Атырау, 19 наурыз 13:04
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 449.30
€ 489.69
₽ 4.89

Үш мердігер және жүздеген миллион теңге

3 184 просмотра

Ал Индер ауданындағы Құрылыс, Ынтымақ, Аққала ауылдарында ауыз сумен қамту мәселесі әлі шешілген жоқ.

Аталған үш ауылға ауылішілік су құбырларын 2008-2009 жылдары «Строймонтаж» ЖШС жүргізген болатын. Алайда, су тазарту қондырғысының (СТҚ) құрылысы қаржылық себептерге байланысты 2013 жылға дейін кейінге қалды. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша Ынтымақ, Құрылыс, Аққала ауылдары үшін бюджеттен 790 млн теңге бөлінген болатын. Су тазарту қондырғысының, резервуардың құрылысын және ауылішілік су құбырларының салу жұмыстарын «Алтын СуАтырау» ЖШС жалғастырды. Бірақ, бұл мердігерді де ауыстыруға тура келді.

- ЖШС жұмыстарды аяқтай алмай, нысанды тапсыру мерзімін созып алды. Біз Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арыз бердік. Соттың шешімімен «Алтын СуАтырау» ЖШС жосықсыз қатысушылар тізіміне енгізіліп, 250 мың теңге айыппұл арқалады, - дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Бауыржан ИМАНҒАЗИЕВ.

ЖШС-тің үстінен еңбекақыларын ала алмай жүрген жұмысшылар да сотқа жүгінген.

Қазір су тазарту қондырғысының, резервуардың және ауылішілік су құбырларының құрылысын «Алау-Жайық» ЖШС жүргізуде. Бұл жұмыстарға бюджеттен 24 млн теңге бөлінген болатын. Бұл жалпы бюджеттің бес пайызы ғана.

- Біз 20 қазаннан бастап жұмысқа кірістік. Үш ауылда 15 шақты адам жұмыс жасауда. Қазір ғимараттың ішкі жұмыстарын жүргізудеміз, кейін сыртқы жұмыстарға көшеміз. Жылдың аяғына дейін барлық обьектілерді тапсыруға тырысамыз, - дейді «Алау-Жайық» ЖШС-нің директоры Жасұлан СЕЙІТҚАЛИЕВ (суретте).

Құрылыс бөлімінің басшысы Б. Иманғазиевтің ақпараты бойынша, құрылыстар біткен соң, нысандар ауылдық округ әкімдігінің балансына беріледі.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

24 қараша 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.