде, тіпті күлген едім. Мен қайдамын, штанга қайда деп, - дейді Индира қарқылдай күліп.

«ЕГЕР ТЫРЫССА, 60 КЕЛІНІ ДЕ КӨТЕРЕДІ»

Дегенмен, бапкерге спортшыны көп үгіттеуге күш салудың қажеті болған жоқ. Басты дәлелі оның өзі болатын. Бала кезден церебралды сал ауруынан мүгедектігі бар бұл жігіт 9 жыл бұрын спортқа келіп, бүкіл өмірін өзгерткен.

Түсіндіре кету керек, пауэрлифтинг – бұл күштік үшсайыс (иыққа штанга қойып жүрелеп отыру, көлбеу отырғышта штанганы шалқалап жатып, сығымдап көтеру және штанганы тарту). Түсінікті себептермен Индира тек жатып, сығымдап көтерумен айналысады, есесіне күштік үшсайыстың осы түрінен біраз жетістіктерге жеткен.

- Ал біз жаңадан айналыса бастаған кезде, ол тіпті салмағы 15 келі болатын грифті де көтере алмайтын. Бүгінде 57 келіге дейін сығымдап көтере алады. Ал егер шындап тырысса, 60 келіні де бағындыра алады, - дейді Ильяс. – Біз жетістіктерімізге өз ресурстарымыз бен жаттыққан еңбегіміздің арқасында қол жеткізетінімізді атап өткім келеді. Біз ешқандай «химия» қабылдамаймыз, өйткені, денсаулығымызды сақтауымыз керек. Ешқандай арнайы спорттық тағамдар тұтынбаймыз, себебі, оны қалтамыз көтермейді. Біз баяу ғана, аз ғана адыммен қойған мақсатымызға қадам басып келеміз және рекорд қумаймыз.

Спортпен айналысқан бірер жыл ішінде Индира Назарбаеваның өмірі өте қатты өзгеріп кетті. Жаңа таныстықтар, табандылықпен жаттығу, жаңа мақсаттар мен міндеттер, алғашқы жеңістер. 2014 жылы ол спорт шеберіне үміткер атанып, бір жылдан соң шебер нормативін орындады.

- 2014 жылы біз Бурабайда өткен Қазақстанның Паралимпиада чемпионатына қатыстық. Индира ол жерде екінші орынды иеленді. 2015 жылы Павлодарда Қазақстанның ІV Паралимпиадалық ойындарында жеңімпаз атанды. Ол алған «алтынның» арқасында біздің команда пауэрлифтинг бойынша үздік команданың сегіздігіне кірді, - дейді Ильяс.

«ӨМІР КЕРЕМЕТ!»

Бүгінде Индира спортсыз өмірін елестете алмайтынын айтады. Қазір оның өзі де тәлімгер.

- Биыл біздің жаттықтыру залында нұсқаушы бапкер болып жұмыс істей бастадым. Тіпті, дипломы бар маман атану үшін колледжге де оқуға түстім.

- Сіз мүмкіндігі шектеулі жандарды жаттықтырасыз ба?

- Тек оларды ғана емес. Бізге тіпті мүгедектігі жоқ, жаттыққысы келетіндер де келеді ғой. Оларға да дәріс беремін, көмектесемін.

- Жақсы ынталандыратын шығарсыз?

- Бізге адамдар түрлі проблемамен, түрлі көңіл күймен келеді. Бәріне жол табуға тырысамыз. Әрине, нұсқаушы ретінде маған күмәнмен қарайтындар да кездеседі. Бірақ, жаттығу барысында олар өз пікірлерін өзгертеді.

- Сіздің басыңызға түскен ауыр жағдай сіздің өміріңізді қай бағытта өзгертті?

- Күлкілі естілетін шығар, бірақ, жақсы жағына қарай өзгертті. Бұрын менде не болып еді? Ауыр жағдайда жұмыс істеп, үй мен жұмыстың ортасында жүретінмін. Енді өмірге басқаша көзбен қарадым. Әрине, үлкен қиындықтармен бетпе-бет келуге тура келді. Оңай болмады, дауласпаймын. Бірақ, кімге оңай? Басым аман, жүре аламын, көре аламын, ести аламын, өсіп, дами аламын, басқалардың да дамуына көмектесе аламын. Бұл керемет қой! Өмірде бұдан басқа не керек?

Тамара СУХОМЛИНОВА

8 желтоқсан 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.