Атырау, 18 сәуір 09:28
 ашықВ Атырау +28
$ 448.89
€ 477.93
₽ 4.76

«Арнаулы автобаза» директоры: «Кейде күрексіз іс бітпейді»

4 283 просмотра

Соңғы кездері қала тұрғындарынан «Арнаулы автобаза» ЖШС жұмысына қатысты шағымдар жиілеп кетті. Қоқыс шығару, жеке секторда стихиялы қоқыс үйінділерінің пайда болу себептері және басқа да көптеген нәрселер туралы «Арнаулы автобаза» директоры Мұратбек МАХАНОВПЕН (суретте) әңгімелескен едік.

Міне, көп жылдан бері «Арнаулы автобаза» қаланы және қала маңындағы елді мекендерді санитарлық тазартумен, қатты тұрмыстық қалдықтарды және ірі габаритті қоқыстарды шығарумен, қоқыс орнын пайдаланумен, жуынды-шайындыларды, жаңбыр және еріген қар суларын тартып шығарумен айналысып келеді. Қаланы қоқыстар мен тұрмыстық қалдықтардан тазарту үшін жеті маршрут жасақталған. Механикалық тазарту алаңы 4,5 млн-нан астам, қолмен тазарту алаңы – 2,2 млн-нан астам шаршы метрді құрайды. Бүкіл қалдықтар шығарылатын қоқыс полигоны қаладан бес шақырым жерде орналасқан және 1977 жылдан бері пайдаланылып келеді. Осы уақыт ішінде онда 2 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтар жинақталған. Қоқыс қабатының биіктігі 12 метрді құрайды.

«ОТТЕГІ БОЛМАСА – ТҰТАНУ ДА ЖОҚ»

- 2014 жылы сіздің кәсіпорын меншік нысанын КМК-ден ЖШС-не ауыстырды. Айырмашылығы неде? Бұл кәсіпорын қызметіне қалай әсер етті?

- Шынымен де, біз жауапкершілігі шектеулі серіктестік болдық. Негізінде ештеңе өзгерген жоқ, өйткені бұл 100 пайыз мемлекеттік қатысы бар ЖШС. Жалғыз өзгешелігі - біз енді жеке кәсіпорындармен қатар Атырауды санитарлық тазарту қызметінің тендерлеріне тең дәрежеде қатыса аламыз. Кәсіпорын толықтай өз қаржысымен жұмыс істейді. Егер бюджеттен техника сатып алуға қаржы бөлінсе, онда оны қалалық ТКШ бөлімі алады, содан кейін бұл техника біздің балансымызға беріледі. Сонымен қатар, біз өз қаржымызға арнайы техника сатып алуға құқылымыз.

- Өз ақшаларыңызға сатып алған мүліктер бар ма?

- Өз қаржымызға кәсіпорынға қажетті автокөлік құралдарын, қолмен сыпыратын машиналар, қоқыс орнына таразылар сатып алдық. Қар тазартатын техника сатып алу жоспарымызда бар.

Біздің ерекше мақтанышымыз – өз қаржымыздың есебінен құны 35 млн теңге болатын экскаваторды сатып алғанымыз. Жалпы, біздің кәсіпорын үшін мұндай соманы бірден төлеу ақылға қонымсыз. Сондықтан біз бірден 20 пайызын төлейміз, ал соманың қалған бөлігін – жыл ішінде тең үлеспен төлейміз деп жазып бердік. Міне, өте қажетті агрегатты осылай сатып алдық. Бұрын біз «Атырау Су Арнасы» КМК-нен экскаваторды жылына 1 млн 700 мың теңгеге жалға алатынбыз. Енді өзімізде бар. Қазір ол қоқыс орнында пайдаланылуда және қалдықтардың тұтануына жол бермеуге көмектеседі.

Тұтануға келер болсақ – мен бұл мәселені ұзақ зерттедім. Бұрын қоқыс тек қатталатын. Кез келген шыны әйнек шыжыған күн сәулесі әсерінен лупа секілді күнге шағылысып, тұтануға қабілетті болады. Кейіннен бұдан шыққан өртті өшіру қиынға түседі. Мұндай алып аумақта әдетте өрт сөндіру гидранттарының көмегі аз. Сондықтан, тұтануға мүлдем жол бермеген жақсы. Біз қазір қазаншұңқырлар қазып, оған қалдықтарды қаттаймыз. Оларды бульдозермен жаншып, топырақ сеуіп тастаймыз. Осылайша қоқысқа оттегінің кіруіне кедергі келтіреміз. Оттегі болмаса – тұтану да жоқ. Нәтиже көп күттірмеді. Өздеріңіз ойлап қараңыздар: 2011 жылы 40 өрт, 2012 жылы 23, 2013 жылы – сегіз өрт оқиғасы тіркелді. Өткен жылы біреу болды. Биыл да біреу.

