Атырау, 19 сәуір 19:48
 ашықВ Атырау +19
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

№5 емханада кезек жоқ

2 130 просмотра

Құлманов көшесінен ескі әуежайға дейінгі аумақта тұратын тұрғындарға қызмет көрсететін №5 емхана пациенттері «Кезексіз емхана» бағдарламасының артықшылықтарын Атыраудағы алғашқылардың бірі боп бағалай алды.

 

«Тіркеу бөлімінен диспетчерлік және анықтама қызметін бөлгеннен кейін жұмыс істеу анағұрлым жеңілдеп қалды. Бұрын тіркеу бөлімінің қызметкерлерінде жұмыс көп болатын. Олар қоңырауға жауап беріп, шақыртулар қабылдап, сұрақтарға жауап беретін. Қазір барлық сұрақтарға анықтама бөлімі жауап береді. Диспетчер пациенттерден, жедел жәрдем қызметінен дабылдарды қабылдайды. Қажет болған жағдайда пациенттерді басқа емханаларға жібереді. Тіркеуші пациенттерді дәрігер қабылдауына жазады, олардың келу уақытын реттеп, алдын-ала дәрігерлерге хабардар етеді, - дейді №5 емхананың бас дәрігері Күлшара ЖҰМАҒАЛИЕВА. – Барлық қызмет компьютерленген, локалды жүйе жұмыс жасап тұр. Пациент белгілі бір уақытта маманның қабылдауына кіретін болса, дәрігер сол мезет өзіне кімнің келгенін білетін болады. Науқастардың амбулаториялық карталарын қазір жеке кабинетте сақтаймыз. Ал уақыт өте келе электронды құжат айналымын енгізіп, пациенттер туралы барлық мәліметтерді электронды түрде сақтамақпыз. Пациенттердің қолына амбулаториялық картаның басып шығарылған көшірмесі беріледі».

№5 емханада 31 мыңнан астам адамға - Атырау, Самал, ескі әуежай ықшам аудандарының тұрғындарына қызмет көрсетіледі. Жеке үйлер көп бұл ауданда, әсіресе, көктемде басқа жақтан келушілер, мигранттар көп болады. «Біз барлығын қабылдаймыз. Пациенттерді тіркеу есепте тұрған мекен-жайына емес, нақты тұрғылықты жеріне байланысты болады, - деп атап өтті К. Жұмағалиева. – Бір адам Ақтөбеде есепте тұруы мүмкін, бірақ оған жергілікті емханада қызмет көрсетіледі. Бастысы, ол өз қаласынан шығару талонын алып, осы жерге тіркеу бағдарламасы арқылы тіркелуі қажет».

Бұдан басқа,  жақында емхана жалғамасының жаңа ғимараты ашылды. Онда отбасылық жоспарлау, гинекология, УЗИ және зертхана кабинеттері жұмыс істейді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА  

22 желтоқсан 2011, 16:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.