Атырау, 19 наурыз 12:52
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 449.30
€ 489.69
₽ 4.89

Тағы 100 млн бөлінсе, мектеп дайын болады

4 488 просмотра

Индер ауданы Құрылыс ауылында 100 орындық жаңа мектептің құрылысы осыдан екі жылдай уақыт бұрын салынған еді. Оны өткен жылдың желтоқсанында тапсыруы керек болатын. Алайда, құрылыстың созылып кетуіне байланысты жаңа оқу жылы әзірше ескі мектептің қабырғасында басталатын түрі бар.

Осы күнге дейін ауыл балалары осыдан 40 жыл бұрын салынған бастауыш мектептің ғимаратында оқуға мәжбүр. Негізгі ғимарат жанынан кейін қосымша құрылыстар жүріп, мұнда 140 оқушы екі ауысымдық негізде оқытыла бастады. Бірақ, айта кету керек, ғимарат 1976 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Санэпидстанса санитарлық ережелер мен нормалар бойынша мектеп ғимаратының жалпы білім беретін мектеп ғимаратының типтік жобасына сәйкес келмейтінін және мұндай ғимаратта оқушыларды қабылдауға болмайтыны жөнінде бірнеше рет ескерту берген. Бірақ оқушыларды оқытатын басқа орын табылмағандықтан осы күнге дейін пайдаланылуға мәжбүр болған еді.

100 орындық екі қабатты мектеп құрылысы КТК-К АҚ-ның қаржылай демеушілігімен жүріп жатыр. Мердігер – «Жер-Ана» ЖШС.

- Бір айдан кейін жаңа оқу жылы басталады. Қыркүйекке қарай жаңа мектепті пайдалануға тапсыруға үлгеруі екіталай. Кері ескі мектепке барамыз, қазір онда әктеу, сырлау, құлағанын жамау секілді жеңіл жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ол үшін бюджеттен 150 мың теңге бөлінген еді, - дейді М. Мөңкеұлы атындағы мектеп директорының міндетін атқарушы Аманқос ЖАПАРОВ.

Қазір жаңа мектеп ғимаратының бітпеген сыртқы және ішкі жұмыстары қалып тұр. М. Мөңкеұлы мектебінің директоры Роза РЫСБАЕВАНЫҢ пікірінше, құрылыстың кешіктірілуі мердігердің құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу кезінде жіберілген кемшіліктерінің кесірінен.

- Мен құрылысшы емеспін, бірақ алдын ала сақтанып, аудандық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Б. ИМАНҒАЗИЕВКЕ, облыстық құрылыс басқармасының басшысы Т. МАХУОВҚА құрылыс барысын қадағалауды сұрап, хат жаздым. Құрылыс басына облыс әкімі Н. НОҒАЕВ келгенде мектеп осы жаңа оқу жылына пайдаланылуға беріледі деп айтылды. Бірақ, ол қалай тапсырылады, егер әлі ішкі жұмыстары жасалмаса? Мен бір ай ішінде сыртқы түгілі ішкі жұмыстары бітеді дегенге сене алмаймын, - дейді Р.Рысбаева.

Ал «Жер-Ана» ЖШС-нің директоры Жұмабек ШАМЕНОВТЫҢ айтуынша, мектептің құрылысын жүргізуге арналған жобалық-сметалық құжаты 2011 жылы жасақталған, бірақ, осы жылдар ішінде бағалар қатты өзгерген.

- Біз бас мердігер болғанымызбен мектеп құрылысын біздің қосалқы мердігеріміз «БЕКиКо» ЖШС атқарып отыр. Басында мектеп құрылысына 250 млн теңге қаралған болатын, бірақ қазір біз құжаттаманы экспертизаға жібердік және бағаны қайта есептеуге сәйкес тағы қосымша 100 млн теңге бөлінуі тиіс. Сөйтіп, біз осы жылдың аяғында мектепті тапсыруға тырысамыз, - дейді Ж.Шаменов.

Ляззат КАРАЖАНОВА

28 шілде 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.