Атырау, 19 сәуір 19:45
 ашықВ Атырау +19
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Жер комиссиясында екі қоғам белсендісін босатуды талап етті. Жауап алуға шақыртылғандар туралы айтылмады...

Сурет Бейнежазба
5 167 просмотра

Бүгін, 23 шілде күні Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өткен жер реформасы жөніндегі комиссияның қоғамдық кездесуінде айтылған негізгі мәселелердің бірі қамауда отырған азаматтық белсенділер Макс БОҚАЕВ пен Талғат АЯНДЫ босатуды талап ету болды.

«Дауласу үшін емес, ақылдасу, пікір алмасу үшін келіп отырмыз» деп сөз бастаған жер реформасы жөніндегі комиссияның төрағасы Асқар МЫРЗАХМЕТОВ қоғамдық кездесуге комиссияның 25 мүшесі қатысып отырғанын, сондай-ақ күн тәртібінде үш мәселенің қаралатынын сөз етті.

- Біріншіден, бір қолға жалға берілетін жерлердің шектік мөлшерін белгілеу, шекаралас аумақтардан берілетін ауыл шарашылығы жерлерін пайдалану тәртібін күшейту; екіншіден, елдімекендердің жанынан тұрғындарға берілетін жайылымның жаңа тәртібін қалыптастыру; үшіншіден, мораторий жарияланған жерді шетелдіктерге жалға беру және қазақстандықтарға сату мәселелеріне байланысты пікір алмастыру, - деді А.Мырзахметов.

Бұдан соң комиссияның экономикалық жұмыс тобының жетекшісі Ақылбек КҮРІШБАЕВ комиссияның құрылған күнінен бастап атқарған жұмыстарымен таныстырды. Оның айтуынша, көпшілік қолдап отырған қазақстандықтарға жерді жалға беруді жалғастыру керек.

- Қазіргі үкімет ұсынып отырған заң жобасында жерді жекеменшікке беруге басымдық жасалған, тіпті жалға алушылар 49 жыл мерзімі аяқталған соң не жерді сатып алу керек, не мемлекетке қайтару керек. Бұл болашақта жерді жалға алған соң жердің бәрі жекеменшікте болады деген сөз. Бұған экономикалық жұмыс тобының мүшелері келіспейді. Ауыл шаруашылығы саласында білімі бар жергілікті тұрғындарға жерді жалға беру керек деп есептейміз. Біз жалға беру тәртібін сараптай келе, қазіргі таңда жерді жалға беру және оны мемлекетке қайтару ережесі заңнама ретінде бекітілмегенін анықтадық. Мемлекеттік тұрғыдан нақты реттеудің жоқтығынан бүгінде жергілікті жерлерде көп нәрселер орын алып отыр. Сондықтан, біз жерді жалға беру ережесін заңнамалық түрде бекітуді ұсынамыз, - деді А.Күрішбаев.

Сонымен бірге ол экономикалық жұмыс тобының атынан бес талапты енгізуді сұрады: 1. Жерді жалға беру және мемлекетке қайтару мәселесін әкімдер емес, халық өкілдері кіретін, яғни, қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер мен жергілікті өзін-өзі басқару өкілдерінен тұратын арнайы комиссия шешу керек; 2. Жерді жалға беру туралы ақпаратты ашық түрде жүргізу, яғни, отыз күн бұрын қарапайым халық БАҚ арқылы аудан, облыс, республика деңгейінде қай жерден қанша жер аумағы берілу керектігі туралы хабардар болуы керек; 3. Жерді жалға беру туралы келісімшарт жобасын әкімдер дайындамау керек, ол мемлекеттік деңгейде барлық аймаққа бірыңғай типтік келісімшарт жасалуы тиіс; 4. Жердің сапасын бақылау, топырақ мониторингі; 5. Жердің заңсыз бөлінуіне кінәлі тұлғаларды жазалау шараларына байланысты ҚР Әкімшілік кодексін күшейту, елдің ұлттық мүддесіне қайшы келсе, ҚР Қылмыстық кодекс бойынша жауапқа тарту.

