Атырау, 29 наурыз 04:41
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

ЖИН тіркеу мерзімі тағы да ұзартыла ма?

2 177 просмотра

26 желтоқсанда Ұлттық банк еліміздің қаржылық ұйымдарына ЖИН мен БИН тіркеу мерзімдері 2012 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартылуы мүмкін екендігі хабарланған хат жолдапты. Алайда, Атырау облыстық әділет департаменті бұған қатысты әзірге ешқандай нұсқаунама алмаған.

 

Хатта ЖИН мен БИН-ге көшу мерзімін ауыстыру туралы ҚР заңының жобасы таяу уақыттарда ел Парламентіне енгізілетіндігі хабарланған. Соған байланысты Ұлттық банк зейнетақы жинақ қорлары мен қаржылық ұйымдардан ЖИН (жеке идентификациялық нөмір) мен БИН (бизнес идентификациялық нөмірі) қолдану үшін 2011 жылдың 31 желтоқсанынан бастап 2012 жылдың 3 қаңтарына дейін жоспарланған өздерінің ақпараттық жүйелерін ретке келтіру жұмыстарын тоқтатуды өтінген. 

Аймақтық халыққа қызмет көрсету орталықтарын арнайы бланкалармен қамтамасыз етуге үлгермеген Әділет министрлігінің шабандығы мен халық арасындағы дүрлігістің салдарынан ЖИН БИН-ді қолдануға көшу мерзімі соңғы рет 2010 жылдың шілдесінде тағы да кейін ысырылды. Құжаттарды азаматтарға беру мерзімі 2 айдың орнына жарты жылға дейін созылды. Соған байланысты Әділет министрлігі құжаттарды ақылы түрде шұғыл дайындау қызметін уақытша тоқтатқан болатын.

Биылғы жылдың қараша айының басында Атырау облысында ЖИН 12 985 адамда жоқ боп шықты. Мұның 7 527-і облыс орталығының тұрғындары.

БИН-ге келер болсақ, бұдан бұрын облыстық әділет департаментінің бастығы Ернар БАСПАЕВ мәлімдегендей, олар Атырау облысында тіркелген барлық заңды тұлғаға автоматты түрде берілетін болған еді. Олардан бар болғаны облыстық әділет басқармасына хабарласып, банктерге, салық қызметіне және т.б. тіркету үшін БИН-ді алулары ғана талап етілді. Олай болмаған жағдайда 2012 жылдың 1 қаңтарынан кейін заңды тұлғалар кез-келген төлем операцияларын жүзеге асыра алмайтын еді.

– Бізге БИН-ді тіркеу мерзімі ұзартылуы мүмкін деген сыбыстар жетіп жатыр, бірақ ресми түрде расталған жоқ. Бүгінде облыс бойынша қызмет ететін 9 310 заңды тұлға және 2 187 филиалдар мен өкілдіктердің ішінен БИН алуға 2 803 заңды тұлға және 1 095 филиалдар мен өкілдіктер келмеді, - дейді облыстық әділет департаментінің заңды тұлғаларды тіркеу бөлімінің бастығы Нұрлан КҮЗЕМБАЕВ.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

29 желтоқсан 2011, 17:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.