Атырау, 25 сәуір 19:13
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Қой өсірушілерді палатаға шақырады

5 253 просмотра

Атырауда Республикалық қой өсірушілер палатасының төрағасы Тынышбай ДОСЫМБЕКОВТІҢ жергілікті фермерлермен кездесуі өтті.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен бір айға жуық уақыт бұрын құрылған ҚР Қой өсірушілер палатасы еліміздегі асыл тұқымды қой шаруашылығын сұрыптаумен және дамытумен айналысатын болады. Қазіргі уақытта палата төрағасы өңірлерді аралап жүр.

- Қазір елімізде 17 млн қой бар. Оның 789 мыңы (5%) – қой шаруашылығы технологиясын толық көлемде сақтап отырған ірі ауылшаруашылығы кәсіпорындарында. 35% – ұсақ фермерлерде және 60% - жеке үй-жайларда, - деп хабарлады Досымбеков. – Қойлардың басым бөлігі тұрғындардың меншігінде болғандықтан, елді мекендердің төңірегіндегі жерлер азуға бейім. Ауылдағы әр үйдің малын санап, ал қалғандарын жайлауға шығаруды реттейтін нормативтік актілер енгізу керек деп есептеймін. Ауыл тұрғындарының малы күзде үйлеріне оралу үшін шалғайдағы жайылымнан мал бағатын кооперативтер ұйымдастыру керек.

Қазақстан қазір жылына 165 мың тонна қой етін өндіреді (1990 жылы 284 мың тонна болды). 2020 жылға қарай үкімет осы цифрды 188 мың тоннаға дейін көбейтуді жоспарлап отыр. Ол үшін қой шаруашылығын дамыту бағдарламасы әзірленді.

Оның айтуынша, ҚР-да қой еті экспортталмайды деуге болады. Бірақ міндетті түрде әлемдік нарыққа шығу керек. Ол үшін тауар – ет, жүн, елтірі сапасының біркелкі болуына қол жеткізу керек. Бұл қолдан ұрықтандырусыз жүзеге аспайды. Бұдан басқа, әр ауылдық округте әр қойды тани алатын ветеринар болатындай етіп жасау керек.

- Қазір әлемде қой етіне сұраныс көп, - дейді Досымбеков әсерленіп. – Мәселен, Тайландта вакуум орамадағы бір келісі 30 доллар тұрады. Қытайда қой еті анағұрлым арзан. Қазақстанға бұл саланы дамыту қажет. Оның үстіне, қойдың 77 пайызы етті-майлы бағытта өсіріледі.

Облыстық ауылшаруа-шылығы басқармасы басшысының орынбасары Серік СӘРСЕКЕНОВТІҢ айтуынша, Атырау облысында 675 мың қой бар, ал 1982 жылы - 1 млн 168 мың, 1993 жылы 1 млн 340 мың болды. Өткен жылы облыстық әкімдік мал шаруашылығын қолдау үшін 705 млн теңге субсидия берді. Биыл бұл цифр 1,3 млрд теңгеге дейін көбейді.

Қорытындысында Досымбеков аграрлық қызметкерлерге белсенді түрде қой өсірушілер палатасына мүше болуды ұсынды.

Рас, бұл үшін кіру жарнасын төлеу керек - әр қой үшін 150 теңге (осы сөзден кейін мал өсірушілер бірден жалыға бастады). Бірақ биыл жарна міндетті емес, деп уәде берді Досымбеков. Асыл тұқымды малдың әрқайсысын тіркегені үшін тек 200 теңгеден төлеу керек.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

18 тамыз 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.