Атырау, 20 сәуір 17:49
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Рақымшылық туралы заңның ерекшеліктері қандай?

2 477 просмотра

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы қабылданып, Сенатқа жіберілді. Бұл заң жобасын Бас прокуратура дайындаған болатын. BAQ.kz тілшісі жалпы отырыстан кейін Бас прокурор Жақып Асановтан осы заң жобасы туралы сұраған еді.

«Бұл заңның бірнеше ерекшелігі бар. Бұған дейін рақымшылық туралы 8 заңды Парламентке Үкімет енгізген. Бұл жолы Елбасының өзі ұсынды. Бұл, ең алдымен, Мемлекет басшысының гуманистік ниетін көрсетеді. Екіншіден, рақымшылық жасаудағы мақсатымыз түрмедегілердің санын азайту емес. Ондай қажеттілік те жоқ. Өйткені, 25 жылдың ішінде түрмеде отырғандардың саны үш есеге азайды. Егемендіктің алғашқы жылдары еліміздің түрмелерінде 100 мың адам отырған еді. Қазіргі таңда колонияларында, тергеу абақтыларында 36 мың адам отыр.Тек төрт жылдың ішінде 30 мыңға азайды. Үшіншіден, бұған дейін жасалған 8 рақымшылық әрі кетсе ауырлығы орташа қылмысқа ғана қолданылатын еді. Егер Елбасы қол қойса, бұл жолы ауыр және аса ауыр қылмыстағыларға да жеңілдік жасалады», - дейді Ж.Асанов.

Оның айтуынша, рақымшылық туралы заң қабылданса, барлығы бірдей бостандыққа шықпайды екен. Тек өтелмеген мерзімдерінің бір бөлігі ғана қысқарады.

«Жалпы, рақымшылық 28 мың адамға қолданылуы мүмкін. Бірақ ең көп дегенде, әрі кетсе 1500 адам ғана колониядан шығады. Оның өзінде жазадан толық құтылмайды. 1500-дің 1200-не басқа жаза қолданылады. Олар пробацияға деген қызметтің бақылауында болады. Ал қалған 300-і ұсақ қылмыс жасағандар, әлеуметтік жағынан әлсіз адамдар, балалы әйелдер, жасөспірімдер, 60 жастан асқан ер адамдар. Аса ауыр қылмыс жасағандар түрмеден, колониядан шықпайды. Олар сол жерде қалады. Тек өтелмеген мерзімдерінің бір бөлігі қысқарады», - дейді Бас прокурор.

Дереккөз: BAQ.kz

7 желтоқсан 2016, 11:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.