Атырау, 29 наурыз 00:18
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Бекірелердің уылдырық шашуы, "қайта тірілген" жыланбалық және басқа да "ғажайыптар"

10 254 просмотра

Уылдырық шашатын жерлердің көбінің жағдайы нашарЕлена БОКОВАМына кішкентай жыланбалықты теңізден 10 шақырым жерден ұстаған

Жайық-Каспий бассейніндегі бекіре тұқымдастар популяциясының азаюына өңірдегі браконьерлік және экологиялық ахуал ғана емес, табиғи факторлар да әсер етуі мүмкін, - деп есептейді Балық шаруашылығы ғылыми зерттеу институты (БШҚазҒЗИ) Атырау облыстық филиалының ғылыми хатшысы Елена БОКОВА.

КУТУМ МЕН КАСПИЙ ЖЫЛАНБАЛЫҒЫ ПАЙДА БОЛДЫ

- Елена Бориcовна, бірнеше жыл бұрын Маңғыстау облысының жағалауындағы Солтүстік Каспий теңізінен Қызыл кітапқа енген кутум балығының табылғаны туралы хабарладыңыз. Оның тағдыры не болды?

- Шынымен кутумді бес жылдан бері зерттеп келеміз. Сол кезде бізге балықшылар кәсіпшілікпен балық ауланатын Маңғыстау облысындағы Солтүстік Каспий теңізі жағалауындағы ихтиофаунаны зерттеу өтінішімен жүгінген болатын. Олардың айтуларынша, аулаған кезде кутум табылған. Бұл Жайық-Каспий бассейнінде мекендейтін және Қызыл кітапқа енгізілген 5 балықтың біреуі. Біздің ихтиологтар зерттей бастап, ауланған балықтардың жартысындай дерлік бөлігі осы балық екенін анықтады. Бұл әлдебір процесстің орын алып, кутумның популяциясы көбейе бастағандығын білдіреді. Демек, оны Қызыл кітаптан шығаруға және кәсіпшілікпен аулау туралы мәселені қоюға болады. Айтпақшы, бүгінде Қазақстан кутум балығы Қызыл кітапта қалған Каспий өңірі елдерінің ішіндегі бірден бір ел болып табылады. Ресейде, Иранда, Әзірбайжанда ол тыйым салынған санаттан әлдеқашан шығарылған. Бірақ ол жерде оны жасанды өсіп-өндірумен айналысады. Бізде ол өздігімен өз популяциясын қалпына келтірген болып шықты. 2012-14 жылдары біздің ихтиологтар Жайықтан кутумның уылдырық шашу барысын байқады.

Осы уақыттар бойына ихтиологтар кутумге бақылау жасап, оның массасы мен салмағын өлшеп, жынысын анықтады. Қазіргі кезде біз ғылыми-зерттеу жұмыстары үшін 100 келісін аулау лимитіне қол жеткіздік. Егер көктемде Маңғыстау облысының акваториясындағы теңіз жағалауына қарай жыныстық жетілген кутумның жақындағаны анықталса, онда бұл уылдырық шашу жүріп жатқанына дәлел болады. Демек, осы түр табиғи қалпына келіп жатыр.

- Бәлкім, бұрын болмаған балықтардың тағы басқа түрлері де байқалған шығар?

- Өткен жылы шабақтардың өрістеуіне бақылау жасау барысында біз Каспий жыланбалығын ұстадық. Бұл балықтың ұзындығы 80 см-ге жетуі мүмкін. Сыртқы түрі жыланға ұқсайды. Ол да Қызыл кітапқа енгізілген. Жиырма жыл бойы көрінбеді. Бұл кішкентай жыланбалықты теңізден 10 км жерде Жайықты сүзу кезінде ұстап алдық. Сол кезде кәсіпшіліктердің біріндегі балықшылардан «ауға жыланға ұқсайтын өзгеше ұзын балық түсіп қалды» дегенін естідім. Мұның бәрі бірнеше жыл бұрын жоғалып кеткен жыланбалықтың әлі де бар екендігін дәлелдейді. Айта кету керек, ол өте жылдам қозғалады, сондықтан табу қиын. Бірақ оның бар екендігі белгілі болды, енді оның популяциясы қандай екенін анықтау керек.

УЫЛДЫРЫҚ ШАШАТЫН ЖЕР ЖОҚ

- Бүгінгі күні бекіре тұқымдастар популяциясының халі нешік?

