Атырау, 18 сәуір 23:55
 ашықВ Атырау +24
$ 448.89
€ 477.93
₽ 4.76

НКОК директоры Бруно Жарден: «Құбырдағы апатқа кінәлілер жоқ»

Сурет
4 175 просмотра

Қашаған кенішін тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру жобасының қоршаған ортаға әсерін бағалауға арналған НКОК Н.В. компаниясы ұйымдастырған қоғамдық тыңдауда компанияның басқарушы директоры Бруно ЖАРДЕН Қашағандағы құбыр апатына «кінәлілер жоқ» екендігін мәлімдеді.

АЗҒАНА ТОП

«Іске қосу кешендері бөлінген 1, 2 және 3-кезеңдерді түзету жобасына толықтыру» жобасына ҚОӘБ материалдары әзірленді. ҚОӘБ-де «Болашақ» МмГКДҚ (мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысының) технологиялық қондырғысының атмосфералық ауа эмиссиясының есептеулері, технологтардың нақтылаған болжамдарына негізделген технологиялық тұрғыдағы газ өртеу көлемінің есебі келтірілген. Бұрын мақұлданған жоба көлемі өзгертілмей, су тұтыну және су бұру есебі кестеге сәйкес түзетілген. Мұнда су шаруашылығы қызметінің тиімділігін арттыру тұрғысында жүзеге асырылған жоба шешімдері ескерілген. ҚОӘБ жобасының өзін Жайық-Каспий Орхусс орталығының сайтынан http://aarhus-atyrau.kz/press-and-info/news сілтемесі бойынша оқуға болады. Жұмысқа тапсырыс беруші - Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В., орындаушы - «Қазэкожоба» ЖШС.

Кез-келген тыңдауды оның тыңдаушылары жүзеге асырады: әдетте, жұртшылық қатарындағы тыңдаушылар осы процедураны бос есеп беру ғана емес, диалог алаңына айналдыруға қабілетті. Бұлар белсенді азаматтар, көбінесе экологиялық ҮЕҰ өкілдері. Өкінішке орай, бұлар аз ғана топ, өңірге жақсы танымал болған белгілі бір есімдер. Бұл тыңдау да әдеттегіше егде тартқан академик Мұфтах ДИАРОВТЫҢ назарын аудармай қоймады. Диаровтың сұрақтарына жауап берген Жарден Қашаған мұнайын коммерциялық өндіруді бірнеше жылға кейінге қалдыруға тура келгенін және оның пікірінше, бұған кінәлілер жоқ екенін мәлімдеді.

– Мен өзімнің құбыр апатына қатысты алғашқы сұрағымды қайталаймын – ол қандай себеппен орын алды, кім кінәлі, кім жазаланды? Егер апат – Қазақстанның кінәсі болмаса, онда Қазақстанға жоғалған пайда үшін кім өтемақы төлейді? – деп сұрады Диаров.

Бруно Жарден:

– Құбыр бойынша бізде 2014 жылы жеке баяндама жасалды. Жалпы себеп – сульфидтің әсерінен қысыммен құбыр шытынап, жарылған. Себеп – құбырларды дайындау мен дәнекерлеу кезеңінде бақыланбайтын қаттылығы жоғары учаскелердің пайда болуы. Сол кезде қолданылған халықаралық стандарттар ықтимал оқиғалар болуы мүмкін екендігін ескермеді. Бұл жобаның, өзіңіз білесіз, міндеттері күрделі және онымен көп қиындықтар байланысты. Бірақ бұл жағдай өзгеше емес, яғни, күкіртсутегі бар жағдайда жұмыс істейтін кеніштер мен компаниялар көп. Мұндай жерлерде жұмыс жүргізгенде және пайдалану кезінде қолданылуға тиіс материалдарды анықтайтын нормативтер мен стандарттар жасақталған. Тұрбаны дайындау кезінде және құбырларды жүргізу кезінде қолданылған стандарттар – бұлар сол кезде қолданылған салалық стандарттар. Өкінішке орай, сол процедуралар мен стандарттардың негізінде анықтау мүмкін болмаған өте ұсақ ақау түзілді. Осы ақау апатқа соқтырды. Бұл оның себептерін жан-жақты тексеру кезінде анықталды. Консорциум болашақта мұндай инциденттер орын алмайтын құбыр жүргізу мүмкіндігін зерттеуге шешім қабылдады. Біз өте көп уақытымызды жұмсадық және коррозияға өте берік жаңа құбыр жүргіздік. Оны орнату кезінде қазіргі кездегі жоғарғы қолжетімді сапа бақылау механизмдері қолданылды. Құбырды ауыстыру құнына келер болсақ, бұл жұмыстарды консорциумға қатысушылар төледі. Қазақстан Республикасы оған шығынданған жоқ. Сіздерді сендіргім келеді – біз құбырда және біздің өндірістік нысандарымыздың кез-келгенінде осыған ұқсас оқиғаның қайталануын болдырмас үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Консорциум қомақты шығындарға ұшырады. Қазақстан Республикасы ешқандай шығынға ұшыраған жоқ. Ал апатқа кінәлілер жоқ - өйткені адамдар, компания, персонал жұмыстарды сол кезде қолданыста болған стандарттар мен талаптарға сәйкес жүргізді, - деп түйіндеді сөзін Жарден.

