Атырау, 17 сәуір 03:29
 ашықВ Атырау +20
$ 448.81
€ 476.82
₽ 4.77

«Жатақханадан жатақханаға көшпейміз»

Сурет Бейнежазба
3 523 просмотра

Көп жылдар бойына Говоров, 12 мекен-жайындағы жатақхана тұрғындары қоныс аударамыз деп күткен еді. Алайда ұсынылып отырған баспана оларды қуантып отырған жоқ.

ҚЫРҚЫНШЫ ЖЫЛДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ

Бұл жатақхананың жайын әлденеше рет жазған едік. 1944 жылы салынған ескі жатақхана тұрғындарына билік әлденеше рет жаңа баспана ұсынуға уәде еткен еді. Алайда жеме-жемге келгенде кедергілер пайда болады. Ақыр аяғында судың, кәріздің жоқтығынан, әлсін әлі жарық пен жылудың ажыратылып қалуынан, антисанитариядан, сырқат балалардың жанында егеуқұйрықтардың жүгіріп жүретіндігінен шаршаған жандар бүкіл инстанцияларға шағымданды.

2009 жылдың қарашасында олардың хаты, тіпті, елбасының тікелей желісіне түсті. Келесі күні «говоровтықтарға» әкімдік өкілдері келіп, құжаттарды жинауды тапсырып, маусым айында Алмагүл-2 ықшамауданынан пәтерлер беруге уәде етті. Оның үстіне, тіпті, болашақ апартаменттерін де – алты қабатты үйлердегі балконы жоқ мансард пәтерлерді көрсетіп, жазбаша келісімдерін беруді ұсынды. Содан кейін, Алмагүл-2-дегі алты қабатты үйлердегі пәтерлер бәріне жетпейтін болып, оларға 2010 жылдың қарашасында Нұрсая ықшамауданынан баспана беретін болды. Біздің газетіміздің сауалына қалалық билік 2011 жылы Нұрсая ықшамауданындағы жаңа коммуналдық үйлерге көшіру жоспарланғанын айтты.

Содан соң аяқ астынан ешкімді ешқайда көшірмейтіндігі анықталды. Өйткені, ғимаратты күреу емес, оны терможаңғырту бағдарламасы бойынша күрделі жөндеу туралы шешім шығарылыпты. Әрине, тозығы жеткен үй тұрғындарының ешқайсысы мұндай іске келіспеген. Нәтижесінде 2014 жылы облыстық мәслихаттың 22-ші сессиясында бұл үй 2014-2020 жылдар кезеңінде Атырау қаласындағы апатты және тозығы жеткен жатақханаларды, үйлерді күреу жөніндегі облыстық бағдарламаға енгізілді. Жатақхананы 2019 жылы күреу жоспарланды.

Сәл кейінірек тұрғындарды қуантты: мұнша ұзақ уақыт күтуге тура келмейді, жобалау құжаттамасына сәйкес, үй 2016 жылдың аяғында құрылысын аяқтау жоспарланып отырған АМӨЗ-дің мұнайды терең өңдеу кешенінің санитарлық-қорғау аймағына кіреді.

ТКШ ЖИНАЛЫСЫ

Алайда билік ұсынған нұсқа бәріне бірдей ұнай қоймады. 2 бөлмелі пәтер иелері тең бағалы баспанаға көшуге әзір. Ал бір бөлмелі пәтер иелерінің бәрі бірдей келіспей отыр. 4 тамызда қалалық ТКШ бөлімінің ғимаратында тосын ұйымдастырылған жиналыста олар өз дәлелдерін айтты.

– Пәтерлер отбасы құрамы бойынша бөлінбейді. Бөлме саны бойынша жүргізіледі. Көп жыл ішінде отбасымыздың кеңейіп, балаларымыздың өскені есепке алынбай отыр.

