Атырау, 25 сәуір 01:12
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

​«ІІБ-9» ісі: «Басшылық Өтеуовті үлгі ететін»

Сурет
3 735 просмотра

Манарбек Өтеуов. Сурет "АЖ" мұрағатынан алынған.

5 және 6 желтоқсанда Манарбек ӨТЕУОВТІҢ «әшкере» хатынан кейін қылмыстық істер қозғалған Атырау қалалық ІІБ-нің 9 полицейіне қатысты кезекті сот отырысы өтті. Олардың барлығы үйқамақта отыр.

5 желтоқсанда дәлелдерді бұрмалады және лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыпталып отырған сотталушы Әзидолла БАЯНОВ сотқа төмендегілерді баяндады. 2015 жылдың жазында ол Манарбек Өтеуовтен (Баянов сол кезде оның қарауындағы кіші жедел қызметкер болған және ресми түрде бұл қызметке кіргеніне бір айдан сәл астам уақыт болған) қылмыскерлерді ұстауға шығатынын біледі. Біраз уақыт өткеннен кейін өз агенттерінің көрсетуімен олар Балықшыдан көліктерінен марихуана табылған үш жігітті ұстайды. Әрі қарай Баянов оқиғаны әрең дегенде айтып шықты: ұсталғандарды Өтеуовтің көлігіне отырғызған соң, арада болған диалогтардың барлығы есінде қалмапты.

Сотта Жанат МОЛДАХАНОВ анағұрлым әңгімешіл болып шықты. Ол іс бойынша куәгер ретінде өтуде және 2015 жылдың шілдесінде ұсталғандардың қатарында болған. Оның айтуынша, Өтеуов үшеуін куәландыруға апаратындығын білдірген, алайда олар мәселені «басқаша» шешуді ұсыныпты. Өтеуов сол сәт 500 мың теңге өтем сомасын атаған. Бірнеше сағаттан кейін туыстары мен достарынан ақша жинап берген соң ұсталушыларды босатып жіберген.

Баянов төрағалық етуші судья Дәуренбек ДАУМОВТЫ бүкіл соманы Өтеуовтің өзінде қалдырғанын, ал ол тек өз көлігіне қосалқы бөлшек алу үшін «тәлімгерінен» 20 мың теңге қарызға сұрап алғанын, оны кейін қайтарғанын растады.

Судья: - Сіз Өтеуовті пара алудан айнытуға тырыстыңыз ба, содан кейін жоғары сатыдағы басшылыққа жүгіндіңіз бе?

Баянов: - Жоқ.

Судья: - Сіз өзіңіз логикалық түрде ойлап көріңіз. Өтеуовтің әрекеті заңсыз екені ақымақ адамға да түсінікті ғой.

- Сол кезде мен заңды түрде жасап тұрмыз деп ойладым, ол кезде менің тәжірибем жоқ еді және мен қазір ғана өз кінәмді сезініп тұрмын.

- Сіз көліктен түсе алатын ба едіңіз? Өтеуов жібермеді ме, күшпен ұстады ма?

- Жоқ, - Баяновтың жауабы әзер естілді.

Өз кезегінде Манарбек Өтеуов хатында басқалардың қатарында бұрынғы қарамағындағы қызметкерлерді текке атамағандығын растады:

- Әрине, Баянов кінәлі, ол ұстау кезінде және одан кейін не болып жатқанын сезінді.

6 қарашада сот отырысы ұзақ уақыт бойына көрісе алмаған қызымен жүздесу жөніндегі Өтеуовтің өтінішімен басталды. Сот оның тілегін қанағаттандырды, алайда баланың психикасын жараламау үшін тергеу изоляторында кездесуге тыйым салды.

- Сотта, үзіліс кезінде кездесуге болады, - деп хабарлады судья Дәуренбек Даумов.

Содан кейін лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды және қызметтік жалғандық жасады деп айыпталған бұрынғы жедел уәкіл -сотталушы Азамат ДОСТАНОВТАН жауап алу басталды. Ол сөзін күтпеген жерден бастады:

- Бізге басшылық: «Сендер ұйықтап жүресіңдер, ал ол қара тер боп жұмыс жасайды, көрсеткіштері де жақсы», - деп үнемі Өтеуовті үлгі етіп отыратын. Ал ол шынымен де бәрін қамтып, жұмысы қайнап жататын.

