Атырау, 24 сәуір 21:21
 ашықВ Атырау +13
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Балаңыздың қасында болғыңыз келсе, ақы төлеңіз

2 588 просмотра

Отбасы мүшелері ауруханада мынадай жағдайға тап болды: егер баланың жасы 3-тен асқан болса, онда ол ауруханаға жалғыз жатқызылады екен. Ал, ата-аналары бірге жатуды қадала өтінген жағдайда ақы төлеуге тиіс. Облыстық балалар ауруханасында бір тәулік үшін 1 800 теңге төленсе, жұқпалы аурулар ауруханасында – 1 600 теңгеден. Әрі олардың қай-қайсысында да қосымша төсек берілмейді. Бұл сонда қайдан шыққан тәртіп, ақшаны қандай негізге сүйеніп алып отыр?

Телефон арқылы

Сауалға облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айбек ОРЫНБАСАРОВ жауап берді:

– Біз Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігінің 2015 жылғы 29 қыркүйектегі №761 «Стационарлық көмек көрсету ережесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес әрекет етеміз. «Стационарлық көмек көрсету тәртібі» ережесінің екінші бөлімінің 19-тармағында стационарда емделу барысында үш жасқа толмаған балалардың, сондай-ақ, дәрігердің тағайындауы бойынша қосымша күтімді қажет ететін ауыр науқасты 16 жасқа дейінгі ересек балалардың аналарына (әкелеріне) немесе өзге де балаға күтім көрсететін адамдарға медициналық ұйымда онымен бірге болу мүмкіндігі мен еңбекке уақытша жарамсыздық парағы беріледі делінген. Бір жасқа дейінгі бала емізетін ана баласын күткен кезеңде медициналық ұйымда тегін тамақтанады. Стационарлық ем алып жүрген балаға күтім жасайтын ана (әке) немесе өзге адам тегін жататын орынмен қамтамасыз етіледі. Кейбір жағдайларда балаға күтім көрсетуді стационар қызметкерлерінің өздері де қамтамасыз етеді. Ал, егер 3 жастан асқан баласына анасының өзі күтім жасаймын деп стационарда болуды қаласа, онда бұл қызмет ақылы болады. Анасының стационарда тәулік бойына болуы 1 800 теңге, бұл сомаға тамақтану және коммуналдық қызмет төлемдері кіреді. Қосымша төсек берілуі тиісті емес.

Жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің емдеу жөніндегі орынбасары Надя ЕРҒАЛИЕВА аурухананың қабылдау бөлмесінде-ақ ата-аналарға 3 жастан асқан баламен бірге болу ақылы екендігі ескертілетінін айтып өтті. Бір тәулік үшін 1 600 теңге. Бұған тамақтану кірмейді. Ата-аналар үшін қосымша төсек ұсыну мүмкіндігі қарастырылмаған.

2 маусым 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.