Атырау, 29 наурыз 15:25
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Әлеуметтік көмек «оңтайландырылады»

4 633 просмотра

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлы Хабиева

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап табысы күнкөріс минимумының жартысынан төмен отбасылар үшін атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) көрсетудің жаңа тәртібі енгізіледі.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлы ХАБИЕВА хабарлады. Әңгіме қазіргі уақытта төленетін әлеуметтік көмектің үш түрін – атаулы әлеуметтік көмек, 18 жасқа дейінгі балалары бар аз қамтылған отбасылар үшін мемлекеттік балалар жәрдемақысы және көп балалы аналарға берілетін ай сайынғы жәрдемақыны оңтайландыру туралы болып отыр.

«САҚАЛДЫЛАР» ТУРАЛЫ МӘСЕЛЕ

Жәрдемақы әр отбасы мүшесі үшін төленетін болады. Бірақ еңбекке қабілетті, жұмысы жоқ отбасы мүшелері жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысуы шарт. Көмек екі түрге бөлінеді – шартталмаған және шартталған ақшалай.

Шартталмаған ақшалай көмек - құрамында еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасыларға ұсынылатын болады. Мәселен, мүгедектер, 80-нен жоғары жастағы қарт зейнеткерлер отбасына немесе еңбекке қабілетті мүшелері дәлелді себептер бойынша (әйел 7 жасқа дейінгі баланы бір өзі тәрбиелейтін болса) жұмысқа орналаса алмайтын отбасыларға. Мұндай отбасылар үшін жәрдемақы алу үшін жұмыспен қамту шараларына қатысу міндетті емес.

Шартталған ақшалай көмек отбасы құрамында кем дегенде еңбекке қабілетті бір мүшесі бар отбасыларға ұсынылып, шарт қойылады: олар әлеуметтік келісімшарт жасап, міндетті түрде оларды жұмысқа орналастыруға бағытталған шараларға қатысуға міндетті. Мәселен, қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарына баруы немесе жұмыспен қамту органдарының жолдамасымен жұмыс жасауы керек. Егер адам бірінші мәртеде жұмыспен қамту органдары ұсынған жұмыстан бас тартатын болса, онда отбасының ересек мүшелеріне берілетін жәрдемақы екі есе қысқартылады. Екінші мәртеде бас тартса, жәрдемақы беру тоқтатылады. Бірақ кәмелетке толмаған балаларға бұл ереже қолданылмайды, оларға бұрынғыша жәрдемақы төлене береді.

Бұл жаңа өзгерістер арқа сүйейтін әдетті жоюға бағытталған. Кейбір адамдарға жылдар бойына мемлекеттің жәрдемақысын алып, жұмыс жасамаған қолайлы. Міне, мәселен, сақалды жастар жолдама бар екендігіне қарамастан өздерін жұмысқа қабылдамайтындығын айтады. Бірақ сақал деген міндетті киім үлгісі емес қой. Мұсылманның бес парызы бар, бірақ сақал олардың қатарына кірмейді. Отбасын асыраушылар ең алдымен балалары туралы, оларды барлық қажеттілікпен қалай қамту керектігін ойлауы тиіс. Сондықтан адамдар өз алдарына дұрыс жол қоя білуге тиіс, өзін ойламай, отбасы үшін жұмыс істеуге міндетті, - дейді Нұрлы Хабиева.

39 МАЙДАНГЕР ЖӘНЕ ЕКІ ЖЕСІР

Әзірге жәрдемақы бұрынғыша төленеді. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті төлеуге Атырауда ағымдағы жылы 54 млн 118 мың теңге бөлінеді, жыл басынан бері 325 отбасы 34,4 млн теңге алды. АӘК әр отбасы мүшесінің нақты табысы мен белгіленген кедейшілік шегінің арасындағы айырмашылыққа тең. Бұл көрсеткіш 2016 жылдың ІІІ тоқсанында 8 708 теңгеге тең болды, яғни 21 769 теңге құрайтын күнкөріс минимумының 40 пайызы.

18 жасқа дейінгі балалары бар аз қамтылған отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 39 млн 96 мың теңге бөлінеді. Сегіз айдың қорытындысы бойынша осындай 1 075 отбасы 33,8 млн теңге алды. Әр сәбиге бір АЕК мөлшерінде жәрдемақы тиесілі.

Аз қамтылған отбасыларға сонымен қатар жергілікті бюджеттен тұрғын үй көмегі тиесілі. Осы мақсатта 2016 жылы 15 млн теңге бөлінді, жыл басынан бері 450 отбасы 13 млн-нан астам теңге алды.

Бұдан басқа, жергілікті бюджеттен Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен Ауғанстандағы әскери іс-қимылдарға қатысушыларға ай сайын 15 мың теңге мөлшерінде әлеуметтік көмек төленеді. Қазіргі уақытта бізде 39 соғыс ардагері мен 273 ауған соғысына қатысушы сарбаз бар. Ай сайын «Қажырлы еңбегі үшін» медалімен марапатталған тыл еңбеккерлері (82 адам) мен қаза болған екі сарбаздың жесірі 10 мың теңгеден алады.

Мерекелік даталарға орай бір мәрте берілетін атаулы көмек соғысқа қатысушыларға, қаза болған сарбаздардың жесірлеріне, Ауғанстандағы іскери іс-қимылдарға қатысушыларға, Чернобыль АЭС-дегі апатты жоюшыларға, І-ІІІ топ мүгедектеріне, мүгедек балаларға, тыл еңбеккерлеріне, соғыс ардагерлеріне теңестірілген тұлғаларға тиесілі. Атырауда бүгінде 142 «чернобылдықтар», үш топтың 7 230 мүгедегі және 1200 мүгедек бала тұрады.

Жергілікті бюджет қаржысы есебінен бір мәрте берілетін материалдық көмек аз қамтылған отбасыларға және қиын өмір кезеңіне, мәселен, дүлей апат немесе өрт салдарынан ауыр кезге тап болған жекелеген азаматтарға тағайындалады. Мұндай көмектің шекті мөлшері – 1500 АЕК. Өткен жылдың мамырында күшті нөсер салдарынан тигізілген зиянға байланысты 29 адам жаңа үй салу үшін, 11 адам – үй құрылысын аяқтау үшін материалдық көмек алды. 32 отбасына бір мәрте материалдық көмек көрсетілді. Осы мақсатта 101 млн 172,5 мың теңге бөлінді.

Биылғы жылдың наурыз-мамырында Атырауда тағы бірқатар үйлер суға кетті. Бүгінде зардап шегушілерден 1 121 арыз түскен. Әлеуметтік комиссияның шешімімен 451 қала тұрғыны баспана салу үшін жалпы 1 млрд 312 млн теңге көмек алды, 72 адам жөндеу жүргізу үшін 88,5 млн теңге алды, 24 адам басталған үй құрылысын аяқтау үшін 10,4 млн теңге алды.

Құжаттар пакеті толық болмағандықтан, зиян шеккен үйлер мен пәтерлер олардың бірден бір баспанасы болмағандықтан, бұдан бұрын көмек алғандықтан және т.б. салдарынан қала тұрғындарының бір бөлігіне көмек беруден бас тартылды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор
22 қыркүйек 2016, 14:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.