- Биыл сәуірден бастап біз уылдырық шашуға бақылау жасадық. Жайыққа шоқыр, бекіре және сүйрік балықтары кірді. Қортпа мен кертік байқалмайды. Жыл сайын 1-30 маусым аралығында бақылау жасаймыз. Егер біздің сүзгімізге бекіре тұқымдастардың шабақтары түссе, демек балық уылдырық шашатын орынға жетіп, уылдырық шашты деген сөз. 2014 жылы, мәселен, біз бекіре тұқымдас 164 дана шабақ ұстадық. Ал өткен жылы бірде-бірі түспеді.

- Бұл нені білдіреді?

- Балық уылдырық шашатын жерге жетті, бірақ ол жерден қолайлы жағдай таба алмады деп болжауға болады. Мәселе мынада, бекіре тұқымдастардың уылдырық шашу процесіне қатарынан бірнеше фактор әсер етеді. Мәселен, уылдырық шашатын орынның өзі. Олардың көпшілігі бүгінде өте нашар күйде. Бекіре уылдырық шашып, ұрықтанғаннан кейін ол дами бастау үшін уылдырық шашатын орын бірқатар талаптарға сай келуге тиіс. Бұлар - құмайтты және құм шөгінділері, қатты ағыс, суда оттек құрамы жоғары мөлшерде болуға тиіс.

70-жылдары уылдырық шашатын алаң 1700 га-ға жетті, бүгінде – 980,1 га құрайды. Егер бұрын Жайық бойымен жоғары Орал қаласына дейін 70-тей уылдырық шашатын орын бар болса, енді қазір олар уылдырық шашылуы мүмкін жиырма шақты жерден аспайды. Қалған уылдырық шашатын орындарды шөп басып, лайланған, кейбіреулері тіпті кеуіп қалған. Бекіре тұқымдастар мұндай жағдайда уылдырық шаша алмайды, ал егер шашқан күннің өзінде, уылдырық дами алмайды. Бұл бірінші жайт.

Екіншісі – уылдырық шашуға шығатын жол жақсы күйде болуы тиіс. Өзендегі су деңгейі жоғары болып, балықтың табиғи түйсігін оятып, уылдырық шашу үшін ағысқа қарсы көшуге мәжбүр ететін қатты ағыс болуы керек. Бұрын бекіре тұқымдастар өзен бойымен жоғары, Орал қаласына дейін көтерілетін. Қазір олай емес. Өйткені соңғы жылдары өзендегі су деңгейі төмен, ағысы баяу. Егер бұрын су тасқыны (бұл уылдырық шашатын ең қолайлы уақыт) бір ай және одан көп уақытқа созылған болса, қазір 10-15 күн ғана болады.

Менің пікірімше, браконьерлік пен қолайсыз экологиялық ахуалға қарағанда, бұл факторлардың барлығы балық популяциясына анағұрлым көп әсер етеді. Айтпақшы, экологиялық ахуалға келер болсақ: біздің мамандар судан тұрақты түрде сынама алып отырады және олардың құрамында ауыр металл тұздарының, фенолдардың және басқа зиянды заттардың болуын зерттейді. Қандай да болмасын шекті рұқсат етілген концентрациядан ауытқушылық анықталмады.

- Мұндай жағдайда қандай шара алу керек?

- Уылдырық шашатын жердің қамын жасап, лайдан тазартып, түбіне қиыршық тастар төгіп тастау керек. Егер біз осылайша ең болмағанда 5-10 жерді әзірлесек, соның өзі жақсы болады. Елестетіп қараңыз, уылдырық шашуға екі аналық пен екі аталық кірді делік. Шоқырдың тұқым беруі – 200 мың уылдырықшаға дейін, қортпада – 700 мыңға дейін. Бұл шаралар уылдырықты ойдағыдай шашуға көп мүмкіндік береді.

- Өрістеу кезінде шабақтар жыртқыштармен бетпе бет келетін шығар. Бұл қаншалықты айтарлықтай проблема?

- Бізде көксерке, шортан, жайын, ақмарқа балықтары жыртқыштар деп есептеледі. Зерттеу жүргізген кезде олардың асқазандарынан бекіре тұқымдастардың шабақтарын таппаймыз. Бұл олар үлкен қауіп төндірмейді деп жорамалдауға негіз береді. Жыртқыштарға өзендегі басқа азықтар жетерлік.

ГЕН АЛДАНБАЙДЫ

- 10 жылдан бері бізде бекіре тұқымдастар жасанды түрде өсіп-өнуде. Жыл сайын табиғи ортаға жіберілетін шабақтардың әрі қарайғы тағдырына бақылау жасала ма?

