Атырау, 20 сәуір 14:01
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

​Грузияда пантеонға кімдер лайықты?

Сурет
3 379 просмотра


…«Тарих дөңгелегі айналып отырады» деген түсінікке қатысты ойға шомдым. Неліктен адамзат тарихының айналып келіп отыратынын, әлдебір оқиғалардың қайталанып отыратынын түсінгім келді. Адамзаттың белгілі бір даму циклі қисынды нәтижеге әкеледі, бұл - тәубеге келу. Тбилисидегі пантеонға аяқ басқан кезде мен осындай ой жетегінде болдым.

Бұл жердің тарихы да таңғаларлық. Қазіргі уақытта «пантеон» сөзі қазақстандықтарға жиі естіліп жүргендіктен, бұл туралы бірер сөз айтуды жөн көрдім. Айта кету керек, ұлы адамдардың сағанасын салу туралы мәселе елімізде әлденеше рет талқыланып келеді.

1966 жылы дүлдүл қазақ ақыны Махамбеттің бейіті қазылғаннан кейін Қазақстанда пантеон салу мәселесі көтерілді. Сол кезде ақынның бейіті оның келбетін жасау үшін ашылған еді. Осы мақсатта ақынның сүйегін астанаға алып кетті. Бұл немен аяқталды? Махамбеттің сүйегі 17 жыл қорапта жатты. Балконда. Сүйек 1983 жылы қайта жерленді. Орталық комитет Махамбет, Құрманғазы және басқаларды қайта жерлеу үшін пантеон салуды жоспарлағандықтан қайта жерлеу уақыты ұзаққа созылған дейді. Десе де, сағана ақыры салынған жоқ...

Бірақ грузин пантеонына оралайық.

Соңғы күндері құйып кеткен Батумидің қара жаңбырынан кейін шыжыған Тбилисиге табан тигізу тамаша еді. Осы сапарға танымал туристік орындарға бармастан, сағананы көру үшін аттандым. Айта кету керек, қалада екі пантеон бар. Бірі Мтацминда тауында, екіншісі – алғашқысындағыдай аса танымал емес тұлғалар жерленген Дидубе пантеоны.

Уақытым тек біріншісіне ғана баруға жетті.

Кірер ауызда «Мтацминда, жазушылар мен қоғам қайраткерлерінің пантеоны» деген қарапайым маңдайша ілінген. Анкарадағы Ататүріктің Аныткабыры секілді сағана көрем деген үмітім ақталмады.

Бұл демалыс күні болатын, сондықтан тау басында үйлену тойының сап түзеген көліктері көп болды. Менің жолбасшым филология ғылымдарының докторы Тина Церетелидің сол күні маған жол көрсетуге келіскені үлкен сәттілік еді. Ол той күні пантеонға зиярат ету міндетті шарт екенін әңгімеледі. Олар Мтацминда тауындағы Әулие Давид шіркеуінің жанында өздерінің соңғы мекендерін тапқан жандарға осылайша құрмет білдіреді екен. Өйткені, бұл жерде грузин халқының санасына ықпал еткен жандар, Грузияның рухани көшбасшылары, жазушылар, ғалымдар, әртістер, режиссерлер мен қоғам қайраткерлері жерленген. Алаңының шағын болуы, зираттарының ретсіз орналасуы бастапқыда орынның пантеонға арналмағандығын тағы бір растайды. Мұның бәрі Александр Грибоедовтың қазасынан басталған. Ол әйелі Нинамен бірге шіркеу түбіндегі үңгірге (гротқа) жерленген. Пантеонның өзі ресми түрде 1929 жылы ашылған. Бұл оқиға Грибоедовтың қаза болған күнінің 100 жылдығына орайластырылған.

Уақыт өте келе көптеген қоғам қайраткерлері, жазушылар, азаттық қозғалыстарының көшбасшылары пантеонға қайта жерленген. Оқып-тоқығаны мол сұхбаттасымды тыңдаған сайын грузин халқы мен осы елдің тарихына деген құрметім арта түсті. Грузияның алғашқы президенті Звиад Гамсахурдияның зиратына жас гүлдер қойылыпты. Ресми жорамалға сәйкес, ол желкесінен екі мәрте оқ атып, өз-өзіне қол жұмсаған екен.

Ең құрметті орында ақын, публицист, ұлт тәуелсіздігінің күрескері Илья Чавчавадзенің бейіті орналасқан. Халық арасында оны «отан әкесі» деп атайды. Илья Чавчавадзе 1907 жылы өлтірілген. Алайда, ресми нұсқада оны бандиттер атып кеткен деседі. Қазіргі заманғы зерттеушілер мұның ар жағында большевиктер тұрған деп есептейді. Ол кездері ұлттық мүддеге қарсы шыққан жандар мен Филипп Махарадзе басшылық еткен большевиктер арасында аяусыз күрес жүрген. Міне, осы жерге толығырақ тоқталып өткен жөн. Филипп Махарадзе – кеңестік қоғам қайраткері, жер ісінің халық комиссары, Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы, ОСК, ревком төрағасы және т.б. қызметтер атқарған. Бір сөзбен айтқанда, кеңестік Грузия тарихындағы ірі тұлға.

