Атырау, 25 сәуір 04:57
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Түрме: Тәрбиешілер мен тәрбиеленушілер

6 231 просмотра

Жақында мен редакция тапсырмасымен ерлер мен әйелдерге арналған түзеу колонияларында өткен спорттық турнирлерді жазуға барғанда Атырау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің сотталғандар арасындағы тәрбие тобының бас маманы Ерлан ДӘУЛЕТҚАЛИЕВПЕН таныстым. Оған бірнеше сауал қойғым келіп, сұхбатқа шақырдым.

«СЕН АНАҢДЫ ТЕЗІРЕК КӨРГІҢ КЕЛМЕЙ МЕ?»

- Қылмыстық-түзету жүйесіне келгеніңізге көп болды ма?

- 12 жыл болды. Еңбек жолымды 2004 жылы тергеу изоляторында бақылаушы қызметінен бастадым. Бұл менің Атырау мұнай және газ институтын жаңа бітіріп жатқан кезім болатын. Бірақ, өз мамандығым бойынша жұмыс істеп көргенім жоқ, себебі мен бала күнімнен құқық қорғау саласында жұмыс істегім келетін. Біздің өңіріміздегі төрт түзету мекемесінде де әртүрлі қызмет атқарып үлгердім. Ал, Атырау облысы бойынша ҚАЖ департаментіне 2007 жылы келдім.

- Сотталғандарды тәрбиелеу жұмыстары қалай жүреді?

- Нақты айтар болсам, сотталушы түрмеге түскен алғаш 15 күн «оқшаулау» бөлімінде болады. Осы уақыт бойы онымен мекеме басшысы, орынбасары, тәрбиешілер, психолог, медицина мамандары түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Әрі қарай - түзеу мекемелерінде тәрбие ісі жөніндегі бөлім бар, онда сотталғандарды бостандыққа және тұрмыстық өмірге дайындау бойынша инспектор жұмыс істейді. Ол жазасын өтеуші туралы барлық мағлұматты жинап, оның білімі, дипломы, төлқұжаты, еңбек өтілі, мамандығы бар ма, соларды анықтайды. Егер сотталушының төлқұжаты немесе жеке куәлігі болмаса (ондай да болады), онда біз оған құжаттарын дайындап береміз. Қазір Атырау облысындағы ҚАЖ департаментіне қарасты УГ-157/9 және УГ-157/11 мекемелерінде орта мектеп пен кәсіптік білім беретін арнаулы лицей ашылған. Сондықтан сотталушының орта білімі болмаса (ондай да болады), онда ол орта білімді мекеме қабырғасында ала алады, ал егер мамандығы болмаса, оны арнаулы кәсіптік лицейде алады. Осы жылы бізде орта мектепті - 21 сотталушы, ал кәсіптік білім беретін арнаулы лицейді 92 сотталушы тәмамдады. Бостандыққа шыққан сотталушы туралы ақпаратты Атырау облысы ІІД-іне және Жұмыспен қамту орталығына жібереміз. Атырау облысы бойынша жыл басынан бері 163 адам бостандыққа шықты. Бостандыққа шыққан сотталушының өмірін қадағалаумен әрі қарай Атырау облысы ІІБ айналысады.

- Көп адамдар ересек адамды тәрбиелеу немесе басқа ортаға бейімдеу мүлдем мүмкін емес деп есептейді. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?

- Мен бұл пікірмен мүлдем келіспеймін. Абай: «Мінез өзгермейді деген адамның тілін кесіп алар едім» деген болатын. Сол сияқты, адамды өзгерту ешқашан кеш емес. Мен бір ғана мысал келтіре кетейін, менің тәжірибемде ондай мысалдар көп болды. УГ-157/9 мекемесінде 21 жастағы бір жігіт болды. Оның ішкі тәртіпті бұзу дерегі өте көп тіркелді. Тәртіпке бағынбағандықтан оны бірнеше рет сотталғандардан оқшауладық, бірақ бұл көмектеспеді. Содан бір күні жұмысқа бара жатқанда жолдан үлкен әжені кездестірдім. Ол осы мекемеде өзінің баласы отырғанын, қатты сағынғанын, баласының абақтыда отырғаны үшін одан туыстары сырт айналғанын айтты. Сөйтсек, бұл егде жастағы әйел әлгі тәртіпсіз сотталушының анасы екен. Кейін әлгі сотталушымен сұхбаттастым. Оған анасының қиналып жүргендігін айтып, мұнда тәртіп бұзған сайын анамен қауышатын күн алыстай беретіндігін айттым. Осы сұхбаттан кейін, жазасын өтеуші азамат барлық тәртіпсіздікті кілт тыйып, жазасын өтеп, бостандыққа шықты.

Сонымен қатар, ішкі тәртіпті жиі бұзатындықтан туғандарымен кездесуге тыйым салынған жазасын өтеушілерге отбасы мүшелерінің видеоарнауын көрсетеміз. Видеоарнауда ата-аналары мен бауырлары, апа-қарындастары оған жүрекжарды сөздерін айтып, тәртіпке бағынуын сұрайды. Бұл әдіс өз жемісін беріп келеді.

ӘЙЕЛ ФАКТОРЫ

- Сотталғандар арасында радикалды діни ағымдардың жетегінде кеткендер де бар...

- Олармен жұмыс бөлек жүргізіледі. Түзету мекемелеріне апта сайын теологтар, имамдар келіп, дін істері басқармасы дайындаған бейнероликтер көрсетіп тұрады. Қазір жазасын өтеушілер арасында қасиетті Рамазан айында ораза ұстап жатқандар бар. Тәжірибе радикалды діни ағымдардың мақсатын алға тартқаны үшін жазаға кесілген адамдардың арасында бостандыққа шыққандардың абақтыға қайта түсуі өте аз екенін көрсетіп отыр.