- Бұл өте салмақты сұрақ. Табиғи ортада шабақтардың бейімделуі қалай өтіп жатқанын, олардың қалай көшетінін, немен қоректенетінін, теңізде қалай бейімделетінін білу маңызды. Әзірге мұндай зерттеулер жүргізілмейді. Бұл өте шығынды, бірақ шынайы шара. Сонымен қатар, жыныстық жетілген балықты зерттеу қызықты болар еді. Бір кездері жасанды ортада өсіп-өнген балықтың қазір уылдырық шашуға бара жатуы әбден мүмкін. Генетикалық деңгейдегі зерттеу бекіре тұқымдастарды жасанды өсіп-өндірудің қаншалықты тиімді екенін бағалауға мүмкіндік берер еді. Популяция негізінен табиғи жолмен жасала ма, әлде қорлар жасанды жолмен өсіп-өндірілген балықтармен ғана толыға ма? Бұл сұрақтарға жауаптар алу өте маңызды, сондықтан да қазір бізде генетикалық зерттеу орталығы құрылуда.

- Бәлкім, жасанды жолмен алынған шабақтардың жыныстық жетілген кезде уылдырық шашу үшін қайда бару керектігін ұғына алмауы мүмкін бе?

- Біздің генетиктер бұл мәселені зерттеуде. Бір қызығы, «жасанды» шабақта ата-анасының гені болады. Табиғи ортада шабақтар жыныстық жетілген кезде осы ген іске қосылып, балық өзінің қай бағытқа қозғалатынын нақты біледі.

Бізде орыс бекіресі, Ресейде – сібір бекіресі, Иранда – парсы бекіресі мекендейді. Осы түрлердің барлығы қазір жасанды жолмен толығуда. Бірақ сібірлік бекіре уылдырық шашу үшін ешқашан бізге келмейді. Біздің бекіре де ешқашан Иран жаққа кетпейді. Балық өз үйінің қайда екенін және қалай қарай жүзу керек екендігін айқын біледі.

ЖАЙЫҚ ҚАРА БАЛЫҚ ҮШІН - ЖҰМАҚТАЙ

- Жартылай өтпелі түрлерге немесе қара балықтарға қатысты ахуал қандай?

- Биыл Жайыққа жартылай өтпелі балықтардың барлық түрі кірді. Әдеттегідей, ең көбі – қаракөз бен табан балықтары. Ең алдымен, бұл «Бекіре-2016» балық қорғау акциясын өткізген Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қызметкерлерінің еңбегі. Балық шаруашылығының су тоғандарында кәсіпшіліктің жүргізілуіне қатаң бақылау жасау және Жайық өзенінде тыйым салынған аулау құралдарын жедел тазарту уылдырық шашатын орынға жартылай өтпелі және бекіре тұқымдас балықтардың көшу санын көбейтті. Биыл біз су деңгейі жеткілікті дәрежеде жақсы, ағыс жылдамдығы да жаман емес деп белгілеп отырмыз. Балық уылдырық шашуға өте тез өтті. Жайықта жартылай өтпелі балықтар уылдырық шашу үшін керемет жағдай бар. Бұлар – шөп басқан бөгеулер мен шығанақтар. Бізде мұндай жерлер жеткілікті. Сондай-ақ, Жайықта азық базасы да мол. Бұл балықтар біздің өзенде өздерін керемет сезінеді деп айтуға болады.

- Институт қызметінде қандай да болмасын жаңалықтар бар ма?

- Биылдан бастап біз ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың су қоймаларын зерттей бастадық. Бізде бұл «Ақ Жайық» резерватынан басқа, Приморский және Право-яицкий каналдары. Алдымызда сол жерде мекендейтін ихтиофаунаның түрлік құрамын, популяция санын анықтау және уылдырық шашу үшін ахуалға баға беру міндеті тұр.

Каналдар әр уақытта да болды, бірақ оларда не болып жатқанын біз білмейміз. Бәлкім, оларды спорттық-әуесқойлықпен балық аулауды ұйымдастыру үшін ұсынуға болатын шығар. Мүмкін ол жерде бағалы кәсіпшілік балықтары бар болып шығар. Сол кезде осы жерден өнеркәсіптік балық аулауды ұйымдастыру туралы мәселе қойылады.

Сұхбаттасқан Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

3 маусым 2016, 22:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.