Бір ғажабы, бастапқыда Махарадзенің өзін сол Илья Чавчавадзе жерленген пантеонға жерлеген. Бұл Әлихан Бөкейхановтың Левон Мирзоянмен бірге бір бауырластар зиратында жатқанын еске салды...

Жендеттер мен құрбандар. Иә, тарих дөңгелегі айналып отырады, тарих тәлкегі деген осы...

Филипп Махарадзені 80-ші жылдары Тбилисидің басқа зиратына қайта жерлеген. Ал онымен бірге басқа большевик қайраткерлері Миха Цхакая мен Силибристо Тодрияның сүйектерін қайта жерледі. Біріншісі Бүкілгрузиндік ОСК төрағасы, екіншісі Тбилиси ревкомының төрағасы болды.

Кеңестік қайраткерлердің сүйектері салынған бұл табыттарды үнемі белгісіз адамдар қазып тастайтын болғандықтан, жергілікті халық осылай жасаған. Қазып алып, табытты бейіттің жанында қалдырады екен. Жұмысшыларға сүйектерді кері көмуге тура келген. Алайда қайта-қайта қазып тастайтын болыпты. Ақырында оларды басқа зираттарға қайта жерлеуге тура келген. Тина бұл фактінің жария етілмегендігін, өйткені бұл ортағасырлық ғұрып екендігін айтты, мұндай шараны қоғам құптамайтын еді. Бірақ бұл: «Сендер бұл жерде жатуға лайықты емессіңдер» деген тілсіз жолдау еді. Грузиндер адам о дүниеге аттанған соң, жаны жерде тыныштық табады деп сенеді. Егер ол Адам болса ғана. Ал олай болмаса, оны жер де қабылдамайды.

Осы тақырыпта, естеріңізде болса, Тенгиз Абуладзенің «Покаяние» деген фильмі түсірілген. Фильмнің сюжеті көзі тірісінде көптеген адамдарды қуғын-сүргінге ұшыратқан ірі кеңес қайраткерінің хикаясы төңірегінде өрбиді. Ол көз жұмғаннан кейін оның табытын бір әйел үш мәрте қазып алған. Бұл әйелдің анасы мен әкесі осы адамның бұйрығымен түрмеде құртылған еді. Сотта ол әйел: «Үш мәрте қазып алдым, тағы үш жүз рет қазып аламын» дейді. Айтпақшы, үкіметте Сталиннің анасын қайта жерлеу туралы мәселе де көтерілген. Алайда «Анасы өз ұлы үшін жауап бермейді» деген тұжырымға келген.

1937 жылы анасы өлген кезде Сталин жерлеу рәсіміне келмейді, өйткені «әскерилер ісімен» бос болмайды. Кекені Грузияның бүкіл НКВД-сі жерлейді. Сталиннің анасының үлкен ескерткішінің артында суретші Нико Пиросманидің кенотафы орналасқан. Оның махаббат тарихы «Миллион алых роз» әніне негіз болған. Кенотаф – бұл өлген адамның сүйегі жерленбеген жерге қойылған құлпытас. Нико Пиросмани жоқшылықта өмір сүрген, ал ол өлгеннен кейін суретшінің қайда жерленгенін ешкім көрсете алмаған.

Жалпы грузин билеушілеріне сән-салтанат тән болмаған, өйткені «патша сарайы» секілді түсінік болмаған. Сондықтан да патшалардың қабір плиталары шіркеулердің еденінде орналасқан шығар. Көпшілігі Мцхета қаласындағы Светицховели храмына жерленген. Мәселен, Грузия тарихындағы белгілі тұлғалардың бірі, Давид Строитель патшаның зираты Кутаиси қаласындағы Гелати монастырында орналасқан. Әрбір келуші патшаның қабіртасына аяқ баса алады. Аңыз бойынша, ол «әр адамның оның жүрегіне аяқ басқанын» қалаған. Осылайша ол өзінің өркөкіректігі үшін өкініпті.

Бұған қайран қалдым. Грузияда зираттардан тәжім ететін орын жасамайтыны, алып кесенелер тұрғызбай, адамдардың аяқ астына қарапайым ғана жерлейтіндігі қайран етті. Тіпті әлдебір уақыт өткеннен кейін де бұл жерде адамның көзі тірісінде жасаған іс-әрекетіне баға беріп, оны қайта жерлей алады. Келесі ұрпаққа: лайықты өмір сүріңдер, халық сендерді пантеонға кіргізді, халық одан шығара да алады дейтіндей... Бұл бірнеше ондаған жылдар еншісіндегі мәселе.

Айжан ХАМИТ, «АЖ» меншікті тілшісі

Суретті түсірген автор

15 маусым 2016, 18:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.