Атырау, 19 сәуір 21:27
 ашықВ Атырау +19
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Шартты және шартсыз жәрдемақылар

14 713 просмотра

Қазақстанда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енетін жаңа мемлекеттік «Өрлеу» бағдарламасы кедейлік шегіндегі жандарға көмектесуге арналған. Алайда еліміздің кейбір өңірлерінде ол пилотты режимде жүзеге асырылуда.

– «Өрлеу» бағдарламасын енгізу Ақмола, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында 2014 жылдан басталды, ал Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданында 2015 жылдың 1 шілдесінен басталды, - дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Көңілқос ОРЫСБАЕВ. – Биылғы жылдан бастап, «Өрлеу» бағдарламасы Атырау облысының қалған аудандарында да қолданыcқа енді.

«Өрлеу» жобасына жан басына шаққандағы орташа кірісі күнкөріс минимумынан 60 пайызға төмен болатын отбасылар қатыса алады (2016 жылғы 1 қаңтарда күнкөріс минимумы айына 20 859 теңгені құрады).

Биыл жобаға қатысуға аз қамтылған 141 отбасын тарту жоспарланды (барлығы 789 адам). Осы мақсатта 49,7 млн теңге қарастырылды.

Атаулы әлеуметтік көмек бағдарламасынан айырмашылығы (жан басына шаққандағы орташа кіріс күнкөріс минимумынан 40 пайызға төмен отбасыларға тағайындалады) «Өрлеу» бағдарламасында жеке тәсілдеме бар. Әңгіме шартсыз ақшалай көмек пен шартты ақшалай көмек туралы болып отыр.

- Шартсыз ақшалай көмек еңбекпен қамту шараларына қатысуға мүмкіндіктері шектеулі аз қамтылған жалғызбасты немесе жалғыз тұратын тұлғаларға, еңбекке жарамды мүшелері мүгедектер болып табылатын аз қамтылған отбасыларға, сонымен қатар, 7 жасқа дейінгі балаға, мүгедек балаға, бөгде жанның күтімі мен көмегіне мұқтаж ересек мүгедек адамға немесе қарттарға күтім жасайтын аз қамтылған отбасыларға көрсетіледі, – дейді К. Орысбаев. – Шартты ақшалай көмек- жалғызілікті және жалғыз тұратын еңбекке қабілетті аз қамтылған адамдарға, сонымен қатар, еңбекке қабілетті мүшесі бар аз қамтылған отбасыларға – олар жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысқан жағдайда тағайындалады.

Міндетті түрде отбасы белсенділігін арттырудың әлеуметтік келісімшарты жасалады. Келісімшарт бойынша, шартты ақшалай көмекке үміткер отбасы өмірдегі кедергілерді еңсеру үшін әлеуметтік тұрғыдан белсендіру міндеттемелерін өз мойнына алады.

Шартты ақшалай көмек алушының қалауы бойынша ай сайын немесе үш айда бір мәрте төленуі мүмкін. Шартты ақшалай көмектің бір мәрте төлем сомасы келісімшарттағы міндеттемелерді орындау үшін (соның ішінде, жеке қосалқы шаруашылығын дамытуға немесе шағын бизнесті ұйымдастыруға) пайдаланылуы тиіс.

Қала тұрғындары үшін бағдарлама негізінен жұмыс іздеу немесе өз ісін ашуға бағытталған.

Үш ай мерзім ішіндегі шартталған көмекті бір мәрте төлеу мақсаттық сипаттағы төлем рөлін ойнайды. Алынған жәрдемақыны жөндеу жұмыстарына немесе қажетті құрал-саймандарды сатып алуға, өз ісін бастау үшін немесе жүргізу үшін жұмсайтын материалдарды (компьютер, тігін немесе тоқу машинасы, шаштараз ісіне арналған аспап-құралдар және т.б.) сатып алуға жұмсауға болады.

Ауыл тұрғындары «Өрлеу» бағдарламасы бойынша төлемдерді өздерінің жер үлестерін қалпына келтіруге және анағұрлым тиімді пайдалануға, егу үшін тұқымдар сатып алуға, құрал-саймандар сатып алуға немесе қолында бар техниканы жөндеуге, мал немесе құстар сатып алуға, өзінің қосалқы шаруашылығындағы өнімдерді ұжымдық өткізуді ұйымдастыруға, оны тұтынушыларға тасымалдауға жұмсай алады.

Әр отбасы үшін жәрдемақы сомасы бөлек және жан басына шаққандағы кіріске байланысты болады. Жалпы жәрдемақы мөлшері – азық-түлік себетінің мөлшері (12 496 теңге) мен отбасының бір мүшесінің кірісі арасындағы айырмашылық.

Өткен жылы «Өрлеу» жобасына 22 отбасы қатысты (129 адам). Осы отбасылардың еңбекке жарамды 24 мүшесінің 16-сы тұрақты жұмысқа, біреуі әлеуметтік жұмыс орнына орналастырылды, 7-уі қоғамдық жұмыстарға тартылды. Жобаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 6 млн теңге бөлініп, төленді.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметтері бойынша, Атырау облысында 2016 жылғы 1 маусымдағы ахуал бойынша ресми кедейшілік шегінде тұратын 433 отбасы немесе 2 161 азамат ресми түрде тіркелді.

Тамара СУХОМЛИНОВА

30 маусым 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.