Атырау, 29 наурыз 12:01
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Ақша құнсызданып, баға шарықтап барады

6 632 просмотра

Өткен жыл біздің көпшілігіміз үшін бағаның көтерілуімен есте қалды. Бюджет қызметкерлерінің еңбекақылары 30 пайызға көтеріледі деп уәде етілген қарсаңда ең маңызды азық-түліктердің бағасы биліктің үнсіз келісімімен көз алдымызда өсуін жалғастыруда. Бағалар болса көтеріліп кетті, ал жалақыға үстеме тек шілдеде ғана қосылмақ.

Бір қызығы, бағаның өсуіне қарамастан инфляцияның ресми пайызы, керісінше, нөлге түсіп кетті. Атырау облыстық статистика департаментінің мәліметтері бойынша, қараша айында инфляция 0,6 пайыз, ал 2010 жылдың желтоқсанында 0,4 пайыз құраған. Олай болса, біздің әрбіреуіміз өткен айда арзандау болғанын байқауға тиіс едік. Өйткені инфляция тұтынушының баға индексінің өсуімен өлшенеді.

Бұған дәлел ретінде Атырау облыстық статистика департаментінің 2010 жылдың желтоқсанындағы баспасөз релизінің мәліметтерін келтірейін: «Нан өнімдері мен жарма өнімдерінде – 0,6 пайызға, қарақұмық жармасына – 10,1 пайызға, арпа жармасына – 4,2 пайызға, бөлке және кондитерлік өнімдерге – 1,1 пайызға бағаның өсуі байқалды. Май мен жұмыртқаның бағасы – 7,5 пайызға, қышқыл сүт өнімдері – 1 пайызға, балық пен теңіз өнімдері – 0,5 пайызға, теңіз өнімдері – 0,1 пайызға көтерілген.

Фармацевтикалық препараттардың, жуатын және тазалайтын құралдардың бағасының өсуі 0,1 пайыз құраған. Дизель отыны 0,7 пайызға, бензин 0,1 пайызға қымбаттаған».

Инфляция қандай әдіс бойынша есептеледі? «Біздің елімізде тауар мен қызметтердің 508 түрінің бағасына бақылау жасалады, - дейді Атырау облыстық статистика департаментінің баға статистикасы басқармасының бастығы Күнсұлу ЕСҚАЛИЕВА. – Тізімге 167 азық-түлік тауарлары, 257 азық-түлік емес және 84 ақылы қызмет кіреді. Бағалар Атырау қаласында, Жылыой мен Құрманғазы аудандарында тіркеледі. Бағаны зерттеумен біздің бөлімнің мамандары айналысады, бізде барлығы 8 адам жұмыс істейді. Оның 6-уы  дүкендерді аралап, бағаларды тіркейді. Әрине, олар көп болуы тиіс. Инфляцияны біз өзіміз есептемейміз, облыс бойынша мәліметтерді ғана жинақтап, оларды орталыққа жолдаймыз».

Салыстыру үшін: Ақтөбе облысында бағаны тіркеумен 20 маман айналысады екен.

Атырау облыстық статистика департаментінің мәліметтері бойынша, 2010 жылдың басында нан өнімдері мен жарма өнімдері 0,2 пайызға, қарақұмық жармасы – 137,8 пайызға, бөлке және ұннан жасалатын кондитерлік өнімдер – 5,5 пайызға, майлар – 17,1 пайызға, сүтқышқылды өнімдер – 4,6 пайызға, ет өнімдері – 12,4 пайызға, фармацевтикалық препараттар – 14,6 пайызға, жуатын және тазалайтын құралдар – 5,3 пайызға, дизель отыны – 14,3 пайызға, бензин - 13,6 пайызға көтерілген. Суға, электр энергиясына және газге тарифтер 11,8 пайызға өскен. Теміржол жолаушылар тасымалдау қызметі 11,4 пайызға қымбаттаған.

Әрине, бұл цифрлар –  орташа алған бағалар ғана. Нақты бағалардың қалтамызды қағары сөзсіз. Жаңа жыл алдындағы ет бағасының келісі 650-ден 1300 теңгеге дейін көтеріліп кеткені естеріңізде шығар. Үкімет еліміздің бірнеше қаласында орын алған өзіне түсініксіз осынау көріністі зерттеуді, сондай-ақ нан-бөлке өнімдерінің, өсімдік майларының және жармалардың бағасының көтерілуіне қатысты ахуалға тексеру жүргізуді енді ғана қолға алмақшы. Бұл ауыл шаруашылығы министрінің Қазақстанның астық қоймаларының толы екендігіне сенімді боп отырған кезінде орын алған жайт.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

13 қаңтар 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.