Атырау, 16 сәуір 10:00
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +20
$ 448.56
€ 478.03
₽ 4.79

​Жер реформасы бойынша комиссиямен кездесу ертең өтеді

3 078 просмотра

Бүгін, 22 шілдеде өңірлік коммуникциялар қызметінде өткен брифингте жер реформасы бойынша республикалық комиссияның Атырау халқымен кездесуі ертең, сенбі күні таңғы сағат 10-да Досмұхамедов атындағы АМУ ғимаратында өтетіні жарияланды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қоғаммен байланыс басқармасының басшысы Жасұлан ӘБДІМАНАП былай деп нақтылап өтті: «Бұл отырыс емес, жер комиссиясының халықпен кездесуі».

- Отырыс Астанада өткізілетін болады, ал бұл халықпен кездесу, өңірлерде осындай жеті кездесу өткізілді. Өңірлердегі кездесулерде біз шетелдіктерге жерді жалға беру туралы немесе қазақстандықтарға жерді сату туралы мәселелерді талқыламаймыз. Бұл негізгі екі мәселе барлық 16 облысқа барып, халықтың барлық ұсыныстарын жинаған соң Астанада өтетін отырыста талқыланады. Барлық облысты қыркүйекке дейін аралап боламыз деп жоспарлап отырмыз, - деді Ж. Әбдіманап. – Ал, Атыраудағы кездесуде біз қазақстандықтарға жерді 49 жылға жалға беру мәселесін талқылаймыз: бір адамға жер бөлу кезінде қандай шектеулер болуы керек, қай аумақтан жерді бөлу керек деген. Қазіргі заң нормалары бойынша мұнда ешқандай шектеулер жоқ - 10 млн гектар жер беріле ме, 100 млн гектар жер беріле ме, бәрібір. Енді біз шектеулер енгізіп, осы туралы халықтан сұрап, ақылдасамыз: қанша гектар жер берілу керек? Мәселен, 20 мың гектарға дейін бе, әлде 50 мың гектарға дейін бе? Одан бөлек, шекаралық аймақта орналасқан жер бөлу механизмін талқылаймыз: бөлінетін жер телімі шекараға дейін қанша қашықтықта болуы тиіс? Мәселен, үш шақырым ба, әлде 300 шақырым ба?

Жер реформасы бойынша комиссия құрамы төрт жұмыс тобынан тұрады: құқықтық, экономикалық, ақпараттық және құжаттамаларды ресімдеу ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету тобы. Атыраудағы кездесуде құқықтық топтың жетекшісі Мұхтар ТАЙЖАН және экономикалық топтың жетекшісі Ақылбек КҮРІШБАЕВ баяндама жасайды. Олар атқарылған жұмыс туралы есеп беріп, өз ұсыныстарын айтады. Кейін кездесуге келгендер сөз алып, өз сауалдарын қоя алады. Әбдіманаптың айтуынша, шараға Атырау облысының кез келген тұрғыны қатыса алады және ол үшін алдын ала тіркелмейді.

Айтып өткеніміздей, комиссиямен кездесу ертең, 23 шілдеде таңғы сағат 10-да Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің бас корпусында (үшінші қабат) өтеді. Шараны тікелей эфирден bnews.kz сайты арқылы көруге болады.

Айнұр САПАРОВА

22 шілде 2016, 16:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.