Атырау, 20 сәуір 17:13
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Ана жүрегі

3 565 просмотра

Image 0Нұржан ЕВНИЕНОВ.Бұл 2015 жылдың 7 қарашасы күнгі кеште Құрманғазы ауданы Приморье ауылында болған оқиға. Алтынбек НСАНБАЕВ өзінің жақын досының үйінде шілдехана тойын тойлап жатқан еді. Ал, кейін күтпеген жерден жайсыз оқиға орын алады.

ҰЗАҚ ТҮН

Бұл күні Алтынбектің көршісі әрі жақын досы Нұржан ЕВНИЕНОВ баласының шілдеханасын жасап, қонақ шақырған болатын. Сағат 23.00 шамасында Алтынбекке нағашысы хабарласып, екі шақырым жердегі көршілес Шайхы ауылына апарып тастауын өтінеді. Алтынбек жарты сағаттан кейін қайтып келіп, өзінің үйіне көлік құжаттарын қалдырып кету үшін кіріп шығады да, кері досының үйіне бармақ болады.

- Кейін мен көршімнің көлігіне тым жақын тұрып қалғанымды байқадым. Сол кезде араларын алшақтатайын деп көлігімді қайта қыздырып, 1-2 метр артқа кері шегіндіріп, орнынан қозғап дұрыстап қойдым. Сол сәтте патрульдік полиция көлігі келіп тоқтады, - деп еске алады Алтынбек Нсанбаев. - Мен көлігімнің ішінде отыра бердім. Маған қарай екі жол полициясы қызметкерлері келіп, өздерін таныстырмастан көлік құжаттарын сұрады. Мен оларға құжаттардың үйде екенін айтып, оларды қазір әкеле аламын деп едім, олар менің орнымнан қозғалуыма мұрша бермеді. Көлігімнен шығып, бір қадам аттағаным сол еді, олар маған жармаса кетті. Бірі қолымнан тартып, екіншісі патрульдік көлікке қарай сүйреледі. Мен айқайлап көмекке шақыра бастадым, менің айқайыма досым Нұржан Евниенов келіп жетті.

Нұржан көшеге шыққанда, Алтынбектің үйінің алдында патрульдік көліктің тұрғанын көреді.

- Жақындағанда, бір полицей Алтынбектің мойнынан ұстап тұрғанын, ал машина ішінде отырған екінші полицей оны қолынан тартып жатты, - дейді Нұржан. - Мен олардан оны жіберулерін және оны қандай себеппен ұстап тұрғандарын айтуларын өтіндім. Олар маған «араласпа!» деді. Сөйтіп жатқанда үйден Алтынбектің мамасы Құндыз апа шықты. Ол бұл көріністі көріп, қатты шошып кетті. Полицейлерден ұлын жіберуін сұрап жалынып, үйден көлік құжаттарын да әкеліп береді, бірақ, полицейлер бәрібір Алтынбекті жібермейді. Сол кезде Құндыз апа жүрегін ұстап, «жүрегім, жүрегім!» деп жүресінен отыра кетті. Біз оны қолтықтап үйге алып кеттік.

Н.Евниеновтың айтуынша, полицейлер Алтынбекті жарты сағаттан соң, көршілес үйдегі айқайды естіп сыртқа шыққан бұрынғы учаскелік инспектор келгенде барып жіберген.

Кейін Алтынбек жол-патрульдік полиция инспекторларының аты-жөндерін анықтады. Бұл майор Рүстем НИЕТАЛИЕВ пен сержант Денис ЖҰМАБАЕВ екен. Сондай-ақ, оның қолында патрульдік көліктің номері анық көрініп тұрған және полицейлердің дауыстары мен анасының «жүрегім, жүрегім, баламды жіберші, жалғыз балам еді, арақ ішпейді ол, өтінемін!» деген сөздері естілетін бейнежазба бар.

...ОНЫҢ ТЫНЫСЫ ТОҚТАҒАН БОЛАТЫН

Image 1Алтынбек НСАНБАЕВ. Алтынбекті жіберген кезде, ол анасын көруге бірден үйге жүгіре жөнеледі, сол кезде еденде жатқан анасын көреді...

- Құндыз апа еденде жатты, кеуде тұсында көйлегі жыртылған екен... Бірден «жедел жәрдемге» телефон соқтым, бірақ бізге «көлік жоқ, өздерің алып келіңдер» деді, - дейді Нұржан Евниенов.

Алтынбек жақын маңда тұратын медбике Майра КЕНЖЕҒАЛИЕВАНЫҢ үйіне жүгіріп кетеді. Ол Құндыз апаның тыныс алу белгісі, жүрек қағысы жоқ екенін растайды.