Бізді Атырауды тұншықтырып жатыр деп сынап, айыптап жатқан кезде, адамдар түсінсе екен деймін: мен де осы қаланың тұрғынымын, бұл жерде менің де балаларым тұрып жатыр. Олар да осы ауаны жұтады. Сондықтан осы проблеманы шешуге менің өзім де мүдделімін.

- Қазіргі қоқыс орны 40 жылдан бері қолданылып келеді. Ол өзін де, қалдықтарды көму тәсілдерін де сарқыды деп ойламайсыз ба? Қоқыс өңдейтін зауыт салу қажет деген әңгімелердің айтылғанына бірнеше жыл болды. Осы бағытта қадамдар жасалды ма?

- Жаңа қоқыс орны үшін Махамбет ауданынан жеті гектар жер бөлінді. Қазіргі кезде жаңа полигон салу туралы Дүниежүзілік банкпен және Еуропа қайта құру және даму банкімен келіссөздер жүргізілуде.

Ол жаңа сапа критерийлеріне сай келуге тиіс. Қоқыс орнына апарылмас бұрын қалдықтар сұрыптау цехтары арқылы өтуге, содан соң нығыздалып, көмуге жіберілуге тиіс.

Қазаншұңқырларға да қойылатын талаптар бар – оған мембраналық резіңке төселіп, газды бұрғышпен жарақталуы тиіс. Қоқысты көму қабатты бәліш принципі бойынша жүргізілуі керек – төменгі қабатқа биоқалдықтар, содан соң топырақ, құрылыс қоқысы, топырақ, содан соң қайтадан биоқалдықтар – осылайша қабаттар төселе береді.

Қазір жаңа полигон тұжырымдамасы әзірленуде. Сараптама, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жасалуы керек. Бұл едәуір кең көлемді жұмыстар. Жаңа полигон салумен қатар қолданыстағы полигонның топырақ құнарлылығын қалпына келтіру туралы мәселені шешу керек.

«БІЗ ЕСКІ ТЕЛЕДИДАР МЕН УНИТАЗДАРДЫ ШЫҒАРУҒА МІНДЕТТІ ЕМЕСПІЗ»

- Қала тұрғындары қоқыс контейнерлерінің көбінесе лық толы болатындығына шағымданады. Тұрғын үй массивтерінің шетінде стихиялы қоқыстар түзіледі. Проблема неде?

- Егер тұрғын үй массивтеріндегі қоқыс алаңдары туралы айтар болсақ, онда «Арнаулы автобаза» міндетіне тек қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару ғана кіретінін еске салып өтейін. Осы үшін қала тұрғындарынан айына бір адамға 120 теңге төлем алынады. Айта кету керек, бұл тариф 2006 жылдан бері қолданыста. Ал қоқысты жинау нормасы осы 10 жыл ішінде 2,5 есеге өсті. Қатты тұрмыстық қалдықтар – бұл біздің асүйімізден шығатын қалдықтардың барлығы. Қалғандары, мәселен, қажетсіз тұрмыстық техника, жиһаз, құрылыс қалдықтары, араланған ағаштар – ірі габаритті қоқыс деп есептеледі және адам оны өзі шығаруы тиіс – қоқысты қоқыс орнына дейін апаратын машина жалдауы керек. Қоқысты қоқыс орнына түсіруге бір текше метр үшін 1 101 теңге бекітілген. Алайда қажетсіз диванды немесе ескі терезе жақтауын шығарудың қамын жасауға көпшілігі жауапты ма? Жоқ. Қала орталығында адамдардың қоқыс контейнерлеріне тіркемемен келіп, көп көлемде құрылыс қалдықтарын төгіп кеткенін өз көзіммен көрдім. Жеке секторда мұндай қалдықтар өте көп. Ал біздің қоқыс шығаратын машиналар тек қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға ғана арналған. Біз қоқыс машинасына ескі унитаздарды, жарамсыз теледидарларды және т.б. тией алмаймыз. Мұны жасауға міндетті де емеспіз. Бірақ сонда да осынау ірі габаритті қоқысты тегін шығаруға тура келеді. Оны біздің қызметкерлер қоқыс алаңдарының қасына қаттайды, содан кейін оларға қосымша арнайы техника жіберіледі. Бұл бірінші жайт.

