Атырау, 18 сәуір 07:40
 ашықВ Атырау +23
$ 448.89
€ 477.93
₽ 4.76

Атырау әкімі – «Сарайшық», суару және дренаж туралы

2 690 просмотра

21 маусымда Өңірлік коммуникациялар қызметінде Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВТЫҢ баспасөз конференциясы өтті.

Таяуда өрт болған «Сарайшық» коммуналдық базары қашан жұмыс жасауды жалғастырады деген сұраққа ол базардағы жабдықтардың бір бөлігі Ақтөбеге өрт-техникалық сараптамаға жіберілгенін хабарлады. Нысанға көп адамдар келеді, сондықтан жұмысты жалғастыру мерзімін нақты тұтану себептері анықталғаннан кейін айтуға болады.

«2014-2020 жылдар кезеңінде Атырау қаласының көлемінде апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді күреу шаралары туралы» 2014 жылғы облыстық мәслихат шешімін орындау қарқыны жайында: «Қалалық әкімдік есебінде жалғыз баспаналары апатты деп танылған 198 адам тұр. Қалада тозығы жеткен 28 және апатты 27 көппәтерлі үйлер бар. Өткен жылы апатты 18 жатақхананың үшеуі күрелді, олардың тұрғындары жаңа пәтерлерге қоныстанып, жер мемлекеттің жер қорына қайтарылды».

Таяуда Нұрсая ықшамауданында электр қуатының ажыратылғандығы туралы:

«Мамырда бұл жерде көппәтерлі 29 үй жарықсыз қалды. Себеп – трансформаторлық төрт қосалқы станция нөсер жауынның астында қалды. Осы проблеманы шешу үшін жеті апат бригадасы бөлінді. Бірнеше сағат өткеннен кейін электрмен қамту қалпына келтірілді. Қалада 67 бақылау ұңғымалары бұрғыланды. Гидрогеологтардың мәліметтері бойынша, жерасты сулары деңгейінің орташа алғанда 107 см-ге көтерілгені байқалады. Трансформаторлық бұл қосалқы станциялар жерасты суының осындай деңгейде орналасуына есептелмеген. Жобалаушыларға болашақта тұрғын үйлер мен тұрғын-коммуналдық нысандарды жобалау кезінде жерасты сулары деңгейінің көтерілетіндігін ескеруге нұсқау берілді».

Абаттандыру жобаларынан Н.Ожаев Мостовой өзегінен әуежайға дейінгі аралықта ұзындығы 44 км суарма су құбыры желісінің салынатынын атап өтті.

Дренаж туралы: «Атыраугидрогеология» ЖШС-нің пилоттық жобасы Әлиев – Сатыбалдиев көшелерінің бойында ұңғымалар бұрғылау арқылы жерасты суларының деңгейі мен қозғалу бағытын білуге мүмкіндік тудырды. Сонымен қатар, ақтөбелік гидрогеологтар Сарықамыс ықшамауданында жұмыс жасауда. Қалада жауыннан кейін су жиналатын 11 учаске белгіленген. Осы жерлерге дренаж жүйелерін жобалауға қаржылар бөлінуде. Біз ол жерлерге жерасты суларын тартып шығару үшін сорғы станцияларын саламыз. Бұл жылдарға арналған стратегия. Шетелдік – ресейлік, голландиялық, австралиялық мамандармен ынтымақтаса жұмыс істейтін боламыз. Ғалымдарды тыңдап, күрделі проблеманың оңтайлы шешімін таңдау үшін Атыраудан дренаж жөнінде халықаралық конференция өткізуді жоспарлап отырмыз».

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген автор
22 маусым 2016, 18:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.