Атырау, 29 наурыз 19:50
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Ақылы балабақшалар туралы

3 461 просмотра

Менімен шамалас қазақстандықтар өздерінің балабақшаға барған сәттерін әлі ұмыта қоймаған болар. Ерте тұрып, аздап «Қайырлы таң» телебағдарламасынан мультик қарап, жүрдім-бардым таңертеңгілік асын ішіп жүгіретін.

Тәрбиешілермен және өз құрдастарыммен кездесуге мен қуана баратынмын. Әкемнің үлкен алақанынан қалай ұстағанымды және Шығыс Қазақстан облысындағы өз туған ауылым Феклистовка селосының көшесімен мақтана кетіп бара жатқаным әлі күнге көз алдымда. Ойын бөлмелері, кейін мектепте де парталас болған балалардың жүзі, қатаң тәрбиешілер бәрі де есімде. Бізді бордақылағандай етіп тамақтандырды. Ет, көкөністер мен жемістер көл-көсір болды, азық-түлікпен колхоз қамтамасыз етіп отырды, ал қазір сол колхоздан босаған базалар мен қаптай өскен шөптер ғана қалды.

Қазір менің өзім бақытты әкемін, қызым балабақшаға барады. Алайда, балабақшамыз ақылы. Атырауда ақылы балабақшалар баршылық, оларды табу қиын да емес, бірақ олардың бағасын айтсаңыз, әрине, қалтаға соғары анық: айға 60-80 мың. Біз де біраз іздестіріп, әйтеуір дегенде барынша үнемділеу дегенін таптық десем болады. Дегенмен, маған олардың ақысының неліктен соншалықты қымбат екендігін білу қызықты болды, бұл туралы мен өз қызым баратын балабақшаның қожайынымен әңгімелестім.

Осыдан бір жыл бұрын Ольга өзінің қала орталығындағы екі қабатты коттедж үйін балабақшаға орайластырып, қайта жабдықтап алған. Топтарды жасақтауға үш ай уақыт кетті. Қазір олардың саны екеу, әрқайсысында 15 баладан бар: кіші топта жас жарымнан екі жарым жасқа дейінгі балалар, орта топта – екі жарым жастан төрт жарым жасқа дейін. Ата-аналар бір айға 40 мың теңге төлейді. Қожайынның мойынында еңбекақы (аспаз, бала күтушілер, тәрбиешілер, дәрігер), коммуналдық қызметтер, азық-түлік (бұл жерде күніне 5 рет беріледі) шығындары бар. Дегенмен, таза табыс айға 700-800 мың теңгеден шығып тұр.

Ольга өзімен салыстырғанда басқа ақылы балабақшалардың неге қымбат екендігін айтып берді. Өйткені, кәсіпкерлердің көпшілігі ғимараттарды жалға алып отыр. Ол үшін оларға ай сайын 500 мыңнан 800 мыңға дейін төлеуге тура келеді. Көпшілігі соны төлеп те отыр, мұны ол өзгелерден естіп емес, өз басынан өткерген соң айтып отыр. Бірнеше жыл бұрын ол жалға алушының кебін киіп көрген. Бір көргенге пысық деген адамдар оған айға 400 мың теңге төлеген, бірақ, жарты жыл да болмай жабылып қалған.

Мен балабақшамен танысуға келген жас ата-аналардың қандай нәрсеге назар аударатындығын сұрадым, бірінші кезекте оларды ас мәзірі, бөлмелердің жабдықталуы, қызметкерлердің тәжірибесі, қауіпсіздік шаралары қызықтырады. Дәрігердің бар-жоғын сұрайды, ауладағы балалар алаңын мұқият қарап шығады. Осынау бизнестен қомақты қаржы тауып отырса да мен Ольганың жүзінен қуаныш көре алмадым. Оның себебін ол былай деп түсіндірді:

- Балабақшаны ұстау үшін зор күш керек және ол барынша жүйкені жұқартатын жұмыс. Бүгінгі күннің адамдары заңды жақсы біледі, біздің тарапымыздан қандай да бір қателіктер кетсе, соттан қашып құтыла алмайсың. Тағы бір мәселе - білікті қызметкерлерді табу оңай емес. Бізге поштаға ондаған түйіндемелер келеді, біз әрине, олармен әңгімелесу жүргіземіз, алайда, олардың жас шамаларына біздің көңіліміз толмай қалады. Өйткені, көбіне келетіндер жас қыздар, оларға бөтен біреудің баласын сеніп тапсыру қиын. Бөбектердің артынан ілесе жүгіріп отыру керек, бірде олардың бабын тапсаң, керек жерінде қатаңдау да болу керек. Жасы үлкендеу әйел адамдардың бұл қолынан келеді, өйткені олардың өзі екі-үш баланың аналары.

Әрине, ақылы балабақшалар мемлекеттік балабақшаларға қарағанда ата-аналар үшін қолайлы. Алайда, оның ақысы кез келген отбасыға оңайға соқпайды, - дейді менің әңгімелесушім. Жеке балабақшаларда әрбір балаға көңіл аударылады, өйткені топтағы баланың саны аз. Және айталық Ольганың балабақшасында және басқаларында да ата-аналардың жұмыс кестесіне қарай икемделеді. Қажеттілігіне қарай баланы кейде өздері үйіне жеткізіп салады. Оның жоспарында түнгі ауысымды да енгізу бар: өз балаларын түнде де қалдыруға ниетті ата-аналар көп.

Марат ТАКУЛИН

25 тамыз 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.