Екіншісі: адамдар көбінесе өз қоқыстарын қай жерге қалдыратындарын ойланбайды. Міне, қоқыс алаңы. Ал оны жақын маңдағы басқа жерге қойып кетеді. Алайда көпшілігі өз қалдықтарын бұрынғы алаңдардың орнына қалдыруды жалғастырады. Қоқысты кез келген бос жерге лақтыра салады. Кейбіреулер контейнерлерге дейін баруға ерінеді.

- Мұндай әрекеттер үшін қандай да болмасын жауапкершілік қарастырылған ба?

- Біз әрбір қоқыс алаңының жанына ұқыпсыз азаматтарды қолынан ұстап алатын адам қоя алмаймыз. Бізде ереже бұзушыларды жазалайтын өкілеттік жоқ. Бірде кабинетіме учаскелік инспекторларды жинап, қолдау көрсетуді өтінген едім. Түсіністік таппадым. Өздігімізбен әрекет етуге тура келеді. Қоқыс алаңдарының жанына бейнетіркегіш қосылған машиналар қалдырып, заң бұзушылықты өзіміз тіркейміз. Содан соң жергілікті полицияға хабардар етеміз. Заң бұзушыларға айыппұлдар салады. Бірақ бұл теңіздің тамшысы ғана.

Тағы бір көрнекті факт. Қысқы және көктемгі су көтерілген кезде тұрғын үйлердің суға кеткені туралы сегіз мыңдай сигнал түсті. Суға кеткен үйлерде жиһаздар мен тұрмыстық техникалар жарамсыз болып қалды деп болжауға болады. Алайда зардап шегушілердің ешбіреуі бүлінген жиһаздар мен істен шыққан техникаларды шығару өтінішімен жүгінген жоқ. Мұның бәрі қала көшелеріне шығып қалды деп болжауға болады. Мұндай жағдайда адамдар бізге жүгінсін, бұлардың бәрін тегін шығарамыз.

«ҚЫЗЫҚ, ОЛ ҚАЙДА КЕТЕДІ?»

- Алайда қатты тұрмыстық қалдықтардың тұрақты шығарылмайтынына шағымданушылар аз емес. Контейнерлер лық толы тұрады...

- Техниканың істен шығатын кездері болады. Бізде қазір 21 қоқыс шығаратын машина жұмыс жасайды. Жалпы, коммуналдық техниканың пайдалану мерзімі – 3-4 жыл. Бізде дөңгелек тыстары көп ұшады. Егер әлдебір машина бұзылып қалса, жөндеуге қатысты қиындықтар туындайды. Қосалқы бөлшектер мемлекеттік сатып алулар туралы заңнамаға сәйкес алынады. Бірақ мұның бәріне уақыт кетеді. Біздің кестеден қалыс қалатын кездеріміз де болады, бірақ бәрібір тазартамыз.

Атырау жерінің көлемі жылдан-жылға ұлғаюда, ал мұнымен қатар күн сайын қоқыс шығару да көбеюде. Тек бір сағаттың ішінде бірнеше көп қабатты үйден 200-300 пакет қоқыс жиналуы мүмкін. Қазір біз жаңа 10 қоқыс шығару машинасы мен бес вакуумды күтудеміз. Бұл техника облыстық әкімдіктің резервтік қаржысы есебінен алынады. Өз жұмысымызды анағұрлым тиімді ұйымдастыратын боламыз. Егер кім-кімде қоқысты уақытында шығармауға қатысты шағымдар бар болса, бізге 29-01-37, 29-02-62 телефондары бойынша хабарласуға, сонымен қатар +7 701 951 53 40 нөмірі бойынша WhatsApp желісімен хабарлауға болады.