Құқықтық жұмыс тобының жетекшісі Мұхтар ТАЙЖАН бұл ұсыныстарды толық қолдайтынын және өз жұмыс тобының ұсыныстарымен сәйкес келіп отырғанын айтып өтті.

-Жер комиссиясының қай мүшесі қалай дауыс бергенін ел білуі керек. Комиссия жұмысы елдің назарында. Ақырғы шешім қалай қабылданатынына бәрі алаңдаулы. Сондықтан, жерді сату, жалға беру мәселелерінде кім қалай дауыс берді деген ақпараттар ашық болуы керек, - деді М.Тайжан.

Сөз соңында ол қамаудағы азаматтық белсенділер Талғат Аян мен Макс Боқаевты босатуды талап еткен атыраулықтардың тілегін жеткізді.

Бұдан соң кезек халыққа берілді.

Атыраулық тұрғын Минал КЕНЖЕКОВ:

- Макс пен Талғатқа үлкен айыптар тағылып отыр. Бергісінде жалған ақпарат таратты деген бап қалдырыпты. Жалған ақпаратты бұл жерде ең бірінші таратқан Ерболат ДОСАЕВ (бұрынғы ҚР Ұлттық экономика министрі-авт.). Сол Досаевты соттау керек негізі. Қаншама гектар жердің аукцион арқылы сатылатынына дейін айтқан сол. Сондықтан, Макс пен Талғаттың орнына Досаевты соттауды ұсынамын.

Бұдан соң ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі Қабылсаят ӘБІШЕВ сөз алды.

- Бұл іс бойынша бас прокурор тапсырмасымен ҰҚК тергеу шараларын жүргізуде. Тергеу ісі аяқталуға жақын, сотқа түсіп, анықтамасын, айқын бағасын конституция талабына сәйкес сот органдары береді. Тергеудің қалай жүріп жатқанын айта алмаймыз, заң рұқсат бермейді. ҰҚК-ның арнайы талаптары мен дәйектемелері бар. Қылмыстық құрамы бар ма, жоқ па, тергеу аяқталған соң анықталады.

А.Мырзахметов:

- Cіздің айтқаныңызбен қанағаттанбаған болар, бірақ заң бар, соған бағыну керек. Сотта барлық жағы ескеріліп, дұрыс шешім қабылданады деп ойлаймыз.

Шараға қатысып отырған Макстың анасы Рахила ҚОЖАСОВА мен Талғаттың анасы Ұлдай АЙНАЗАРОВА да сөз сөйледі.

- Мен президентке хат жаздым. Президент әкімшілігінен Бас прокуратураға жіберілді деп жауап келді. Осы мәселені аяғына дейін жеткізсеңіздер екен деп ойлаймын, - деді Р.Қожасова.

Біраздан соң Бас прокурордың аға көмекшісінің жанына барып сөйлеген Талғаттың анасы Ұ.Айназарованың сөзі тым әсерлі болды. Ұлына тағылып отырған айыпқа қатысты наразылығын білдірген ол былай деді:

- Елде төңкеріс жасап, елдің билігін басып алмақ болған деп айып тағылған Шымкент сыра зауытының қожайыны Тоқтар ТӨЛЕШОВ Талғатқа сыртынан су тарифі көтерілмесін деп мәселе көтеріп жүргенін көрген соң, митинг ұйымдастырсын деп көмекшісінен 100 мың доллар беріп жіберіпті деген ертегіге кім сенеді?

Ұлына жала жабылып отырғанын ашына жеткізген ана кейін өзін жайсыз сезінген соң (ауруханада емделіп жатқанын, сырқат екенін айтқан еді), комиссия төрағасы жедел жәрдем келгенше он минут үзіліс жариялады.

Шара барысында комиссия мүшесі, ақын Мұхтар ШАХАНОВ та Макс пен Талғатты босатуды талап етеміз деді:

- Жер шетелге сатылмасын, жалға берілмесін, өз адамдарымызға да сатылмасын, жалға беруге ғана рұқсат деген пікірге келгенбіз санаулы адамдар. Себебі жердің сатылуы болашақта қазақ ұлтының жойылуына, мемлекеттің ыдырауына жол ашады.

