Атырау, 24 сәуір 05:12
 ашықВ Атырау +22
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

​Іскер әйелдер жетім балаларды өз қамқорлығына алады

2 328 просмотра

Атырау облысында өткен жылдың жазында басталған «Жанашыр» әлеуметтік жобасы жалғасын тапты. Облыстағы Іскер әйелдер кеңесі Сабыр Қазыбаев атындағы балалар үйінің 25 тәрбиеленушісін өз қамқорлықтарына алды.

Естеріңізге салсақ, «Жанашыр» корпоративтік әлеуметтік қамқорлық жобасы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қолдау көрсеткісі келетін компаниялар үшін 2015 жылдың 1 маусымында таныстырылған еді. Идея мынадай: ұжым баланы өз қамқорлығына алып, оны үш бағыт: тәрбие, білім және әлеуметтік қолдау бойынша өмірге жетелейді. Яғни, компания қызметкерлері баламен бірге демалыс және мереке күндерін өткізуге, онымен бірге араласуға, кеңестер беріп, қамқорлық көрсетуге міндетті. Оқудан бос уақытта балалар ересектерге көмектесе алады – компания балаларды өз қызметімен таныстырып, олардың қолдарынан келетін жұмыстарды орындауға жиі тапсырма беріп тұрады. Ұжым музыка немесе білім алу курстарына, спорт үйірмелеріне қатысқысы келетін балаға қолдау көрсете алады. Ең бастысы – бұл болашақта жұмысқа орналасуға кәсіпорыннан көрсетілетін көмек болып табылады. Сондай-ақ, интернат түлегі әрі қарай өзіне баспана сатып ала алуы үшін жоба аясында компанияларға банктерден тұрғын үй депозитін ашу ұсынылады. Жалпы, заң бойынша интернат мекемелері түлектерінің тегін баспана алуға құқықтары бар. Бірақ іс жүзінде бұл үнемі жүзеге аса бермейді. Сондықтан «Жанашыр» жобасы керек-ақ: мамандығын алып, жұмысқа орналасқаннан кейін жас маман баспана алуға – ұжым бастапқы сомасын жинап беруге көмектескен соң баспана алуға үміттене алады.

Өткен жылы «Жанашыр» жобасының аясында балалар үйінің екі тәрбиеленушісін «АМӨЗ» ЖШС мен «Атырау Су Арнасы» КМК өз қамқорлығына алған еді.

- Бүгінде мемлекет жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға көп көңіл бөлуде – олар тамақпен, тұратын жермен қамтылған, арнайы есепшотқа оларға «Бөбек» қорынан қаржылар аударылады, оларды баспана алуға кезекке қояды. Бірақ, балалар әлдебір материалдық игіліктерге ғана емес, жылы қабаққа, сүйіспеншілік пен мейірімге зәру. Біз де олардың жақын адамы, аналары болуға тырысамыз, - дейді Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Әлия БЕКҚОЖИЕВА.

Осы жоба аясында Іскер әйелдер кеңесі, білім беру басқармасы және Сабыр Қазыбаев атындағы балалар үйі арасында «Жанашыр» ұжымдық әлеуметтік қамқорлық туралы меморандумға қол қойылды: кеңес мүшелері балалар үйінің тәрбиеленушілерінің бірлескен демалысын ұйымдастыруға, олардың интеллектуалдық дамуына, спортпен айналысуына, әлеуметтік-тұрмыстық бейімделуіне жағдай жасауға міндеттеледі. Бұдан басқа, Іскер әйелдер кеңесінің құрамындағы мүшелердің барлығы бизнес өкілдері болғандықтан, олар тәрбиеленушілерді кәсіптік бейімдеуге белсенді қатысуға әзір екендіктерін білдірді. Атап айтқанда, балалар үшін бизнес нысандары бойынша таныстыру экскурсиялары ұйымдастырылады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

5 желтоқсан 2016, 15:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.