Атырау, 29 наурыз 18:24
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

40 жылғы ғимараттар тұр, ал жаңасы құлап жатыр

Сурет
3 637 просмотра

10 тамыз күні облыстық әкімдікте өткен кеңесте облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ өңір бойынша жұмыс сапарының қорытындысын жасады. Ол 15 күн ішінде жеті аудандағы 68 елді мекенге барып, 194 нысанның жұмысымен танысты. Нәтижесінде 223 шешім қаралып, қабылданды.

БҰРЫН ҚҰРЫЛЫС САПАСЫ ЖАҚСЫ ЕДІ

Өңір басшысы өзіне ауыл тұрғындары жиі жүгінетін мәселелерді айтты. Бірінші проблема – бұл ауыз судың тапшылығы. Кейбір ауылдарда, мәселен, Құрманғазы ауданының Азғыр ауылында суды әлі күнге дейін автокөлікпен тасиды. Құрманғазы ауданының Жыланды ауылында су тазарту қондырғысын салу басталды, бірақ аяқталған жоқ. Жылыой ауданының Тұрғызба ауылында және Индербор поселкесінде бұл қондырғылар бар, бірақ нашар жұмыс істеп тұр. Кей жерлерде тазартылған су әр үйге дейін жетпейді, басқаларында резервуарлар істен шыққан.

Содан соң жолдар. Тұрғындарды республикалық маңызы бар Ақтөбе-Атырау, Атырау-Астрахан трассаларын, облыстық маңызға ие Сағыз-Миялы-Қарабау-Индер тас жолын жөндеудің қашан басталатыны алаңдатады. Атырау-Индер жолы сапасының нашарлығына шағымдар түсті.

Махамбет ауданының тұрғындары аудан орталығында Жайық көпірінің құрылысын аяқтау мерзімдері туралы сұрады.

Мәселелердің үшінші блогы әлеуметтік инфрақұрылыммен байланысты. Атап айтқанда, Құрманғазы ауданындағы мектептер мен дәрігерлік амбулаториялар, Индер ауданындағы жатақхана әбден ескірген. Әкім өз орынбасары Әлібек НӘУТИЕВКЕ әр нысан бойынша ұсыныстар әзірлеуге тапсырма берді.

Соңғы кездері жүргізілген әлеуметтік нысандарды салу және жөндеу сапасы туралы айтқанда, облыс басшысы былай деді:

- Исатай ауданындағы Хамит Ерғалиев атындағы мектеп 1966 жылы салынды, бірақ ғимарат өте жақсы күйде. Ал Тайсойған ауылындағы жаңа мектеп пен Махамбеттегі «Алтынай» балабақшасы ешқандай сын көтермейді. Неліктен бұлай деп сұрасам – маған бес жылдан кейін күрделі жөндеу жүргізуге болады деп жауап береді. Жаңа нысанды жөндеу керек деген қайдан шыққан?

Әкімнің айтуынша, ауыл мектептерінің кейбір директорлары тіпті биыл бюджеттің 1-4 сынып оқушыларын, сонымен қатар, әлеуметтік осал топтардан шыққан 5-11 сынып оқушыларын ыстық тағаммен қамтуға қаржы бөлетінін білмейді де. Тиісінше, олар асханалар әзірлеуге көңіл бөлмеген.

Сапар барысында облыста 3-4 жылдан бері тұрған және пайдалануға қабылданбаған спорттық кешендер бар екені анықталды. Өңір басшысының пікірінше, жергілікті әкімдер мен тиісті басқармаларда өзара әрекеттестік жоқ екені айқын. Олар жауапкершілікті бір-біріне аударып тастауға тырысады. Егер олар шешім қабылдау үшін өздеріне жауапкершілік алмаса, өз орындарында не үшін отыр? – дейді әкім.

«БАҒДАРЛАМАЛАР БАР – ПАЙДАЛАНЫҢЫЗДАР»

Биыл ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға қаржылар бөлінді: 21 040 партаны сатып алуға 314,9 млн теңе, 1 848 мектеп тақтасын сатып алуға 46,2 млн теңге, 3 158 компьютер алуға 631,6 млн теңге, 48 химия кабинетіне құрал-жабдықтар сатып алуға 350,4 млн теңге.

Аудан орталықтарында типтік емханалар ғимаратының бос тұруына байланысты оларды анағұрлым тиімді пайдалану ұйғарылды: Мақаттағы емхананы ауруханаға айналдырады, ал Аққыстаудағы бұрынғы емхана ғимаратына туберкулез диспансерін көшіреді. Құрманғазы және Жылыой аудандарының тұрғындары облыс әкімінің сапары барысында мәдениет үйлерін, ауыл клубтарын, дәрігерлік амбулаторияларды, балабақшаларды салу қажеттігі туралы айтты. Құлсарыдан вокзал ғимаратын салу қажет.

Ауыл тұрғындарын электрмен және газбен қамту мәселелері бұрынғыша өзекті. Жел мен жаңбыр салдарынан электрмен қамту жүйесі жиі ажыратылады, ауылдар бірнеше күн жарықсыз отырады. Сондықтан тұрғындар өздеріне автокөтергіштермен көмектесуді өтінді. Исатай ауданының Исатай ауылы мен Құрманғазы ауданы Қиғаш ауылының тұрғындары пайдаланатын тораптар «ҚазақстанТемірЖолының» құзырында. Облыс әкімі «Атырау Жарық» өкілдеріне осы торапты өз баланстарына алуға тапсырма берді.

Әкім, сонымен қатар, ауылдағы кәсіпкерлікті қолдау туралы айтты:

- Әр ауданның өз ерекшеліктері бар, бизнесті соған сәйкес дамытуға болады. Ауылдағы бизнесті мемлекеттік қолдаудың бірқатар бағдарламалары бар. Республикалық және жергілікті бюджеттен көмек алуға мүмкіндік бар, алайда облыстық басқармалардан да, жергілікті әкімдерден де, неліктен екені белгісіз, сұраныс түспей отыр. Кездесу кезінде бизнесті дамытуға мүмкіндік жоқ деп бәрі шағымданады, ал бар мүмкіндікті пайдалануға асықпайды.

Балықшылар әкімнен балық аулау маусымын анағұрлым ерте мерзімге ауыстыруды қолқалап өтінді. Ресейліктерде балық аулауға салынған тыйым ертерек алынады – нәтижесінде бар жақсысы көршілерге тиеді.

Облыс әкімі біздің балықшыларымыздың тілегі премьер-министрге жеткізілетінін және ол бұл мәселені мемлекетаралық деңгейде шешетін болады деп сендірді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті Атырау облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынды

11 тамыз 2016, 16:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.