Заңда жердің иесі меншік иесі болғандықтан олардың рұқсатымен ғана жариялауға болады делінген. Ондай заңды о дүниеге аттандыруымыз керек.

Шара барысында фермерлердің ойлары бір жерден шығып жатты. Олар қазақстандықтарға жерді жалға беру мерзімін 49 жылға қалдыруды немесе он жылға жалға берсе, жалға беру мерзімі біткен соң оны сатып алуға рұқсат беруді сұрап отыр.

Владимир РОЗМЕТОВ, жергілікті фермер:

- Менің Құрманғазы, Махамбет, Қызылқоға аудандарында шаруа қожалықтарым бар. Отыз мың малым бар. Мен 49 жылға жалға беру дұрыс деймін. Әрине шектеу керек, байлар алып кетпеу үшін. Қазір мал жайылатын жер жоқ. Компромисс жасау үшін құдықтар көзін ашып, су шығарып, коллективный жайылым жасау керек.

Мереке ҚҰЛКЕНОВ, комиссия мүшесі, журналист:

- Cовет үкіметі тарағаннан кейін ТМД елдері ішінде сыртқы шекарасын бекітіп, Қазақстан мемлекеті өзін мойындатқан бірінші ел. Оның жағдайын жасауға елбасының үлесі көп тиді. Жерге байланысты дау-дамайға түсуіміз, жерді сатуымыз керек, жалға беруіміз керек деп сұңқылдап жатқаны таңғалдырады.

Украина мен Ресейде, Қырғызстан мен Өзбекстандағы қақтығыстар шекара бектілмегендіктен шықты. Сондықтан біз өзіміздің бұл артықшылығымызды қадірлей білеуміз керек.

Үш мәселенің әлі бірде-біреуі айтылмады. Жерді ұтымды пайдалану, бір қолға беру мәселесін неге айтпаймыз? Қазақстан ішіндегі жер мәселесін реттейтін уақыт жетті. Заң бойынша жер иелері есеп бермейді деген сөзді алып тастау керек.

Сонымен бірге ол жерді сату, жалға беру мәселелерімен бірге осы уақытқа дейін сатылып кеткен, бірақ пайдаланылмай отырған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтаруы керектігі туралы айтты.

Жиын соңында комиссия төрағасы А.Мырзахметов осында айтылған барлық ұсыныстардың ескерілетінін атап өтті.


Айта кету керек, 24 сәуірі күнгі митингке жер шетелдіктерге жалға берілмесін, өз азаматтарымызға да сатылмасын деп қарсылықтарын білдіру үшін алаңға мыңдаған халық шыққан болатын. Осы митингті ұйымдастырды деп айыпталған атыраулық қоғам белсенділері Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісі бойынша ҰҚК-ның Атырау облыстық департаментіне жауап алуға алаңға шыққан көптеген адамның шақыртылғанын айта кетейік (тергеу әлі де жалғасып жатыр). Олардың ішінде мен және менің әріптестерім бар. Алайда, комиссия отырысында бұл туралы ешкім де бірде-бір сөз қозғамады. Сөйтіп, адамдардың өз азаматтық ұстанымын білдіргені үшін тергеуге алынып, қысымшылық көргені, жұмыстарын тастап, облыстық ҰҚКД ғимаратында сағаттап жоғалтқан уақыты ескерілмеді. Олар енді өз көзқарастарын ашық, ой-пікірлерін еркін білдіруге қорқатын болды. Себебі, құқықтарының қорғалмағанын жақсы біледі, қорғаларына да кепілдік жоқ екенін жақсы түсінеді... Осылайша азаматтардың құқығы тапталып кете беретін болса, азаматтық, демократиялық қоғам қалайша құрылмақ?

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН

Ескерту: Қосымша толық ақпаратты «АЖ» газетінің орысша нұсқасынан оқи аласыздар.

23 шілде 2016, 18:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.