Атырау, 25 сәуір 04:40
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Бапкер Сүлейменовтің жігерлі жастары

3 442 просмотра

Біздің бүгінгі әңгімеміз дзюдодан жастардың облыс құрамасының аға бапкері Қуаныш СҮЛЕЙМЕНОВПЕН (суретте) өрбімек.

«ҚАНАТТЫҢ ҮМІТІМДІ АҚТАЙТЫНЫНА СЕНЕМІН»

- 2014-15 жылдары жастар арасында Қазақстан чемпионы болған және биылғы жылы күміс жүлдегер атанған менің оқушым Қанат Сейілхан осы жылы үлкен жетістіктерге жетті. Наурыз айында Германияда болған ірі халықаралық «Мастерс Бремен» турнирінде ол бес жекпе-жек өткізіп, оның барлығы «иппон» әдісімен бағаланып, жеңіске жетті. Ал сәуірде Қанат дзюдо отаны Жапонияда Қазақстан құрамасының оқу-жаттығу жиынына қатысты. Сондай-ақ, шілдеде венгерлік Пакш қаласында болған Еуропа кубогінде барлық қарсыластарын тізе бүктіріп, алтын медальді иеленді. Кейін ол Алматы түбіндегі Қазақстан құрамасының «Тау-Самал» таулы базасында жаттығу жиындарына қатысты. Одан әрі жаттығулар «Бағанасыл» спорттық базасында Қазақстан мен Әзірбайжан құрамаларының бірлескен жиынында жалғасты.

Қуаныш Сүлейменов

Қыркүйекте Қанат Үндістанның Кочи қаласына жастар арасында өтіп жатқан Азия чемпионатына қатысу үшін құрама командамен бірге ұшып кетті. Жас дзюдошылардың әлемдік рейтингінде ол барынша жоғары болып есептелетін 17-ші орында, бұл оған жекпе-жегін екінші айналымнан бастауға мүмкіндік берді, ол боз кілемде Қытай өкілі Тайпейді «иппон» әдісімен жеңіп кетті. Кейін жартылай финалда бір ғана «юка», яғни, бір ұпайға бола айырмашылықпен Иран өкілінен жеңіліп қалды. Ал «қола» үшін болған жекпе-жекте Қанат өзбекстандық қарсыласынан басым болды. Бұл оның Азия чемпионатындағы екінші қола медалі. Ол мұндай жетістікке өткен жылы Бангкокте өткен Азия чемпионатында жеткен еді.

- Бірнеше жылдан бері Қанаттың жеке бапкері болып келесіз. Ол бұл спортқа қалай келді?

- Қанат бізге 2004 жылы 10 жасында №1 олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінен (Авангард) келді. Ол өте талапты және еңбекқор. Тек сондай спортшыларға ғана спорттық шыңдарды бағындыруға болады. 2013 жылы ол жасөспірімдер арасында еліміздің чемпионы атанды, сол жылы Испания қаласы Малагада өткен Еуропа кубогінде «күміс» медальды қанжығасына байлады. Оның медалінің саны қисапсыз көп...

Таяу күндерде Семейде ересектер арасында Қазақстан чемпионаты басталады. Бұл Қанаттың ересектер санаты бойынша алғаш рет бақ сынауы болмақ. Біз одан сөзсіз «алтын» күтеміз. Мен өз тәрбиеленушіме сенгендігім соншалық, Қанат Қазақстан құрамасының ересектер санатына кіргендей сенімді түрде айтып отырмын.

Қанат Сейілхан

«БАЛАЛАР ҮЗДІК ӨНЕР КӨРСЕТЕ АЛАДЫ ЖӘНЕ ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУГЕ ТИІСТІ»

- Үміт күттіретін дзюдошылардан кімдер жасөспірімдер құрамынан жастар құрамына келді?

- Олар: өткен жылғы әлем чемпионы Айболат Ыстыбаев, Райымбек Ашықбаев және Қайырберді Айдынбай. Қазан айында олар Варшавада өтетін Еуропа кубогіне аттанбақ. Фархад Серіков - жастар арасында Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері. Айболат пен Фархад та Бремен, Венада және Паксе қалаларында өткен жарыстарға қатысты, бірақ, медальға қол жеткізе алмады. Мен балалар сабырлылық танытып, жаттығуларда көрсетіп жүрген шеберліктерін жарыстарда көрсете білсе болды, деп ойлаймын.

- Алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Қазір біз келесі жылы Ақтауда ақпан айында өтетін Қазақстан чемпионатына дайындалып жатырмыз. Ал биылғы жылы қазан айында Қызылордада ірі республикалық турнир болады. Біз онда жасөспірімдер құрамынан ересектер санатына өткен спортшыларымызды сынап көреміз, одан кейін оқу-жаттығу жиындарында жіберген қателіктерімізді түзетуге жұмыстанамыз. Жазда Якутияда өткен «Азия балалары» халықаралық турнирінде жүлдегер болған Серікболсын Шынтас, Жәнібек Тельман, сондай-ақ, жасөспірімдер арасында еліміз чемпионы атанған Манас Қайырбаевтардың жастар құрамына өтуін тағатсыздана күтіп жүрміз. Осы сәтті пайдаланып мен Атырау облысында дзюдоның дамуына қолдау танытқаны үшін облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекетке алғысымды білдіргім келеді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суреттер Қ. Сүлейменовтікі

29 қыркүйек 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.