Атырау, 19 сәуір 22:15
 ашықВ Атырау +19
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Жаңаөзен: тәртіпсіздіктер басылды, құрбандар мен жаралылар саны көбейді

3 501 просмотра

16 желтоқсан күні кеште Жаңаөзендегі жаппай тәртіпсіздіктер жалғасып жатты. Ал Ақтауда полицейлер әріптестеріне ниеттестік білдіру белгісі ретінде орталық алаңға жиналған мұнайшыларды жаппай қамауға алды.

Ереуілге шығушылардың айтуынша, 16 желтоқсанда кешкісін Жаңаөзендегі қаза болғандар мен жаралылар саны көбейген. Түрлі бейресми ақпарат көздері түрлі цифрларды атайды, сондықтан қаза болғандар саны 10-нан астам деп жорамалдауға ғана болады. осылай деп Бас прокуратура хабарлаған еді. Күш құрылымдары тарапынан да жапа шеккендер бар: 6 полицей ауруханаға жеткізілген, оның біреуі аса ауыр халде.

«Қақаған аязға қарамастан халық тарамай отыр. Адамдар әлі де алаңда топталған. Қаладан мылтықтың атылған дауысы естіледі», - деп хабарлады оқиғаны көзбен көргендер.

Аудан орталығында әскери ахуал қалыптасқан. Әзірге көрші облыстардан күш құрылымдарын тарту жөнінде расталмаған ақпарат бар. Атыраулық омондар тобы Жаңаөзенге жетіпті.

- Кешке қарай алаңға жиналғандарға омондықтар келіп, зақым келтіретін қарудан ата бастады. 4 адам жарақаттанып, 1-уі қаза болды, - деп хабарлады сол жердегі қатысушы оқиға болған орыннан.

Облыс орталығы Ақтауда «Қаражамбасмұнай» АҚ компаниясының жұмыстан босатылған жұмысшылары да 16 желтоқсанда компания кеңсесінің жанына жиналыпты.

- Жаңаөзендегі жағдай туралы естіген соң үйімізде отыра алмадық. Полицейлер бейбіт халыққа оқ атқаны белгілі болғанда, оларға ниеттестік білдіру белгісі ретінде Ақтау қаласының «Ынтымақ» деп аталатын орталық алаңына жиналдық, - деп мәлімдеді «Қаражамбасмұнай» АҚ жұмысшылары белсендісі Еркін Озған.

Оның айтуынша, Маңғыстау облысының Шетпе ауданының тұрғындары Ақтауға жете алмапты. Олар Шетпедегі аудандық әкімдіктің маңына жиналған.

- Қаруланған полицейлер Ақтауда жаппай қамауға алу жұмыстарын жүргізген. Олар сол жерде тұрғандарды ма әлде өтіп бара жатқан жүргіншілерді ме, байыбына бармастан машинаға тоғытып, ҚІІБ-не алып кеткен, - деп хабарлады Е. Озған «АЖ» тілшісіне.

ӨМГ ҰЖЫМЫ ТӘРТІПСІЗДІКТЕРГЕ ҚАТЫСҚАН ЖОҚ

«Қазмұнайгаз БӨ» АҚ баспасөз қызметі «Өзенмұнайгаз» ӨФ-ғы жағдай туралы ақпараттық хабарлама таратты. Хабарламаға сәйкес, ӨМГ еңбек ұжымы тәртіпсіздіктерге қатыспаған, өндірістік филиалдардың барлық құрылымдық бөлімшелері штаттық режимде жұмыс жасаған. Бірақ ӨМГ кеңсесінің ғимаратының өртенгенін теріске шығармады. «Қазіргі кезде зиян мөлшерін бағалау мүмкін емес. Бұл кейінірек жасалады. ҚМГ БӨ басшылығы өндірістік нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын алып жатыр. Кәсіпшілік аумақтарын күзету күшейтілді», - делінген хабарламада.

Естеріңізге салсақ, Маңғыстау облысындағы мұнайшылар ереуілі биылғы жылдың мамыр айының ортасында басталған еді. Ең бірінші болып еңбекақыларын көтеружөніндегі өз талаптарын «Қаражамбасмұнай» АҚ, «АрғымақТрансСервис» ЖШС және «ТұлпарМұнайСервис» ЖШС жұмысшылары қоя бастады. Кейінірек, оларға «Өзенмұнайгаз» ӨФ мұнайшылары қосылды. Жұмыс берушілер, өз кезегінде, олардың талаптарын заңсыз деп танып, мыңдаған жұмысшыларды жұмыстан шығарып жіберді.

Жаңаөзеннен ішкі істер министрі Қ. Қасымов жаппай тәртіпсіздіктер басылғанын, қалада тәртіп орнап, 70-тей адам ұсталып, 75-і ауруханаға түскенін хабарлады.

Сәния ТОЙКЕН

19 желтоқсан 2011, 13:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.