Атырау, 28 наурыз 21:20
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Пәтерді қайта жобалауды қалай заңдастыруға болады?

2 379 просмотра

Ирина ЦЫБРОВА осыдан он бір жыл бұрын ескі «хрущобкадағы» өз пәтерінің жобасын аз-мұз өзгерткен екен. Зат қоятын бөлменің тақтайдан жасалған аралығын алып тастап, шағын асүйін кеңейтіп алыпты. Ол кезде мұны инстанцияларға мақұлдату керектігі туралы тіпті ойына да алмаған.

– Есесіне осы бөлменің кесірінен пәтеріме қатысты бірде-бір нотариалдық келісім жасай алмайтынымды енді біліп отырмын, - дейді Ирина Владимировна. – Мұның бәрін заңдастыруды ұйғарып едім, сөйтсем маған әлі де талай кедергілерден өту керек көрінеді. Қағазбастылықпен жүгіруге тура келетіні аз болғандай, қалтаны да қағады екен.

Оқырманымыздың осыдан он жыл бұрын қайта жасалған жобаны заң бойынша рәсімдегісі келгеніне үш ай болыпты. Пәтеріне осындай өзгерістер енгізген апасы да сәуірден бері қарай түрлі инстанциялардың табалдырығын тоздырып келеді.

Атырау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау бөлімінің бастығы Мәдениет АХМЕТОВмақұлдатпай қайта жобалау жұмыстарын жүргізген пәтер қожайындарында ерте ме, кеш пе проблемалар туындайтындығымен келісті:

– Олар шынымен де мұндай пәтерді банкке кепілдікке де сала алмайды, сата да алмайды, сыйға тарту ете де алмайды. Жалғыз ғана жолы – барып, мақұлдатулары керек. Бұл іс шынымен де сарсаңға салады, ол үшін айыппұл салынады.

Жасалған өзгерістерді заңдастыру үшін кәдімгі мақұлдату процесіндегідей (айыппұлды қосқанда) барлық кезеңдерден өту керек. Алдымен сәулет-жобалау тапсырмасын алу керек. Барлық өзгерістер көрсетілетін графикалық жоспарын немесе сызбалық жобасын дайындап алу қажет. Өтінішке пәтерге меншік құқығын растайтын құжаттардың көшірмелері тіркеледі.

Осы кезеңдерде сізге сәулет инспекторы келіп, қайта жобалау жұмыстарының жүргізілгендігі туралы қорытынды жасайды, хаттама толтырады. Соның негізінде айыппұл төлеуге тура келеді. Бұл жеке тұлғалар үшін 5-тен 10 АЕК-ке дейін (1 АЕК – 1512 теңге), жеке кәсіпкерлер үшін – 20-дан 50 АЕК-ке дейін, заңды тұлғалар үшін – 50 АЕК-тен бастап жоғары. Айыппұл мөлшері орындалған жұмыс көлеміне байланысты болады.

Айыппұл төленіп, рұқсат алынғаннан кейін «бегунокпен» әбігерленуге тура келеді. Яғни, қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне, мемлекеттік санитарлық-эпидемиялық қадағалау басқармасына, ТЖ өртпен күрес қызметімен және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына өзгерген жобаны мақұлдату керек. Тек осыдан кейін ғана жаңа техникалық төлқұжатты рәсімдеп, осы іске нүкте қоюға болады.

– Шынымен де, мұның әбігері көп. Бастапқыда қайта жобалау жұмыстарын заң бойынша жасауға қарағанда қымбатқа шығады, - дейді М. Ахметов. – Бірақ қазір жаңа ережелер қаралып жатыр. Олар қабылданғаннан кейін қайта жобалауды мақұлдату процедурасы анағұрлым жеңілдейтін болады.

Тамара СУХОМЛИНОВА

 

Қандай жұмыс үшін рұқсат алу керек:

Бөлмеішілік аралықты алып тастау немесе орынжайдың функциялық мақсатын өзгерту енгізілген қайта жобалау үшін.

Қандай жұмысқа рұқсат қажет емес:

Жөндеу жұмыстары (ақтау, сырлау, түсқағаз жапсыру, еденді, жылыту жүйесін және сантехниканы ауыстыру); кіріктірмелі жиһазды, шкафтарды, антресольдарды орнату немесе бұзу; параметрлері мен техникалық құрылғысы бойынша осыған ұқсас инженерлік жабдықтарды ауыстыру (орын ауыстыру емес).

Рұқсат берілмейтін жұмыстары:

«Ылғал нүктелерін» тасымалдау, яғни, орнын ауыстыру, мәселен, санитарлық тораптарды пәтердің бір бөлігінен екінші бөлігіне ауыстыру. Бұдан басқа, бір стояктан екіншісіне тұрба тартуға болмайды. Іргелі қабырғалар мен салмақ түсіретін конструкцияны алып тастауға тыйым салынады. Сіз әрі кеткенде, іргелі қабырғаға есік ойығын жасай аласыз. Алайда мұндай өзгерісті мақұлдату өте қиынға соғады. 

29 желтоқсан 2011, 17:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.