Атырау, 29 наурыз 01:47
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Спорт жаңалықтары

3 467 просмотра

Туризм

Қалалық спорт және өңірлік дене тәрбиесін дамыту орталығының бастамасымен Талғайраң поселкесінің маңындағы тоғайда білім беру мекемелері қызметкерлерінің арасында спорттық бағдарлау және туризм бойынша қалалық ашық біріншілік өтті.

Жарыста 10 команда бақ сынады. Спорттық бағдарлау бойынша Кіші өнер академиясы жеңімпаз атанды, туристік техникадан Абай атындағы №15 мектеп жеңіске жетті. Жалпы командалық есеп бойынша 1-ші орынды №15 мектеп, 2-ші орынды Кіші өнер академиясы, 3-ші орынды Б. Нысанбаев атындағы мектеп иеленді. Жарысқа дене тәрбиесін дамыту орталығының АӘД кабинетінің меңгерушісі Нұрлан Елеуов төрелік етті.

***

ММА

Ембімұнайгаз» АҚ жүлдесі үшін халықаралық турнир өтті.

Мұнайлы астана ақшалай сыйлықтар тағайындады: жеңімпаздарға –150 мың теңге, ұтылғандарға – 50 мың теңге. Алты қырлы рингтегі жекпе-жекке Иран, Тәжікстан, Ресей және Қазақстаннан (Атыраудан жеті спортшы және Ақтөбеден бір спортшы) сегіз жұп қатысты. Турнирге келген жанкүйерлер саны көп болды. Ринг төрінде 58 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша ирандық Хади Джалили мен атыраулық Фарид Имьяминов кездесті. Фарид ирандық спортшыны құлатып, партерде оны жұдырықпен соққылады. Ауыр салмақта (93 келіге дейінгі) бақ сынаған орынборлық Болат Құлшатыров пен Ақтөбеден келген Евгений Макшанцевтің жекпе-жегі әсерлі болды, айқас қазақстандық спортшының жеңісімен аяқталды. 77 келіге дейінгі салмақта ирандық Фатеми Юнестің қарсыласы атыраулық Исатай Теміров болды. Исатайды ирандық спортшы құлатқанымен, оның өзі «құрыққа» түсіп қалды. Исатай бастапқыда қарсыласының мойнынан тұншықтыра қысып, «үштік» тәсілді қолданып кетті, алайда оның қарсыласы шыдамдылық танытты. Сол кезде біздің спортшымыз оның мойнын босатып, қол ауырту әдісін ұтымды қолданып, қарсыласын берілуге мәжбүр етті. Атыраулық Самат Жақпаров пен Иран құрамасының өкілі Ихсан Хорошидвандтың айқасы бар-жоғы жиырма секундқа созылды. Самат қарсыласының жағынан джеб әдісімен соққы беріп, нокаутқа құлатты.

90 келіге дейінгі салмақта атыраулық Амангелді Бекқалиев бастапқыда ресейлік Владислав Модинді нокдаунға құлатып, бірнеше минуттардан соң партерде жұдырықтың астына алды. Атыраулық спортшылардың да ұтылған жекпе-жектері болды. 62 келіге дейінгі салмақта Досбол Матжанов ресейлік Максим Горобцке есе жіберіп алды. Келесі бір айқаста 69 келіге дейінгі салмақта тәжіктің оғланы Амриддин Имомербеков тартысты өткен үш раундты айқаста облыстық ММА федерациясының өкілі Джахар Шапхатовты тізе бүктірді. 73 келіге дейінгі салмақта біздің тағы бір жерлесіміз Аманбек Шаршеналиев тәжікстандық Рамзи Чиниевтен ұтылды.

***

Кикбоксинг

Атыраулық спортшы Азамат Өтемісов Будапештте кикбоксингтен 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, Әлем кубогын жеңіп алды.

Әлемдік масштабтағы фулл-контакт бөлімінде дәл осы салмақ дәрежесін атыраулықтардың «берік» ұстап тұрғандығы таңдандырады.

– Алдымен осы салмақта Wako әлемдік рейтингінде бірінші орынды Абзал Юсупов жеңіп алса, міне, енді Азамат Әлем кубогын иеленді, – дейді Атырау облысының аға жаттықтырушысы Данияр Юсупов.

Біздің екінші спортшымыз Жанәлі Сәлімгерей өзінің 51 келі салмағымен 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті (Әлем кубогында 51 келі салмақ дәрежесі қарастырылмаған). Алайда, бұл оның финалға дейін жетуіне кедергі болмады, ол финалдағы тартысты айқаста өзінің қазақстандық қарсыласына, халықаралық санаттағы спорт шеберіне есе жіберіп алды.

– Біз қазақы сыйластықпен үлкенге құрмет танытып, 1:2 есеппен жол бердік, – деп әзілдейді облыстық кикбоксинг федерациясының директоры Ерік Ботаханов.

***

Шахмат

АМУ-дің спорт залында облыстың бірнеше дүркін чемпионы, профессор Ғ.Айдарәлиевті еске алу құрметіне орай республикалық шахмат фестивалі өтті.