СИРЕК ҚҰСТАРДЫ ҚАУІПСІЗ ЖЕРГЕ КӨШІРУ

Диаров ҚОӘБ таныстырылымында жерасты суларына, су өсімдігіне, итбалықтардың, құстардың, балықтардың ішкі органдарына әсері туралы ақпарат таба алмағандығын атап өтті...

НКОК өкілдері жауап берді:

– Зиянды заттардың ішкі органдарға әсеріне біз зерттеу жүргізбейміз. Өйткені бұл үшін итбалықтарды аулап, жансыздандыру керек. Біз мұны жасамаймыз. Біз итбалықтардың көшу жолдарына зерттеу жүргізіп, әсерін төмендету шараларын жасақтаймыз, біз олардың авиаесебін жүргіздік. Біздің компаниямыздың лицензиялық аумағында ауланған балықтарға токсикологиялық талдау жасалынады. Бұлар аз қозғалатын бұзаубас балықтардың түрлері. Бұзаубас балықтардың ішкі органдары мен тканьдеріндегі зиянды заттар құрамы бойынша мәліметтер бізде бар, сіздерге жіберуге дайынбыз.

Эколог Махамбет ХАКИМОВ:

– Теңіздің тайызды жерлерінде, топырақ үйінділерінде, құбырға арналған ескі шұңқырларда теңіз құстары ұя салады. Қазір жаңа құбырды жүргізу кезінде сирек кездесетін құстардың тұтас колониясы бұзылады. Мәселен, ҚР Қызыл кітабына енгізілген қарабас шағала балапандарының ұясы. Оларды жойып жіберу қылмысы үшін ҚР заңанамасымен жаза қарастырылған. Мұндай жағдайда компания не істемекші?

НКОК өкілдері қазіргі кезде құстардың ұя салу кезеңі жүріп жатқанын және құбырды орнату үшін топырақ қазылған кезде шыққан топырақ үйінділерінде құстардың шынымен де ұя салғанын мойындады. Осы мәселелерді шешу үшін арнайы команда құрылып, оған компания мамандары да, қазақстандық орнитологтар да кірген.

– Құстардың түрлік және сандық құрамын анықтау жұмыстары жүргізілуде. Біз олардың саны қанша, қандай түрлері бар екенін анықтаған кезде, оларды көшіру әдістерін белгілейтін боламыз. Қазіргі кезде топырақ үю жұмыстары тоқтатылған. Компания осы мәселе шешілгенге дейін ешқандай операция жүргізбейтін болады, - деді НКОК өкілдері.

«БатысЭкоҚоры» ҚБ басшысы Қали ӘУБЕКЕРОВ компанияны Қазақстан заңнамасын бұзды деп айыптады. Ол НКОК үшін экологиялық мониторинг жүргізетін мердігерлердің тендерге қатысуға аккредитациясы болмағанын растады. Осы фактілер бойынша компаниямен соттасу туралы ниеті барын мәлімдеді.

«Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» филиалының денсаулық, еңбек, қоршаған ортаны сақтау және қауіпсіздік жөніндегі директоры Игорь ЛУКАШОВ жауап берді:

– Бруно мырза бізге осы мәселені сіздің хатыңыздан кейін тергеуге тапсырма берді. Бұл жеңіл-желпі мәселе емес, жұмыстың әр түрі үшін аккредитацияның алуан түрлері бар. «Қазэкожоба» мен «Гидромет» компаниялары біздің бас мердігерлеріміз болып табылады және талдау жүргізетін зертханаларды қосалқы мердігерлікке алуға құқығы бар. Бұл зертханалар барлық қажетті аккредитацияларға ие. Кез-келген монторингтік жұмыстар жүргізер алдында біздің мамандар біз тартатын компанияларға аудит жүргізеді. Мамандарды өткізетін жұмыстарға әзірлігіне, жабдықтарға, барлық қажетті аккредитациялардың болуына толықтай аудит жүргіземіз. Тек зертхана жазбаша растап, мақұлдағаннан кейін бас мердігердің қосалқы мердігер тартуға құқығы бар.

БАСПАСӨЗДЕН АУЛАҚ ТҰРАДЫ

"Глобус" ҚБ директоры Галина ЧЕРНОВА:

– Қоғамдық тыңдаулар өткізу сапасы біздің көңілімізден шықпайды. Сіздерден алдағы операциялардың жалпы шығарындылары туралы сұрап отыр, ал сіздер 2014-2015 жылдардағы мәліметтерді айтасыздар. Алдын ала ҚОӘБ кезінде сіздер есептік мәліметтер және математикалық модельдер бойынша жылына 126 000 тонна шығарамыз дедіңіздер. Бүгінде ТШО 85 000 тонна шығарып отыр, алайда министрліктен тек 55 000 тоннаға ғана рұқсат алынды. Біз тұншығып жатырмыз деп наразы боламыз. Жүрек-қан тамырларының, тыныс алу жүйесі сырқаттарының саны көбеюде. Шығарындылар мен тәуекелдіктерді азайту үшін сіздер қандай шара аласыздар? Математикалық модельге келер болсақ: ұсақ-түйектерді ескеру керек, бұған жарылған құбыр дәлел болады. Коррозия салдарынан теңіздегі бөлігі емес, құрлықтағы бөлігі жарылды. Неліктен? Қалай?! Шығарындыларға қатысты айтарым: мен алдын ала ҚОӘБ кезінде де шығарындылар бойынша нақты жауап ала алмадым, бұл мәліметтер берілмеді, күкірт бойынша мәліметтер ұсынылмады. Сондай-ақ, жобаның рентабельділігі мәселесі бойынша да жауап ала алмадым. Құбырды қалпына келтіру бойынша – апат үшін ешкімнің де жазалы болмағанына сенбеймін. ӨБК (өнім бөлінісі туралы келісім) туралы – бүкіл тәуекел мен қауіп-қатер қазақстандық тараптың еншісінде. Сонда, жобаның қымбаттауы мен апат та қазақстандық тарапқа жүктелгені ғой.

НКОК комментарийі:

– ҚОӘБ жоба қуаттылығына есептелген, максималды шығарындылар құрлықтағы кешен бойынша жылына 148 000 тоннадан аспайды. Теңіз кешені бойынша – жылына 85 000. Бұл алдын ала ҚОӘБ-де болған мөлшерден аз. Бекітілген әдістемеге сәйкес модельдеу нәтижесі - ластаушы заттардың концентрациясы норма шамасында болатындығын көрсетті. Күкірт бойынша ең жоғарғы өнімділік тәулігіне 3 800 тонна. Қалай болғанда да біз қойма көлемімен шектелгенбіз. Бұл 4 млн тонна. Алайда бірінші жылы 1 млн тоннадан көп түзілмейтін шығар деп топшыланып отыр.

Айта кету керек, қоғамдық тыңдауда Чернованың арқасында журналистер НКОК Н.В. компаниясысының ҮЕҰ мүшелерін өз зауытына апарып, жарылған құбырды қалпына келтіру барысын көрсеткенін білді. Кейін комментарий алмақ болғанда, НКОК Н.В. компаниясының ауқымды жұртшылықпен байланыс бөлімі өкілдерінің бірде-біреуі неліктен компанияның жұртшылық пен облыс тұрғындарын елемейтіндігі туралы және мұндай турларға қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы әңгімелеуге әзір журналистерді неліктен тартпайды деген сұрағыма жарытымды жауап бермеді.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

16 маусым 2016, 18:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.