Атырау, 23 сәуір 15:32
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +21
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Қай көшелер асфальтталады-2

3 259 просмотра

Маусым айында қалалық мәслихаттың сессиясында сол кездегі қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ 2016 жылғы Атыраудағы жол құрылысы туралы айтқан еді.

Ол осы қалалық бюджеттің қаржысы есебінен жалпы ұзындығы 67 км болатын 86 көше күрделі жөндеуден өткізілетіндігін хабарлады. Бюджет қаржысынан басқа ұзындығы 48,7 км 67 көшеге НКОК компаниясынан демеушілік қаржы бөлінбек. Бұдан басқа, ұзындығы 47,7 км болатын 78 көшенің жолдарын жөндеуге қазір ТШО-дан да ақша бөлінуде. Біздің тілшіміз сол кезде биылғы жылы асфальтталатын көшелер тізімі тендерлік процедуралар аяқталған соң бірден жарияланады деген әкімнің уәдесін алған еді. Біраз уақыттан кейін редакцияның электрондық поштасына алғашқы тізімдер келген болатын. Сондай-ақ, қала әкімі аппаратының жетекшісі Полымбет ХАСАНОВ былай деп хабарлады, биыл жол жөндеу жұмыстарына қаржы үш жерден бөлініп отыр: 4,6 млрд теңге көлемінде жергілікті бюджеттен, 4,7 млрд теңге ТШО-дан, 6,09 млрд теңге NCOC-дан. Мұнай компанияларының қаржысына асфальтталатын көшелер тізімін кейінірек ұсынуға уәде берді. Содан бергі аралықта қала әкімі ауысты. Біз жаңа әкімге тізімдерді жариялау қажеттілігі туралы хат жолдадық, бірақ хатымызға жауап ала алмадық. Бұл мәселенің көптеген қалалықтарды қызықтыратыны белгілі, күн сайын редакцияға жолға қатысты қоңыраулар көптеп соғылады.

Басқа дереккөздерден ақпараттар іздестіруге тура келді. Сөйтіп, біз «Атырауинждорстрой» жол-құрылыс компаниясының директоры Бөлек ӘЛМЕНБАЕВҚА хабарластық. Ол қалалық бюджет қаражатына салынып жатқан Еркінқала-1, Томарлы-1 поселкелеріндегі және Самал-1 ықшамауданындағы жол құрылысының аяқталғанын хабарлады. Қазір компания 1,1 млрд теңге көлемінде NCOC компаниясынан бірінші траншқа тендерді жеңіп алды. Бұл ақшаға Томарлы поселкесіндегі №4, 10, 14, 16 көшелер және Балауса елді мекеніндегі №11 және 39, Самал-2 ықшамауданындағы №28, Мұнайшы ықшамауданындағы Огородная көшесі және Привокзальныйдағы №24 мектеп маңындағы алаң асфальтталатын болады. Бүгінгі күні Томарлыдағы №10, 16 көшеге, Самал-2 ықшамауданындағы №28 және Балаусадағы №39 көшелерге асфальт төселді. Компания қыркүйекте барлық жұмысты аяқтауға уәде беріп отыр.

Б. Әлменбаев жол құрылысына NCOC компаниясының тағы да 1,8 млрд теңге және 2,2 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлуге ниеттеніп отырғандығын хабарлады. Ол, сондай-ақ, ТШО тарапынан бөлінетін қаржы мен мерзімдері туралы хабарсыз екендігін айтты.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

26 тамыз 2016, 16:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.