Сол түні кезекші дәрігер міндетін медбике Айжан ЖАНИБЕКОВА атқарған болатын.

- Мен түнгі үштер шамасында келдім. Құндыз Ахметова қайтыс болып кеткен екен. Дереу полицияны шақыртып, моргке апару қажет екенін айттым. Алтынбек сот-медициналық сараптамаға беруге қарсы болды, - дейді А. Жанибекова.

Алтынбектің әкесі Мұрат НСАНБАЕВ оқиға болардан бір күн бұрын теңізге жұмысқа кеткен болатын.

- Менің бір қыз, бір ұлым бар. Қызым тұрмыста, ал балам Алтынбек кішкентайында шетінеп кеткен төрт баладан кейін дүниеге келді. Әбден зарығып көргендіктен бе анасының ол дегенде шығарда жаны басқа еді. Оны көрмесе тұра алмайтын, өте балажан еді. Ал баласына күш көрсетіп тұрғанын көру Құндызға сұмдық көрініс болып, жүрегіне ауыр салмақ түсіріп кеткен болуы керек. Әйелім бұрын жүрегім ауырады деп шағымданбайтын. Дәрігерлер оның неден қаза болғанын анықтап бере алмады, - дейді Мұрат Нсанбаев.

Қайтыс болу туралы куәлікте Құндыз Ахметованың өлімі неден болғаны жазылмаған.

Аудандық аурухананың бас дәрігері Елдос ҚЫДЫРСИХОВТЫҢ айтуынша, Ахметова аурулық есепте тұрмаған, ал оның өлім себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалуы тиіс. Сондай-ақ, ол 2015 жылдың 8 қарашасында «жедел жәрдемге» Нсанбаевтардан қоңырау түсті деген ақпаратты жоққа шығарды.

ІС ҚОЗҒАЛМАЙ ОТЫР

Алтынбек Нысанбаев ЖПП қызметкерлерінің әрекетінің үстінен шағым жазып, оларды анасының өліміне кінәлады.

- Қаңтардың ортасына таман «Рүстем Ниеталиев құдамыз еді» деп екі әйел адам үйге келіп кетті. Олар кешірім берулерін, Алтынбекке жұмыс тауып беруге көмектесетінін айтты. Сол күні кешкісін Рүстем Ниеталиевтің өзі де келіп, көмектесуге уәде берді. Бірақ, мен тиісті жерлерге арызданып қойғанымызды, шағымымызды ала алмайтынымды ашып айттым. Бұдан кейін олар келген жоқ, - дейді Мұрат Нсанбаев.

Алтынбек Нсанбаев ЖПП қызметкерлерінің үстінен қызметтік өкілеттігін асырғаны туралы Құрманғазы аудандық прокуратурасына арызданған болатын. Прокуратура арызды шара алу үшін Атырау облысының ІІД-нің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Сембай ЖАПАҚОВҚА жолдады.

Бірақ іс жылжымаған соң, Алтынбек Нсанбаев Ішкі істер министрі Қалмұханбет ҚАСЫМОВҚА, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат БЕКТЕМІРОВКЕ хат жазады. Сол кезде Құрманғазы аудандық прокурорының көмекшісі Магилан РАХИМОВТАН мынадай мазмұндағы мәтінде жауап келген: «Аталған оқиға бойынша ҚР ҚК-нің 362-бабы 1-тармағымен («Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану») қылмыстық іс қозғалған болатын. Алайда, осы жылдың 4 сәуірінде Қылмыстық-процестік Кодексінің 35-бабы 1-ші бөлігі 2-тармағы («іс-әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құраманың болмауы») негізінде өндірістен қысқартылған. Қылмыстық іс Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Атырау облысы департаментінің тергеу басқармасына жолданды. Облыстық ІІД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының тергеушісі А. АСЫЛБЕКОВ тәртіптік жауапкершілікке тартылуда».

- Осы хатты алған соң біз Атырауға келдік және әрең дегенде тергеушімен кездестік. Жарты жылдан аса уақыт өтті, ал іс орнынан жылжымай отыр. Бізді ешқайда шақыртқан жоқ, инспекторларды да, - дейді Алтынбек Нсанбаев. – Мен әділдік бар деп сенемін. Ең жақын адамыңды жоғалту өте ауыр әрі қорқынышты. Мен көпке дейін өз-өзіме келе алмай жүрдім, достарыма рахмет, әсіресе Нұржанға, ол үнемі қасымда болды, мені қолдап отырды. Мені не үшін ұстамақ болды, түсінбеймін. Оларға менен не керек болды? Бұл инспекторлар баяғыша өз лауазымдарында жұмыс істеп жатыр, оларға қатысты ешқандай шара алынған жоқ.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

14 шілде 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.