Атырау, 23 сәуір 11:14
 бұлттыВ Атырау +26
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Слекишина ісі: Айыпталушы Хакимов 9 жылға сотталды

2 712 просмотра

Фото: SputnikАлматының Түрксіб аудандық сотында "түрмеде зорланып, бала тапқан" тұтқын Наталья Слекишинаның ісі бойынша үкім шықты. Азаттық тілшісінің хабарлауына қарағанда, іс бойынша сотқа тартылған бұрынғы түрме қызметкері Руслан Хакимов "адам зорлады, азаптады және қызмет бабын асыра пайдаланды" деп айыпталып, тоғыз жылға сотталды. Судья Айсара Жылқыбаева Хакимовтың дүние-мүлкін тәркілеп, әскери шенінен және мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыруға үкім кесті,- деп хабарлады Азаттық.

Кеше Слекишинаның адвокаты Айман Омарова Хакимов соттағы соңғы сөзінде тұтқынды зорлағанын терістеп, "жыныстық қатынас ерікті түрде болғанын" қайталағанын айтқан. Хакимов "адам зорлады" және "азаптады" деген айыптарын терістеп, "қызмет бабын асыра пайдалану" айыбын ғана мойындаған.

Омарова Азаттыққа тоғыз жыл мерзімді аздау деп санайтынын, бірақ сот үкімін заңды деп санайтынын айтты. Ол үкімге шағымдануды әлі ойластыратынын айтты. Адвокат Қазақстан орындауға міндетті халықаралық келісім бойынша, түрмеде зорлаудың азаптаумен тең екенін айтып, мемлекетке қарсы түрмедегі тұтқынның қауіпсіздігін қорғай алмады деп шағымданатынын айтты.

Бұған дейін прокурор Хакимовты аталған үш бап бойынша айыпты деп танып, 10 жылға соттауды сұраған.

Бұған дейін Слекишина өзіне қысым көрсетіліп, тергеу кезінде айтқан сөздерін мәжбүрлі түрде өзгерткенін айтқан. Бұдан соң Алматы қаласының прокуратурасы Слекишинаның шағымы бойынша тексеру бастаған.

Наталья Слекишина 2015 жылы Алматыдағы қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ЛА-155/18 түрмесінде қамауда отырғанда өзін бір топ адам зорлады деп мәлімдеген. Слекишина бұдан соң жүкті болып, қыз туғанын айтқан. Сараптама нәтижесінде дүниеге келген сәбидің әкесі осы түрме қызметкерлерінің бірі екені анықталған. Күдікті ретінде түрменің төрт қызметкері тергелген.

Дереккөз: Аzattyq.org

30 қыркүйек 2016, 10:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.