- Кімдермен жұмыс істеу оңайырақ, ерлермен бе, әйелдермен бе?

- Шыны керек, әйелдермен жұмыс істеу қиынырақ. Өйткені, әйелдер табиғатына сай эмоциналды болып келеді. Жазасын өтеп жүрген бастапқы кездерінде бірнеше күн жылап, көндіге алмайтындары да болады. Олармен жұмыс істеп, жиі әңгімелесу керек, ішкі жан дүниесін түсінуге тырысу керек. Бұл жерде әйел адамдардан құралған колония қызметкерлерінің рөлі жоғары. Әңгімелесу көбіне көмектеседі және тезірек шартты-мерзімінен бұрын босату бойынша бостандыққа шығуға тырысады. Мұнда тағы бір фактор бар ғой, көп әйелдердің үйлерінде кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар...

Айта кету керек, Атыраудағы ҚАЖ департаментіне қарасты УГ-157/11 мекемесі Батыс Қазақстан бойынша жалғыз әйелдер түзету мекемесі, сондықтан біздің мекемеде Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарынан келген әйелдер жазасын өтеуде. Олардың туыстары көп жағдайда кездесуге келе алмайды. Сол себепті сотталғандар мекеме ішінде орналасқан таксофон арқылы сөйлесуге құқығы бар. Өте тәртіпті жазасын өтеушілер күнде сөйлесу құқығына ие болады. Отбасымен сөйлесу үшін әйелдер ережені бұзбауға тырысады.

Бірақ, мұнда таяқтың екі ұшы бар, кейде отбасымен сөйлескеннен кейін отбасына деген сағыныш одан сайын ұлғая түсіп, олар күйзеліске түседі. Олармен психолог мамандар мен түзету мекемесіндегі жасақ басшылары қайтадан жұмыс жасайды.

- Тәртібімен көзге түскен сотталғандарға қандай жеңілдіктер беріледі?

- Тәртібі жақсы, белсенді жазасын өтеушілер арнайы жасаққа ауысады. Дағдылы жасақ және жеңіл жағдайдағы жасақ деген болады. Дағдылы жағдайда отбасы мүшелерімен кездесу жылына 4 рет берілсе, ал жеңілдетілген жағдайда 6 рет беріледі. Жеңіл жағдайда кездесу 2 ай сайын, дағдылы жағдайда 3 айда 1 рет. Сонымен қатар, кездесулер қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді болып бөлінеді. Ұзақ мерзімді кездесуде сотталушы отбасы мүшесімен 2 тәулікке дейін бірге болса, қысқа мерзімде кездесуге 2 сағатқа дейін уақыт беріледі.

Тәрбие ісіне көмектесіп, тәрбиелік шараларға белсене қатысқандар ІІІ оң дәрежелі жағдайға өтеуге өтеді. Бұл сотталушының отбасы мүшелерімен күн сайын кездессе де шектеу қойылмайды деген сөз. Мұндай құқыққа ие болғандар Атырау облысында саусақпен санарлық.

«БІЗДЕ ҰРМАЙДЫ»

- Жаңа Қылмыстық және Қылмыстық-іс жүргізу кодексін енгізген соң жаза мерзімінің белгілі бір уақытын өтеп шыққан сотталғандар айыппұл төлеп уақытынан бұрын босап шыға алады. Атырау облысында бұл норма қалай жүзеге асырылып жатыр?

- Жыл басынан бері Атырау облысы бойынша айыппұлмен 29 сотталушы бостандыққа шығып, бостандыққа шығу үшін төленген айыппұл көлемі - 12 миллион 400 мың 307 теңгені құрады. Көпшілік бұл дұрыс емес деп есептейді. Бірақ, бостандыққа ерте шығу үшін, мемлекет алдында қарызы болмауы, жәбірленуші тараптың кешірім хаты, мекеме басшысының оң мінездемесі, тәрбиелік шараларға белсене қатысуы керек. Одан бөлек, мұндай жеңілдік адам өлтіру, террористік және экстремистік қылмыстар, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы жасалған қылмыстар секілді ауыр қылмыстар жасағандар үшін қарастырылмаған.

- Түзеу мекемелерінің қызметкерлері жазасын өтеушілерді ұрып-соғады деген әңгімелер әуелден бар. Не айтасыз?

- Қоғамда абақтыларда жазасын өтеушілерге қатысты зорлық-зомбылық туралы қауесеттер өте көп тараған. Оларды соғады екен, қинайды екен деген сияқты. Бұл - жалған. ҚР ІІМ және ҚР ҚАЖК арнайы бұйрығымен түзету мекемелеріндегі жағдайды барынша «ашық» режиміне қойдық. Осы бағдарламаның арқасында қоғамның түзету мекемелеріне деген көзқарасы өзгеріп жатыр. Көпшілік тас қабырғаның ар жағында өмірді қара түнек қылып елестетеді. Қазір көп нәрсе өзгерді. Бірнеше жыл бұрын елімізде ҚР-дағы адам құқықтары жөніндегі өкілетті орган басқаратын, азаптауларға жол бермейтін Ұлттық алдын алу тетігі құрылған болатын. Оның үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдар тарапынан бекітілген құқықтық негізі бар. Жыл басынан бері Ұлттық алдын алу тетігі өкілдері Атырау облысы бойынша үш тексеру өткізіп, ешқандай құқық бұзушылықтарды анықтаған жоқ.

Фархат ӘБІЛОВ, АМУ-дың 2-курс студенті

30 маусым 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.