Біздің көпшілігіміз бір бөлмеде ересек, кәмелетке толған балаларымызбен бірге тұрамыз. Мен баспана кезегінде ұзақ тұрдым, 2002 жылы маған осы жатақханадан бөлме беріп, кезектен алып тастады. Хабиева маған сол кезде – бұл үйді күрейді, сонда дұрыс пәтер аласыз деген еді. Ал мен ересек балаларыммен бірге тағы да жатақханаға көшетін болып шықтым және менің алаңды кеңейтуге ешқандай үмітім жоқ, - деп Мархабат БАЙШАҚОВА өз ренішін жасыра алмады.

Тұрғындар арасында пәтер алуға кезекке тұрғандар бірен-саран. Олардың барлығы жатақхананы күреу кезінде өз тұрғын үй жағдайларын жақсарта алатындығына сенімді. Жеңілдік бағдарламасы бойынша баспана алғысы келгендерге – олардың жекешелендірілген бөлмелері бар деген себеппен, өтініштерін қабыл алмаған.

«Абаттандырылған үй» деген атауына қарамастан, бізге көшуді ұсынып отырған Нұрсаядағы ғимарат – бөлмелері өте кішкентай 9 қатарлы жатақхана. Біз жобасымен танысу үшін әдейілеп бардық. Бөлмелері кәдімгі жатақханадағыдай ұзын дәліздің екі жағында орналасқан. Бұл нұсқа бізге емес, жас студенттерге лайықты. Біздің арамызда егде жандар, науқастар, жүрегі ауыратындар, туберкулезге шалдыққандар, мүгедек балалары бар жалғызбасты аналар бар, - дейді Юрий КОЛБИН.

Көп жылдар бойына бір үйде тұрған көршілер достасып кеткен және бір-бірінің талабына түсіністікпен қарайды: кешкілікте шуламауға тырысады, қарттар мен балаларға қарай тұрады. Қазір жаңа жатақханадағы көршілер түрлі болуы мүмкін деп қауіптенеді. Егер кәдімгі көп қатарлы үйлердің алаңында 2-3 пәтер болса, мұнда 10-12 пәтерден.

Мен бес баламды бір өзім тәрбиелеймін, оның екеуі мүгедек. Маған үйге оларға сабақ беру үшін мұғалімдер келеді. Ал бізде ешқандай жағдай жоқ. Баспана алу кезегіне 2011 жылы тұрдым, оны өте ұзақ уақыт күтуге тура келеді, - дейді Гүлбаршын.


«БҰЛ ЖАТАҚХАНА ЕМЕС!»

Қалалық ТКШ бөлімінің басшысы Серікбай ҚАЗИЕВТЫҢ айтуынша, «говоровтықтарға» ұсынылған үй – құжаттарға сәйкес жатақхана емес, жеделсатысы бар 240 пәтерлік үй. Әр пәтердің санитарлық торабы, асүйі бар. Бір бөлмелі пәтердің жалпы алаңы – 40 шаршы метр. Бұл үйде ескі жатақхананың қоныс аударушылары тұратын болады. Пәтерлер отбасы құрамы бойынша кезек тәртібімен бөлінеді екен. Ал тұрғындардың ешқайсысы кезекте тұрған жоқ. Күрелген баспананың орнына тең бағалы пәтерлер беріледі. Бұл пәтерлерді ұнатпағандар өтемақыны ақшамен ала алады. Өтемақы тәуелсіз сарапшылардың олардың баспаналарына жасаған бағалау құнының негізінде берілетін болады.

Шулы көршіден қауіптенетін көршілерді ол әр қабатта құқыққорғау органдарының үш қызметкері тұратындығын айтып жұбатты.

Тараптар ақыры келісімге келе алмады. Келіспегендер ұсынылған үйге көшуден бас тарту туралы хат жазып, оны қалалық әкімдіктің кеңсесіне қалдырып кетті.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті және бейнежазбаны түсірген Марат ТАКУЛИН
5 тамыз 2016, 15:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.