Атырау, 29 наурыз 17:37
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

​«Жер митингілері» туралы іс: Прокурор Макс Боқаев пен Талғат Аяновқа 8 жыл жаза беруді сұрады

Толықтырылды Сурет
13 763 просмотра

21 қарашада №2 қалалық сотында Макс Боқаев пен Талғат Аяновтың ісін қарау жалғасып, тараптардың жарыссөзі өтті. Прокурор Қасым Сыдықов сөз алып, сотталушылардың кінәсі толықтай дәлелденгенін мәлімдеді. Өйткені, 24 сәуірде тәртіпсіздіктер орын алған жағдайда алаңда жүрген демалушылар мен жүргіншілер, сонымен қатар шағын бизнес нысандары зардап шегуі мүмкін еді. Сондай-ақ, Боқаев пен Аяновтың келісіп әрекет еткендігі де дәлелденді.

Қ. Сыдықовтан кейін прокурор Марат Хабибуллин сөз алды:

- Іс материалдарында жинақталған барлық дәлелдерге баға беріліп, зерттелді. Мемлекеттік айыптаулар позициясы – сотталушылардың кінәсі толықтай дәлелденді... Тергеу және сот барысында Боқаев пен Аянов өз кінәларын толық мойындамады, бірақ бұл – олардың қылмыстық жауапкершіліктен құтылу әрекеттері.

Прокурорлар екі сағаттан артық уақыт ҚР ҚК-нің 174-бабы 2-тармағы, 274-бабы 4-тармағы және 400-бабы бойынша Боқаев пен Аяновтың кінәсін дәлелдейтін дәлелдерін санамалап шықты. Негізінен әлеуметтік желілердегі сотталушыларды жазбалары туралы, сонымен қатар куәгерлер ТӨЛЕШОВ, ЕСІЛБАЕВ, БЕКБАУОВТЫҢ жауаптары туралы айтылды.

Прокурор Макс Боқаев үшін 174-баптың 2-тармағы бойынша – 8 жыл, 274-баптың 4-тармағы бойынша – 7 жылға бас бостандығынан айыру, ал 400-бап бойынша – 3 жыл мерзімге қоғамдық қызметпен айналысу құқығынан айырумен қатар, 250 мың АЕК көлемінде айыппұл жазасын сұрады. Прокуратура Боқаев үшін «қылмыстар жиынтығы бойынша қатаңдығы жеңілірек жазаны анағұрлым қатаң жазаға сіңіру жолымен», яғни, жалпы режимдегі колонияда 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды талап етті.

Прокурор, сонымен қатар Талғат Аянов үшін 174-баптың 2-тармағы бойынша – 6 жыл 8 айға, 274-баптың 4-тармағы бойынша – 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру және 400-бап бойынша - 3 жыл мерзімге қоғамдық қызметпен айналысу құқығынан айырумен қатар, 250 мың АЕК көлемінде айыппұл жазасын сұрады. «Қылмыстар жиынтығы бойынша жазаларды біріктіру арқылы» жалпы режимдегі колонияда 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды талап етті. Бұл жерде прокурор Хабибуллин айыптау позициясын былай түсіндірді: Аяновқа қатысты жеңілдететін жағдайлар ескерілсе (кішкентай балалары бар болғандықтан, оған 6 жыл 8 ай мерзім сұралған) де, оның кінәсін ауырлататын жағдайлар анықталған – ол Төлешовтен наразылық акциясын ұйымдастыруға ақша алған. Сондықтан айыптау тарапы соттан «жазаларды ішінара біріктіру арқылы» Аяновқа 8 жыл мерзім белгілеуді сұрап отыр.

Жарыссөзде қорғау тарапынан Макс Боқаевтың адвокаты Нұрбике ЕСКЕНДІРОВА сөз сөйледі. Ол айыптау тарапының өзінің қорғалушысының кінәлі екендігін бұлтартпайтын дәлел ұсынбағанын мәлімдеді. Оның әрекетінен қылмыс құрамының болмауы салдарынан адвокат соттан ақтау үкімін шығаруды өтінді.

Өз ағасының қорғаушысы Жанаргүл БОҚАЕВА мен Талғаттың адвокаты Төлепқали АЯНОВ та осылай деді.

Сот отырысы аяқталарда адвокат Төлепқали Аянов Ж.Боқаевадан ноутбукты сұрап алып, 31-арнаның үш репортажын жіберді. Онда алдағы 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап, бір миллион гектар жерді жалға беру туралы айтылады. Осылайша қорғау тарапы жерді шетелдіктерге сату және жалға беру тақырыбының алауыздық туғызды деп айыпталып отырған сотталушы белсенділердің әрекеттеріне қарамастан митингке дейін көп уақыт бұрын қоғамда талқыланғанын көрсетті. Прокурорлар қорғау тарапының осы әрекеттеріне қарсы наразылық білдірді. Сонымен қатар, естеріңізге салсақ, өткен отырыстарда судья Г.Дәулешова адвокат Аяновтың бұл репортаждарды қарау туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан болатын. Бұл жолы судья кедергі келтірмеді, бірақ содан соң:

- Жарыссөзде сот процесінде зерттелген дәлелдерге ғана сілтеме жасауға рұқсат етілетінін жақсы білесіздер, - деді.

Адвокат Т.Аянов та Макс Боқаев пен Талғат Аяновқа тағылған айыптаулардың заңсыз екенін айтып, айыптау өкілдерін оларды «қылмыстық жауапкершілікке заңсыз тартқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке» тартуға уәде берді.

Сотталушылар тараптардың жарыссөзіне қатысудан бас тартты. Алайда оларға ұсынылған соңғы сөз құқығын пайдаланып, өте қысқа да нұсқа сөйледі. Макс Боқаев қылмыстық істің 73 томын макулатура деп атап, бұрынғышa шетелдіктерге жерді сатпау және жалға бермеу жөніндегі өз сөзінде тұратынын қайталады.

Талғат Аянов та айыптауды заңсыз деп есептейтінін мәлімдеді.

- Менің ар-намысым таза, мен кінәлі емеспін, - деді ол.

Шамамен үкімді судья Г.Дәулешова 28 қарашада сағат 10.00-да жариялайтын болады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген автор

21 қараша 2016, 15:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.