Біз бетпе-бет келген тағы бір проблема – биыл бізде мемлекеттік мекемелермен келісімдер көлемі 41 пайызға құлдырады. Мемлекеттік сатып алулар нәтижелері бойынша оларды басқа жеке компаниялар ұтып алған. Келісімшарттар көлемінің азаюымен қатар қоқысты қоқыс орнына апару көлемі де түсіп кетті. Бұлай болмау керек, өйткені қалада қоқыс орны біреу. Жеке кәсіпкерлер, қисын бойынша, қоқысты бізге әкелуге тиіс. Бірақ бұлай етпейді. Осы қоқыстың бәрінің қайда кеткені түсініксіз. Оны жеке кәсіпкерлер қала маңындағы алаңдарға немесе стихиялық қоқыс орындарына шығарып, төгіп тастайды деп жорамалдауға негіз бар. Біз Сарыөзектегі қоқыс алаңын тазартқан едік. Ертеңіне ол жерден үйілген қоқысты көрдік, тұтас КамАЗ көлемі болды. Бір түннің ішінде осыншама қоқыс қайдан шықты? Біз осы жеке кәсіпкерлердің барлығы қоқысты егер қалалық қоқыс орнына болмаса, қайда шығаратынын анықтау жөнінде прокуратураға хат жолдадық.

- Қоқыс алаңдарының орналасуына қатысты да наразылықтар көп. Мәселен, Авангардтағы 3-ші ықшамауданда тұратын біздің тұрақты оқырманымыз Николай Другов екі жыл бұрын контейнер алаңдарын (қосалқы станция жанындағы) бұрынғы орнынан алып тастап, көліктер тұратын қалтаға көшіргеніне наразы. №№40, 41, 42 және 43 үйлерге арналған төрт контейнер орнатылған. Бірақ оларды басқа үйлердің тұрғындары, сонымен қатар, Жеңіс саябағының жанында орналасқан жеке сектордың жекежайлары да қолдана бастаған. Қоқыс алаңдарының орналасуы туралы мәселені кім шешеді? Бұл қолайсыздық тудырса, тұрғындарға қайда жүгінген жөн?

- Біздің міндетіміз – қалдықтарды қоқысқа шығару. Қоқыс алаңдарын орналастыру, ондағы контейнерлер саны туралы мәселені қалалық әкімдік жанындағы комиссия қарастырады. Оған қалалық ТКШ, сәулет және тұтынушылар құқығын қорғау бөлімдерінің өкілдері кіреді. Егер қандай да болмасын проблема бар болса, тұрғындарға ТКШ бөліміне немесе қала әкімінің атына хат жазған жөн. Бұл мәселелерді комиссия қарайтын болады.

«ИӘ, КҮРЕКПЕН. БАСҚАША БОЛМАЙДЫ»

- Қоқыс шығару төлеміне қатысты жағдай қалай?

- 1 шілдедегі ахуал бойынша бережақ жеке тұлғалар бойынша 69 млн теңгені және заңды тұлғалар бойынша 29 млн теңгені құрады. Жақында ғана жария келісімшарт жасадық, яғни, БАҚ-тарға келісімшартты жария етеміз. Енді біздің борышкерлерге сот арқылы ықпал жасауға мүмкіндігіміз бар.

Сонымен қатар, қызметімізді төлеу жүйесін оңтайландырдық. Қазір біздің қызметкерлер бұрынғыдай пәтерлер мен үйлерді аралап жүрмейді. Қызметіміз үшін есепшоттар бірыңғай төлем құжатында көрсетіледі. Қала тұрғындарының қызметімізді кез келген төлем терминалында, интернет-банкинг, банк кассаларында және «Қазпоштада» төлеуге мүмкіндігі бар.

- Қала тұрғындары мен қонақтарының кекесінін тудыратын тағы бір жайт: 21-ші ғасыр болса да Атырауда жол жиектеріндегі балшықты күрекпен тазалап жатады. Мұндай тазарту жұмыстары үшін басқа, анағұрлым заманауи құралдар жоқ па?

- Жоқ. Бұл өңірдің климаттық ерекшелігі. Бұл балшықты қалай басқаша жинауға болады? Бәлкім, жолды жобалау кезінде немесе асфальтты төсеу кезінде қателіктер жіберілген болар, балшық арнайы осы үшін қарастырылған науаға құйылып кетпейді. Бірақ науалар – бұдан шығатын жол емес. Науадағы балшықты сол күрекпен аршып алуға тура келеді.

Тамара СУХОМЛИНОВА

28 шілде 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.