Атырау, 19 сәуір 19:08
 ашықВ Атырау +19
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Құлсарыдағы тігін цехы

3 029 просмотра

Құлсары қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Ақ ниет» тігін цехының ашылу салтанаты өтті.

Цехты жергілікті кәсіпкер Елена ГАЙГОРОДОВА (суретте) ашты. Елена мүгедектік жәрдемақымен күнелтіп отырған мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыс табуына қалай көмектессем екен деп көп ойлайтын. Оның әке-шешесі де мүгедек жандар болатын. Оларға да кезінде күнкөріс үшін жұмыс табу оңайға соқпаған. Сөйтіп, ойлана келе Елена қолынан келетін істен бастамақ болады. Ол жастайынан іс тігетін. Соны ескеріп, тігін цехын ашуды көздейді. Оның бастамасын жергілікті әкімдік пен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бірден қолдап, тігін цехын ашуға қаржы табудың жолдарын қарастырды. Сөйтіп, өңірлерді дамыту жоспарына енгізілген тігін цехы жобасы шетелдік фирмаларға ұсынылды.

Бүгінде тігін цехы орналасқан ғимаратты жалға алу құнын және басқа да шығындардың барлығын өтеуді «ЮСС Супорт Сервисез» ЖШС өз мойнына алған. Ал, қаладағы қолынан іс келетін мүгедек адамдарды Елена өзі іздеп тапты. Бүгінде мұнда жеті адам еңбек етіп жатыр.

- Мен үшінші топ мүгедегімін, бес балам бар. Жолдасымның табысы мен менің мүгедектік жәрдемақым отбасылық шығынды жаба бермейтінін жасырғым келмейді. Бұл цехтың ашылуы біз сияқты мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін үлкен жәрдем болып отыр. Айлық еңбекақым 50 мың теңгенің үстінде, - дейді Б. БАЕКАЕВА.

- Бастапқы үш ай шығынды «ЮСС Супорт Сервисез» ЖШС көтеріп отыр. Үш ай бойына адамдарға еңбекақыны төлеуге де серіктестік көмектесуде. Цехтың жұмыс жасап жатқанына бір ай болды, бірақ ашылу рәсімін атап өтуге мүмкіндік қазір ғана туып отыр. Бүгінде төсек жабдықтарын тігіп жатырмыз. Маталарды Түркиядан сатып алып отырмыз, олар өте сапалы. Төсек жабдықтарын ТШО сатып алатын болды, мұның бәрі цехтың аяқтан тұрып кетуіне көп көмек, - дейді «Ақ ниет» тігін цехының директоры Е. Гайгородова.

Болашақта Теңіз кенішіндегі кәсіпорындар үшін төсек жабдықтары мен арнаулы киімдер тігуді жоспарлап отыр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

23 маусым 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.