Осы сөздерден кейін залда отырғандардың күлкілері естілді, Өтеуов те өзін ұстай алмай, қатты күліп жіберді. Жалпы, бұл күні оның көңіл күйі көтеріңкі болғандай көрінді. Алған соққыларының іздерін көрсетіп, содан кейін өзін нашар сезінген соң залдан қолтықтап шығарған алдыңғы отырыспен салыстырғанда, мүлдем қарама-қайшы күйде еді.

…Әрі қарай Достанов сотқа қылмыстарды бұрмалау үшін және әрі қарай оны «ашу» үшін Өтеуовтің жасанды адамдары болғанын хабарлады. Ол мұны өткен жылы пәтер ұрлығын тергегеннен кейін түсінген. Оқиға болған жерге келген Достанов астаң-кестеңі шыққан пәтерден жас қожайын әйелді көрген. Зардап шегуші ешқандай эмоция білдірмеген және мән-жайды айтудан бас тартқан. Содан кейін өз күйеуіне қоңырау шалатынын айтып, онымен бірер ауыз сөйлескен соң, тұтқаны полицейге берген. Тұтқаның ар жағындағы Манарбек Өтеуов екен.

- Ол маған ұрының ұсталғанын және менің бөлімшеге қайтқаным жөн екенін айтты. Мен мұның Манарбектің пәтері екенін түсіндім, бірақ мені «тонаушы бұл жерге қалай жеткен?» деген басқа сұрақ мазалады. Есік сынбаған, ал балкон арқылы бұл жерге кіру мүмкін емес еді, ол үшін өрмекші адам болу керек.

Ұрлық болған күні ұсталған пәтер ұрысы Мейрамбек ТҰРСЫНОВ деген біреу болып шықты. Оны Өтеуовтің «сиқырлы таяғы» деуге болады, қалай дегенмен де, Өтеуовтің хаттамаларында оның аты-жөні жиі «бой көрсетеді».

Тақырыпты Баянов жалғастырды. Оның айтуынша, 2015 жылдың жазында Өтеуов белгіленген жерге Александр САМСОНЕНКО дегенді жеткізуге бұйрық береді. Көлікте Өтеуов Баяновтан оның жеке ұялы телефонын алып, ұрлық туралы ресімдеуді сұрайды. Тиісінше, ұры Самсоненко, ал зардап шегуші, Баянов кейінірек білгендей, ескі танысы Мейрамбек Тұрсынов болған. Әрі қарай тараптар ымырыласқан соң іс жабылған.

Мәлік ҒАББАСОВҚА қатысты хикаяларға жеке көңіл бөлген жөн. Бұл куәгер сотқа Өтеуовпен тығыз байланыста болғанын және оның жұмысына көмектескенін хабарлады. Ол ресми түрде ішкі істер органдарының қатарында ешқашан болмаған, бірақ оның жедел уәкіл куәлігі мен ұзақ уақыт бойына киіп жүрген формасы болған.

Ғаббасов: - Бөлім аумағына еш кедергісіз кіріп жүрдім, ешкім мені тоқтатпады, керек адамдарды ұстауға көмектестім, заңсыз жүргендерді ұстадық...

Судья: - Сізге жалақы төленген жоқ, жұмыс өтілін жинаған жоқсыз, ендеше сіз мұны неге жасадыңыз? Куәлік үшін бе?

Ғаббасов үндемеді, сол кезде оған Өтеуовтің өзі сұрақ қойды:

- Сен қазір жедел уәкіл болып жұмыс істеп жүрсің бе?

Ғаббасов әзілді түсінбегендей, «Жоқ» деп жауап берді.

- Ендеше мен шыққанша күте тұр, тағы да бірге жұмыс істейтін боламыз! – деді де күліп жіберді Өтеуов.

Келесі отырыс 8 желтоқсанда өтеді.

Марат ТАКУЛИН

7 желтоқсан 2016, 11:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.