Атырау, 20 сәуір 19:33
 ашықВ Атырау +20
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Сотсыз болмайды

2 178 просмотра

1944 жылы әке-шешем Қырым АКСР-нен Қазақстанға жер аударылды. Мен ата-анам арнайы қоныста болған кезде дүниеге келіппін. Бұған КСРО ішкі істер халық комиссариаты берген туу туралы куәлігім дәлел бола алады. Мен ақтау туралы анықтама алу үшін облыстық прокуратураға жүгінген едім, алайда деректі мұрағат мәліметтерінде қуғын-сүргіннің қолданылу фактісінің: менің және менің ата-анамның арнайы қоныстың тіркеу есебінде жоқтығына байланысты маған анықтама беруден бас тартты. 1995 жылы прокуратурада маған 1956 жылға дейін әкімшілік тәртіппен көшу құқығынсыз заңсыз жер аударылуыма байланысты 1941 жылдан бастап 1956 жылға дейін арнайы қоныста болғанымды растайтын ақтау туралы анықтама берді. Бірақ қазір прокуратура сотқа жүгінуді ұсынып, анықтама беруден бас тартып отыр. Ал маған саяси қуғын-сүргіннен зардап шегуші ретінде жеңілдіктер мен жәрдемақылар алу үшін қуғын-сүргіннің қолданылу фактісін анықтау керек.

Телефон арқылы

Сұраққа адвокат Бибігүл ТАУПИХОВА жауап берді:

– 1993 жылғы 14 сәуiрдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы» ҚР заңының 1, 2-ші баптарының нормаларында мемлекеттiк органдар немесе олардың өкiлi болып табылатын лауазымды адамдардың саяси себептер бойынша арнайы қоныс аударуға жiберу түрiнде жүзеге асыратын көндiру шаралары саяси қуғын-сүргiндер ретiнде танылады делінген. Саяси қуғын-сүргiндерден зардап шеккендер ретiнде ата-аналармен бiрге бас бостандығынан айыру орындарында, айдауда, жер аударуда немесе арнайы қоныс аударуда болған саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының балалары танылады.

Сізге шынымен де, Атырау қалалық сотына саяси қуғын-сүргіннің қолданылу фактісін анықтау туралы өтінішпен жүгініп, ата-анаңыздың мекен-жайынан жер аударылған уақытын, айын, жылын, сіздің ата-анаңызбен арнайы қоныста болған кезеңді көрсетіп, мұның бәрін қажетті құжаттармен және мұрағат анықтамаларымен, куәлік жауаптарымен растау керек.

Бір сөзбен айтқанда, сізге сотта қуғын-сүргін құрбаны болғаныңызды дәлелдеу керек. Сіздің дәлелдеріңіз расталған жағдайда, сот ата-анаңызбен бірге сізді Қырым АКСР-дегі мекен-жайыңыздан Қазақстанға мәжбүрлеп жер аударуға және 1941 жылдан бастап 1956 жылға дейін арнайы қоныста болғаныңызға байланысты ата-анаңызға қатысты саяси қуғын-сүргіннің қолданылу фактісін анықтау туралы өтінішіңізді қанағаттандырады.


21 шілде 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.