Атырау, 29 наурыз 11:11
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Елбасымен тілдескен Телеғұсовқа іздеу жарияланды

3 181 просмотра

Бүгін, 24 желтоқсанда Жаңаөзен қаласындағы ІІБ-де 16 желтоқсанда орын алған тәртіпсіздіктерге белсенді қатысушыларға іздеу жарияланды.

Қала бойынша ілінген бағдарларға сәйкес, полиция 26 адамды іздестіруде. Барлық күдіктілер, Жаңаөзендегі дереккөздеріміздің пікірінше, ереуілге шыққан мұнайшылар қатарынан екен. Ұстауға көмек көрсеткені үшін сыйақылар уәде етіліп, құпиялылыққа кепілдік берілген.

Іздестіріліп жатқан тәртіпсіздік жасаушылар тізіміне соның алдында елбасымен кездесу кезінде сөз алған 63 жастағы Алдоңғар ТЕЛЕҒҰСОВТЫҢ да ілінгені қызық көрінді.

- Мен Назарбаевпен кездесу кезінде адамдарға оқ атқандары туралы шындықты айтып қана қоймай, облыс басшылығының тарапына сын айтуға да бытылым барды ғой. Елбасымен кездескеннен кейін облыс әкімінің орынбасары менде «үлкен проблема» болады деп уәде берді. Енді ешқайда жасырынбасам да маған іздеу жариялапты. Тәртіпсіздік кезінде мен алаңда болдым. Жастарды өздерін бейбіт әрекет етуге көндірдім. Егер мен сондай жанжал шығарушы болсам, неге мені сол кезде, алаңда ұстамаған? – деді А. Телеғұсов «АЖ» тілшісіне телефон арқылы.

Іздеу жарияланғандығы туралы жаңалық ереуілге шыққан мұнайшыларды қайта дүрліктірді. Түске таман адамдар, өздерінің айтуынша, жолдастарын қорғау үшін Мұнайшылар мәдениет үйінің жанына жиналды.

- Президент Назарбаев тәртіпсіздіктерге ереуілге шыққан мұнайшылар емес, арандатушылар кінәлі екенін жұртшылыққа мәлімдеді. Ендеше полиция біздің белсенділерімізді неліктен қамауға алғысы кеп отыр? – деп сұрақ қойды мұнайшылар.

Ал сол кезде біздің тілшімізге тізімде жазылған адамдардың кейбірінің оларға не үшін іздеу жариялағанын білу үшін полицияға өз аяқтарымен барғаны белгілі болды.   

Кешке қарай Маңғыстау облыстық ІІД баспасөз хатшысы Гүлзада ТӨЛЕУҒАЛИЕВА Жаңаөзендегі жаппай тәртіпсіздіктерге қатысы бар деп күдіктелген тұлғаларға қатысты іздеу жарияланғанын растады.

- Іздеу жарияланғандар тізімі тергеу барысында толықтырылып отырады. Қазір ұсталғандар бар.

Сәния ТОЙКЕН

Маңғыстау облысынан

Суретті түсірген автор

24 желтоқсан 2011, 23:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.