Сайысқа Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау және Қарағанды облыстарынан 90 шахматшы қатысты. Фестиваль швейцариялық жүйе бойынша тоғыз турдан үш күнге созылды. Әрбір қатысушыға жарты сағаттан уақыт берілді. Облыстық шахмат федерациясының вице президенті Сабырбай Ғайсиннің сөзіне қарағанда, жарыс тартысты өткен. Абсолюттік есеп бойынша 1-ші орынды жастар арасында өткен ҚР чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері Серік Кенжеев жеңіп алды, 2-ші орынды қарағандылық ойыншы Абылай Сұранчиев, 3-ші орынды қаладағы №24 мектептің 15 жастағы оқушысы Нұрбек Хайрошев иеленді. Басқа номинациялар бойынша мыналар жеңімпаз атанды: ардагерлер арасында – Қызылқоға ауданынан келген 76 жастағы Амангелді Сақтағанов, әйелдер арасынан – №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Жұлдыз Елеусін, жасөспірімдер арасынан – ҚР бірнеше дүркін чемпионы Нұрбол Ғалымжанов, қыздар арасынан –Н.Назарбаев мектебінің оқушысы Диляра Ғабитова, 12 жасқа дейінгі балалар арасынан – №34 мектептің оқушысы Сержан Олжасұлы, 9 жасқа дейінгі балалар арасынан – №17 мектептің оқушысы Аян Абдуллаев.

Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының (АИГИ) жүлдесі үшін өткізілген VI ашық шахмат фестивалі аяқталды.

Турнирге ҚР бірқатар облысынан келген 54 шахматшы қатысты. Доданың ең жас ойыншысы №13 ұлттық гимназияның оқушысы Әлиман-сұр Олжа, оның жасы жетіде, ал, ең үлкені – 77 жастағы Төре Жұмағалиев болды.

Облыстық шахмат федера-циясының вице президенті Сабырбай Ғайсиннің айтуынша, турнир жоғары деңгейде өткен және ол біздің өңірде көптеген талантты ойыншылардың өсіп келе жатқандығын көрсеткен. Жарыс швейцариялық жүйе бойынша жеті турдан өтті. Әрбір ойыншыға партия үшін 25 минуттан бөлінді. Жеке біріншілікте еліміз чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері болған Серік Кенжеев жеңімпаз атанды, екінші орынды АИГИ студенті Айбек Мақсот, үшінші орынды қарағандылық Абылай Сұранчиев жеңіп алды.

Номинациялар бойынша ардагерлер арасынан Қызылқоға ауданынан келген 76 жастағы Амангелді Сақтағанов, әйелдер арасынан облыстың бірнеше дүркін чемпионы Жұлдыз Елеусін, жасөспірімдер арасынан №33 мектептің 5 сынып оқушысы, ҚР чемпиондары Нұрлан мен Нұрбол Ғалымжанұлдарының кіші інісі – Ибрагим, қыздар арасында облыстық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері болған Сабина Салешова жеңімпаз атанды. «Жарысқа деген ынтасы үшін» арнайы сыйлығын АМУ студенті Әлсейіт Бектасов иеленді.

***

Дойбы

АМУ-дің спорт залында дойбыдан облыстық біріншілік өтті.

Жарысқа Атырау қаласы, Индер, Махамбет, Құрманғазы, Қызылқоға, Мақат аудандарынан 38 ойыншы қатысты. 1-орынға 17 жастағы спорт шеберлігіне кандидат Ерзат Кенжеғали, екінші орынға Алтынбек Жұмалиев, үшінші орынға оның кіші інісі, ҚР екі дүркін чемпионы Бекарыс Жұмалиев ие болды.

Бодибилдинг

Ақтауда бодибилдинг және фитнес бойынша ҚР және Орталық Азия чемпионаты өтті. Оған Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстаннан жүз шақты спортшы қатысты.

Жарыста облыс құрамасының мүшелері де бақ сынады. Бодибилдинг бойынша өз салмақ дәрежелерінде Сергей Белоногов және Владимир Ли 2-ші орынды, Олег Ганус 3-ші орынды жеңіп алды; фитнес бойынша Наиль Нұрқабаев 2-ші орынға, Александр Максин 6-шы, Николай Кучкин 7-ші орынға ие болды.

Спортшылар мен олардың жаттықтырушы-өкілі Сергей Передистый чемпионатқа бару сапары мен дайындықты ұйымдастырғаны үшін «Инфинити» фитнес-клубы басшылығына ризашылықтарын білдіреді.

***

Самбо

2001-03, 2005-07 ж.т. жасөспірімдер арасында самбодан «Ақтау кубогы» халықаралық турнирі өтті.

Жарысқа Грузия, Әзірбайжан, Түркия және Қазақстаннан жас самбошылар қатысты. Облыс құрамасында алтын медальды Айболат Орынғалиев (28 келіге дейінгі салмақта), қоланы Диас Болатұлы (32 келіге дейінгі) және Диас Ізмұханов (46 келіге дейінгі) жеңіп алды.

***

Бокс

Эйндховенде «Голландия Опен» боксының «А» класы бойынша ірі халықаралық турнир өтті.

Оған 13 елден келген спортшы қатысты. Қазақстаннан тек бір қатысушы – атыраулық Ержан Кенжалиев (75 келіге дейінгі салмақта) болды. Бірінші жекпе-жекте ол ұпай бойынша алаң иесінен басым түсті, ал, жартылай финалда Бельгиядан келген спортшыдан ұтылды да, қоланы місе тұтты.

- Бұл Ержан үшін үлкен тәжірибе болды, – дейді оның бапкері ҚР спорт шебері Ерболат Дәулетбаев. – Біз мұнда жекпе-жектерді 2016 жылғы Олимпиадаға лицензия жеңіп алған мықты боксшылардың қатысуымен бақылап отырдық.

Спортшы жерлесіміз бен оның бапкері Голландияға осы сапарды қаржыландырған жоғары спорт шеберлігі мектебінің басшылығы мен Аманбай Қыздарбаевқа алғыстарын білдіреді.

26 мамыр 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.