Атырау, 25 сәуір 22:07
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Олар басқалары үшін жауапты емес

2 100 просмотра

Жалған кәсіпорындардың заңсыз әрекеттері үшін неліктен олардың адал серіктестері жауап беруге тиіс? Осы мәселе 19 мамырда ӨКП ғимаратында өткен кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің отырысында талқыланды.

Мәселе мынада. Атырау облысының екі кәсіпорны – «Горизонт» ЖШС мен «Жылыой продукт» ЖШС олардың контрагенттерінің жалған кәсіпорын деп танылуына байланысты кәсіпкерлер палатасына жүгінген. Екі компания да 2012 жылы «Alma oil energy» ЖШС-мен жанар-жағармай материалдарын жеткізуге келісімшарт жасаған. Келісімшарттарын тараптар толықтай орындаған. Алайда 4 жыл өткен соң «Горизонт» ЖШС мен «Жылыой продукт» ЖШС Жылыой аудандық мемлекеттік кірістер басқармасынан сот шешімімен «Alma oil energy» ЖШС-нің жалған кәсіпорын деп танылғаны туралы хабарлама алған. Соған байланысты оларға мемлекет шотына жалған кәсіпорынның орындамаған міндеттемесі бойынша бірнеше миллион соманы төлеуге ұйғарым шығарылған. «Горизонт» ЖШС үшін үстеме ҚҚС төлемі 18 млн, «Жылыой продукт» ЖШС үшін 30 млн теңгені құрады. Ал, бұлар іс жүзінде адал салық төлеушілер болып табылады.

– Біздің кінәміз не, осы түсініксіз болып отыр. Біз осы фирмамен адал жұмыс жасадық, бүкіл операциялар онлайнмен, яғни, ашық жасалды. Біздің оларға тауарлар жібергенімізді растайтын бүкіл құжаттарымыз – жөнелтпе құжаттар, шот-фактуралар мен басқа да құжаттар бар. Бұлайша кез келген бизнесті ауыр жағдайда қалдыруға болады ғой, сонда тек жабылу ғана қалады, - дейді «Жылыой продукт» ЖШС өкілі Мұрат МОЛДАҒАЛИЕВ.

– Адал кәсіпкерлердің кейіннен жалған кәсіпорындар деп танылатын фирмалармен жұмыс істеген осындай проблемасыбірінші рет болып отырған жоқ. Бізде осындай жағымсыз тәжірибе болды. Салық басқармасының ұйғарымын орындау үшін несие алуға тура келді. Бірақ ол кезде сома аз болды, ал, қазір бұл біздің мойнымызға ауыр қамыт болып ілінді. Ертеңгі күні біздің тағы да осындай алаяқтармен бетпе бет келмеуімізге кепілдік бар ма? Неліктен тиісті органдар олардың қызметін дер кезінде құрықтамайды? – деді оған тағдырлас «Горизонт» ЖШС өкілі Бекболат НӘБИЕВ.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің талдау және тәуекелдер басқармасының бастығы Айгүл РЗАҒҰЛОВА мұндай проблемалардың 2010 жылдан бері туындап келе жатқанын және тек біздің өңірде еместігін растады. Мәселен, «Alma oil energy» ЖШС әрекетінен Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлері де зардап шеккен. Алайда жергілікті деңгейдегі қызметтер ешқандай шара ала алмайды, өйткені, сот шешімін орындап, жалған кәсіпорынның орындамаған міндеттемелері бойынша қаржыны оның контрагенттерінен өндіріп алуы тиіс.

А.Рзағұлованың пікірінше, бұл мәселені тек республикалық деңгейде шешуге болады.

– Ал, сіздер неліктен бұл жерден құқықтық қарама-қайшылықты көрмейсіздер, неліктен ештеңе өзгертуге тырыспайсыздар? Бұл сіздердің тікелей міндеттеріңіз. Келесі жылы ұсақ ЖК-лардың көпшілігі ҚҚС төлеушілерге айналады. Сол кезде проблеманың ауқымы әлденеше есеге көбейеді. Жалған кәсіпорындармен серіктесуден зардап шеккен кәсіпкерлер айыппұлдарды төлеу мүмкін болмағандықтан өз бизнестерін жауып тастайтын болады. Ал, бұл олардан бюджетке салықтар түспейді деген сөз. «Alma oil energy» ЖШС 4 жыл жұмыс жасады және оларды тек енді ғана жалған кәсіпкерлер деп таныды. Оны бұрын тексеруге болмайтын ба еді? – дейді құқықтық мәселелер жөніндегі ӨКП директорының орынбасары Сәрсенбай ЖОЛДЫБАЕВ.

Қызу талқылаудан кейін тараптар өздерінің мәмілелерін адал деп тану үшін және алақол серіктестерінің бережағы түріндегі жазадан құтылу үшін біздің кәсіпорындарға сотқа жүгіну қажет деген тұжырымға келді.

Өз кезегінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы проблеманың жүйелілігін ескере отырып, мұндай жағдайларда заңнаманы өзгерту немесе адал бизнесмендерді қорғаудың басқа жолдары туралы мәселені көтермекші.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

26 мамыр 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.