Атырау, 19 сәуір 05:30
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Евро-3 стандарты тағы бір жылға шегерілді

2 139 просмотра

1 қаңтардан бастап Қазақстан аумағында Евро-3 экологиялық стандартының нормаларын енгізу тағы бір жылға шегерілді.

«ҚР аумағында айналымға шығарылатын автокөлік құралдарының зиянды (ластаушы) заттар шығарындыларына қойылатын талаптар» техникалық регламенті 2007 жылы қабылданған болатын. Бұл құжатта елдің анағұрлым қатаң экологиялық талаптарға кезеңдеп өтуі қарастырылған. Атап айтқанда, Евро-3 экологиялық стандартының нормаларын қолдана бастау 2011 жылға жоспарланған. Содан кейін бұл мерзім бір жылға (2012 жылға) кейінге қалдырылды.

«Евро-3 стандартына байланысты осы талаптарға сай келмейтін автокөлік құралдарын әкелуге де тыйым енгізілген. Сондықтан соңғы айларда шетелге машинаға тапсырыс берген кейбір автоәуесқойлар арасында «жүк уақытында келіп үлгерер ме екен» деген толқу байқалады. АҚШ-тан, мәселен, бізге автокөлік 4 айдай уақытта келеді, - деп әңгімелейді «ЦТО-Ақжайық» кедендік бекетінің бас маманы Ахмедияр ЖАЛҒАСОВ.

2012 жылдың қаңтарынан бастап шыққан жылы мен шығарған еліне байланысты бірқатар машиналарды біздің елімізге әкелуге тыйым салу жоспарланып отыр. АҚШ пен Еуропалық одақта техникалық регламенттің бұл нормалары бізге қарағанда анағұрлым ерте енгізілген. Сондықтан Еуро-3 стандартына осы елдерде 2001 жылдан бастап шығарылған бензинді двигателі бар машиналар сәйкес келеді. Дизельдік двигательдерге келер болсақ, Еуро-3 оларға 2002 жылы енгізілген».

Еуро-3 стандартына 2003 жылдан бастап кореялық, 2004 жылдан бастап канадалық, 2005 жылдан бастап жапондық машиналар сәйкес келе бастады. Қытайлық көлік өнеркәсібі Еуро-3 стандартына 2008 жылы, ал үнділік өнеркәсіп 2010 жылы қосылды.

Тыйым енгізілгенге дейін Қазақстанға әкелінген және ел аумағында қолданылып жүрген автокөліктерге, қалай болғанда да, жаңа экологиялық талаптардың қатысы болмайды. Олар толықтай жарамсыз болғанша қолданыла береді. Енді көлік қожайындарына абыржымауға болады: Көлік және коммуникация министрлігі Евро-3 стандартын енгізу бір жылға кейін қалдырылатынын хабарлады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА  

4 қаңтар 2012, 20:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.