Атырау, 29 наурыз 00:53
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

«Реал» Чемпиондар лигасын ұтты

2 235 просмотра

Image 0

2015/2016 жылғы маусымдағы Чемпиондар лигасының жеңімпазы анықталды. Миланда өткен мадридтік дербиде жеңімпаз пенальти сериясында анықталып, «Реалдың» асығы алшысынан түсті,- деп хабарлады Мassaget.kz.

«Сан-Сиродағы» мадридтік дерби тартысқа толы басталды. Алғашқы минуттардан «Реал» алға ұмтылса,«Атлетико» қорғанысты басты назарға ұстаумен болды. 6 минутта Гарет Бэйлдің айып соққысынан асырған пасына Каземиро бірінші жетіп, қақпаға соққы бағыттады. Бұл сәтте қақпашы Ян Облак допты сәтті қайтара білді.

«Корольдік клубтың» шабуылда ширақ қимылдауы өз нәтижесін көп күттірген жоқ. 15 минутта Тони Кроостың айып соққысынан тепкен добын Гарет Бэйл қақпаға бағыттады. Бұл сәтте команда капитаныСерхио Рамос алға ұмтылып, ойындағы есепті ашты. Бір қарағанда ойыншының аяғы допқа тимегендей болып та, оффсайд секілді де көрінген. Дегенмен бас төреші Марк Клаттенбург голды есепке алды. Нәтижесінде Серхио Рамос екі бірдей финалда гол соққан алғашқы қорғаушы атанды. Естеріңізде болса, 2014 жылы өткен финалда Серхио командасын соңғы сәтте жеңілістен құтқарып қалған болатын.

Бірінші тайм «Реалдың» басымдығымен өтті. Бірақ команданың үздік сұрмергендерінің бірі Криштиану Роналду ерекше ойынымен көзге түсе алмады. Бәлкім португалдық шабуылшыға жақында алған жарақаты кедергі болса керек. Ал «Атлетико» сапынан Фернандо Торрес көзге түскен жоқ.

Екінші тайм «Атлетиконың» ширақ шабуылымен басталды. 47 минутта айып алаңында Пепе Фернандо Торреске қарсы ереже бұзды. Нәтижесінде ағылшын төрешісі «Реал» қақпасына пенальти белгіледі. 11 метрлік айып соққысын Антуан Гризманн сәтті орындай алмады. Француз шабуылшысының тепкен добы қақпа бағанынан кері қайтты. Диего Симеоне шәкірттері таразы басын теңестіретін тамаша мүмкіндікті пайдалана алмады.

54 минутта «Атлетиконың» кезекті шабуылы қауіпті шықты. Кейлор Навас қақпасының алдындағы қарбаласқан сәтте Стефан Савич есепті теңестіре алмады.

70 минутта «Реалдың» екінші голын соғуына мүмкіндік болды. Еуропа чемпионатынан тыс қалған Карим Бензема Ян Облактан айласын асыра алмады. Араға 5 минут сала Гарет Бэйл өз мүмкіндігін пайдалана алмады.

79 минутта «Атлетиконың» жүйелі шабуылы өз нәтижесін берді. Хуанфранның асырған пасын ЯнникФеррейра Карраско голға айналдыра білді. Нәтижесінде таразы басы теңесті.

Негізгі уақытта жеңімпазды анықтай алмаған қос клуб қосымша уақытқа жүгінді. Қосымша уақытта аса қауіпті сәттер орын ала қойған жоқ. Қорытындысында жеңімпаз ойын соңындағы пенальти сериясында анықталды. «Атлетико» сапынан Хуанфран 11 метрліктен мүлт кетіп, Криштиану Роналду жеңіс пенальтиін орындады.

Айта кетейік, мадридтік «Атлетико» осы маусымдағы Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде елордалық «Астанамен» бірге ойнаған болатын. Мадридте алаң иелері қосалқы құраммен барған Станимир Стойлов шәкірттерін 4:0 есебімен жеңсе, Астанадағы ойын 0:0 есебімен аяқталған еді.

Дереккөз: Мassaget.kz

29 мамыр 2016, 14:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.