Атырау, 29 наурыз 03:30
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Орталық жастар мен асырап алушыларға көмек береді

2 869 просмотра

«Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» (ҚТҰ) жастар бірлестігі жастар мен бала асырап алушы ата-аналар мектебін қолдау үшін дағдарыс орталығын ұйымдастыру жөніндегі өз жобасын жалғастырды.

Естеріңізге салсақ, бұдан бұрын ҚТҰ Теңізшевройлдың көмегімен екі жыл бойы асырап алушы ата-аналар мектебі (ААМ) және түлектерді интернаттан кейін қолдау деген екі бағыттан тұратын «Жаңа өмір» жобасын жүргізген еді. Ал «Дағдарыс орталығы мен әлеуметтік қызметті ұйымдастыру» ҚТҰ мен Атырау облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бірлескен жобасы болатын. Енді жобаға тапсырыс беруші - облыстық білім беру басқармасы болып табылады.

Жұмыс істеген екі жыл ішінде Атырауда ААМ (елімізде алғашқы болды) жақсы тәжірибе жинақтады. Бұл жерде бала асырап алғысы келетіндер олармен қалай дұрыс тіл табысу керектігін, құжаттарды рәсімдеу проблемаларын қалай шешу қажеттігін біле алды. ААМ ашылған күннен бастап 60-тан астам ықтимал ата-ана оқытудан өтті. Түрлі үміткерлер келді - өз балаларын өсіріп-өндіргендер де, ата-ана болу бақытын сезіне алмағандар да болды. Психологтар оларға басымдықтарды жаңаша қоюға көмектесті. Өйткені, асырап алушылардың көпшілігіне дені сау, бес жасқа дейінгі кішкентай балалар, көбіне салмақты, жұмсақ мінезді қыз балалар керек еді. Ал балалар үйіндегі балалардың, жасөспірімдердің барлығы да ата-ана мейіріміне, қамқорлығына зәру. Үлкен балаларды асырап алудың өз артықшылықтары бар – олар тезірек өсіп, отбасы тірегіне айналады. Тек олармен тіл табысу қиындау.

Атырауға Ресейден мамандар келіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Ол жақта әлеуметтік қызметке жататын қамқорлық органдары жетекші рөл атқарады: олар проблемалы балаларды анықтап, оларға бүкіл құжаттар пакетін жинақтап, сонымен қатар, асыранды балалар баратын отбасыларға қолдау көрсетумен айналысады. Олар қайта ойланған ата-аналарға балаларына деген құқықтарын қалпына келтіруге көмектеседі. Асырап алынған бала қамқорлық органының есебінде қалады, өйткені 18 жасқа жеткенде олар жаңа баспана алуға немесе оған бекітілген баспананы қайтару үшін оларға қайта жүгінеді. Отбасы қызметінің тарамдалған жүйесі бар: отбасы мен балаларға әлеуметтік көмек көрсету орталығы, кәмелетке толмағандарға арналған оңалту орталықтары, жас балалары бар әйелдерге арналған қонақжайлар, мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған орталықтар.

Бізде Қазақстанда білім беру бөлімінде қызметкерлер штаты көп емес, олар бүкіл қажетті саланы қамти алмайды. Сондықтан биылғы жылдан бастап оларға, мемлекеттік тапсырыс аясында, мемлекеттік органдар мен асырап алуға үміткерлер арасында көпірге айналуға әзір қоғамдық ұйымдар көмекке келді. ААМ-не енді белгілі бір деңгейде білім беру жүйесінің жетекшілік етуінің артықшылығы да бар. Біріншіден, мамандар бала асырап алуды енді ойларына алғандарды емес, құжаттар тапсырғандарды ғана оқытуды ұсынады. Екіншіден, ААМ мамандарында бала асырап алған отбасылардың тағдырларына бақылау жасауға, ал қажет болғанда, оларға көмектесуге мүмкіндік болады.

Екінші бағыт – жастарға психологиялық, құқықтық көмек көрсету үшін дағдарыс орталығын ұйымдастыру және бүлдіретін әрекеттердің алдын алу. Бұл жерде психологтар, әлеуметтік жұмыс маманы, заң кеңесшісі жұмыс істейді. Олар психофизикалық күйзеліске шалдыққан жастарға, кәмелетке толмаған аналарға, жалғызбасты аналарға, толыққанды емес отбасынан, балалар үйінен шыққан балаларға және жас отбасыларға тегін көмек көрсететін болады. Балалар үйі тәрбиеленушілерінің өтініші бойынша оларға ата-аналары мен басқа туыстарын іздеуде заң көмегін көрсете алады.

– Бұл өте шетін мәселе, бірақ қалай дегенмен де, адамға өз тегін білу керек деп ойлаймын. Осылайша, оған өз отбасымен қауышуға мүмкіндік пайда болады. Мамыр айында бізде бір жағдай болды: қыз бала өзінің өгей апасын тауып алды. Ата-аналары қайтыс болған екен. Осылайша ол отбасының тарихын, өзінің туғандары бар екенін білді, - дейді жоба үйлестірушісі Нелли КУЛИКОВСКИХ.

Бұдан басқа, жастар үшін жеке кеңес беру мен тренингтік сабақтар қарастырылған.

Дағдарыс орталығы Азаттық даңғылындағы «Геотекс» ғимаратында орналасқан. Орталық жұмыс істеген алғашқы жылы оның мамандарына 300 адам, екінші жылы 400 адам жүгінген. Жастар көмек алу үшін телефонды қолданбай жеке және тікелей хабарласқанды жөн көреді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

28 шілде 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.