Атырау, 28 наурыз 23:05
 бұлттыВ Атырау +4
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Сәтбаев көшесіндегі №5 үй тұрғындарына қауіп төніп тұр

3 863 просмотра

Бұл жайлы редакцияға Сәтбаев көшесі, №5 үйдің 9-подъезд тұрғындары атынан хабарласқан 74 жастағы Шархат УЗБАЕВА  әжей  мәлімдеді. Олар пәтерлеріне келіп тұрған суды екі ай бойына  пайдалана алмай отырған көрінеді. Оның айтуынша, краннан аққан су да, кранның өзі де қол ұстатпайды, ток тартады. Әсіресе, бұл жұмыс күндері байқалады.

«Балалар тіпті қолдарын жуа алмай отыр. Токтан қорқып, дірілдеп, ваннаның ішіне тостаған құйып жуып жүр. Содан біле беріңіз. Қалаған уақытымызда душқа түсе алмаймыз. Ал ваннаға түсуге жүрегіміз шыдамайды. Жаңа жыл мейрамында берілген демалыс күндері тыныш болды. Ток соққан жоқ. Жұмыс күндері кешкісін-ақ ток сап тыйылады. Меніңше, кім болса да, үкіметтің тогын ұрлап отырған мекеме сияқты» дейді әжей. Әжейдің өзі болса қазір сырқат. Ерекше күтімді қажет етеді. Омыртқасынан жарық шыққан. Ол осы үйде 1985 жылдан бері тұрып келеді. Дәл мұндай жағдаймен бірінші рет кездесіп отыр. Аталмыш үйдің 9-подъезімен бітетін жағында бірінші қабатта «Гүлмаржан» сән үйі жұмыс істейді. Шархат әжей краннан бойындағы токты осы ательеден келіп отырған болар деп ойлайды. Алайда, нақты дәлелі жоқ. Екі ай бұрын олар бұл мәселені өздерінің «Быт-сервис» ПИК-не, жаңа жыл алдында ғана «Атырау-Жарық» ЖШС-не де хабарлаған. Аманқос есімді ПИК слесарі де токты байқап, шошыған. Оның алдында Шархат әжейдің қызы кранға индикаторды жақындатқан кезде бойында токтың бары анықталған. Осылайша ПИК өкілдері жағдайға қанық болғанымен, оның тарапынан ешқандай шара алынбағанын айтады әжей. Алайда, ПИК төрайымы Шолпан ТОҚСЕЙІТОВА судан келген токқа қатысты ешқандай жазбаша арыз түспегенін айтады. Десек те, қарызы бар пәтерлерге қызмет көрсетпейміз деп отыр. Және, кейбір пәтерлер батарея арқылы ток ұрлайтын кездері болатынын түсіндірді. Сондай пәтерлер Сәтбаев көшесіндегі дәл №5 үйден шықпағанымен, ПИК балансындағы үйлердегі бес пәтерден анықталғанын жеткізді. Одан бөлек, ол жертөле суға толып кеткен жағдайда да ток соғу жайттары кезігеді дейді. Ал тұрғындар хабарласқан «Атырау-Жарыққа» қарасты «Энергосату» ЖШС-нің 5-ші бөлімшесінің аға бақылаушысы (ол есімін көрсетуден бас тартты) пәтерлерді тексергенде токты жерден қосу, жерге тұйықтау (заземление) болмағанын айтты. Бірақ, тағы да тексереміз деді. Себебі, кей пәтер иелері есік ашпайды, мүмкін үйде де болмайтын шығар деп жауап берді. Ал сол «Энергосату» ЖШС-і №5 бөлімшесінің инженері Василий (тегін көрсетпеді): - «Гүлмаржан» сән үйіне ток ұрлап не керек, онда бар болғаны санаулы ғана тігін машинасы жұмыс істейді, тоңазытқыш қоспайды, көп токты қажет етпейді, - дейді. - Сәтбаев көшесінің бойындағы №5 үйдің өзі жаңа емес. Ол үйдің подъездеріндегі электр желілерінің қалқанын (щит) ең алдымен ПИК тексеруі керек. Тұйықталу, қысқару дегендер содан белгілі болады ғой. Ал біз заңды тұлғаларды негізсіз тексере алмаймыз. Жалпы, қазір бұл үйдің пәтерлерін рейдтік тексеру үстіндеміз.

Артынша Шархат әжейдің пәтерін тексерген электр мамандары судан ток келіп тұрғанына анық көздері жеткен соң, акт толтырып, кілтипан төменгі қабаттардағы біреулерден келіп отыр деген болжам жасапты. Біз келесі күні «Гүлмаржан» сән үйіне жолығып, оның директоры Марс ШУДАБАЕВАМЕН тілдестік. Ол бізге де ешқандай ток ұрлап отырмағанын және сол 11-қаңтар күні таңда «Атырау-Жарық» ЖШС өкілдері келіп тексеріп, ештеңе таба алмағандарын айтты. Сонымен бірге, электр мамандары аталмыш үйдің төменгі қабаттағы пәтерлерін тексеруге кеткенін жеткізді.

Осы жағдайға байланысты біз заңгердің пікірін білгенді жөн санадық. Адвокат Александр РОТЕНБЕРГ былай дейді:

- Осы үйді электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған мекеме («Атырау-жарық» ЖШС-А.А.) өкілдері еш жерден ток қосу белгісі жоқтығына көздері жетсе, бір жерден электр тогы кетіп отырғандығы туралы акт толтырып, осы үйге коммуналдық қызмет көрсетіп отырған ПИК-ке анықтау туралы нұсқама беруі шарт. Егер  ПИК «Атырау-Жарықпен» бірге жерге токты қосуды анықтау туралы келісім-шарт жасап, жұмысын орындамаса, тұрғындар сотқа арыз бере алады. Өйткені, тұрғындардың өміріне қауіп төніп отырғаны анық».

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

13 қаңтар 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.