Атырау, 23 сәуір 12:18
 бұлттыВ Атырау +26
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Сен де бір кірпіш дүниеге...

Сурет
5 452 просмотра


Атырау колледждерінің студенттері жұмысшы мамандықтары бойынша жастар арасындағы облыстық World skills Atyrau чемпионатында өздерінің болашақ мамандықтарының мықты маманы атағына ие болу үшін бақ сынасты.

World skills – халықаралық коммерциялық емес қауымдастық, 1953 жылы негізі қаланған. Оның басты мақсаты кәсіби даярлық стандартын көтеру, жас мамандар арасында сайысу арқылы жұмысшы мамандығын дәріптеу болып табылады. Атырауда «Жұмысшы қолдарға арналған олимпиадаға» 12 колледждің 75 студенті қатысты. Олар 13 мамандық: кірпіш қалау, сылақ ісі, бояу және әрлеу жұмыстары, веб-дизайн, ІТ-жүйелер, электромонтаждау жұмыстары, дәнекерлеу жұмыстары, шаштараз өнері, аспаздық өнер, кондитерлік іс, мейрамхана сервисі, мектепке дейінгі тәрбие, киім дизайны бойынша жарысты.

Жарыстың бірінші күнінде қатысушыларға бақылау жасадық.

Болашақ аспаздар алдында үш сағат ішінде үш тағамды – жұмыртқа қосылған көже-езбені, тауық тағамын, сүзбе мен жидектер қосылған десерт дайындау міндеті тұрды. Қатысушыларды «Ренессанс» қонақ үйінің аға аспазы Роман ТРУШКИН қадағалады.

– Қатысушылардың барлығына өнімдердің бірдей жиынтығы беріледі. Мен олардың дайындалу технологиясын бақылаймын, сонымен қатар тағамның әдемілігі, оның дәмдік сапасы бағаланады, - деп әңгімеледі ол болашақ аспаздар асүйде әбігерге түсіп жүргенде.

Осы әдіс бойынша кондитерлер де жарысты. Олар бірдей өнімдерден бисквит тортын, үгілмелі печенье мен десерт дайындауы тиіс.

Болашақ шаштараздар бас көтерместен қиялдарындағы шаш үлгілерін жасауда.

– Қатысушыларда басты екі тапсырма бар – шаш бояп, шаш сәндеу. Өздерінің модельдерінің шаштарын байқауға қатысушылар осының алдында бояп, сарапшылар оған баға берді. Енді олар өру элементтерімен шаш үлгісін жасауда, - дейді Атырау сервис колледжінің өндірістік оқыту шебері Ирина ЕСАРЕВА.

Мейрамхана сервисінің мамандары таңғы ас, түскі ас және кешкі асқа арналған дастарханға ыдыстарды орналастыра білу бойынша, сонымен қатар алкогольсіз Мохито, «Эгг ног» коктейльдерін дайындау мен жемістер себетін жасау бойынша сайысты.

Тас қалаушылар алдында қиын тапсырма тұрды – байқау параметрлері бойынша пеноблок пен кірпіштен қабырға қалау. Сарапшылар байқауға қатысушылардың өз жұмыс орындарын қалай ұйымдастыратындығын, материалды қалай дайындайтынын және қалау жұмыстарын қалай жүргізетінін мұқият бақылады.

Сарапшы Аухат ТІЛЕГЕНОВ бүгінгі күні жұмысшы мамандығының түлектері жұмыс берушілерде үлкен сұранысқа ие екенін атап өтті:

– Тас қалаушылар, үй төбесін жабушылар, дәнекерлеушілер, электриктер – бұларда жұмысқа орналасуға қатысты проблема жоқ. Оның үстіне, кәсіби-техникалық оқу орны қазір кәсіпорындарда 60 пайыз тәжірибеден өтуді қарастыратын дуалды жүйе бойынша жұмыс істейді. Сол кәсіпорындар кейін қажетті мамандарды өздерінде жұмысқа қалдырады.

Ал, көрші кабинетте жұмыс қызып жатты. Болашақ сылақшылар мен майлаушылар түрлі материалдарды – құрылыс қоспаларын, бояуларды, декоративті сылақтарды, трафареттер мен бояуларды қолданып, қабырғаларды әрлеуде.

Чемпионаттың екі күнгі қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды. Кірпіш қалау бойынша Иманғали МҰРАТОВ (Энергетика колледжі), сылақ жұмыстары бойынша Ерболат БАЛМАҒАМБЕТОВ (Энергетика колледжі), бояу және декоративтік жұмыстар бойынша Азамат ЕЛЕУСІНОВ (Индустриалдық колледж), электрлі монтаждау жұмыстары бойынша Садақ РЫСҚҰЛОВ (Политехникалық колледж), веб-дизайн бойынша Мерей БАҚТЫҒАЛИ (Каспий өңірінің қазіргі замандағы колледжі), IT-басқару бойынша Аслан БИҒАЗЫ (Политехникалық колледж), дәнекерлеу жұмыстары бойынша Жанарыс ЕЛЕПБАЕВ (Индустриалдық колледж), шаштараз ісінде Айжан ӨТЕПОВА (Сервис колледжі), аспаздық ісі бойынша Мұрат ЕСҚАЛИЕВ (Сервис колледжі), кондитер ісінде Гүлназ ЖОЛДЫБАЙ (Сервис колледжі), мейрамхана ісінде Арина АФАНАСЬЕВА (Сервис колледжі), мектепке дейінгі тәрбие бойынша Мейрамгүл БАҚТЫҒАЛИ (Гуманитарлық колледж), киім дизайны бойынша Гүлназ АСҚАРБЕКОВА (Гуманитарлық колледж) үздік деп танылды. 13 жеңімпаздың барлығы халықаралық сайыстарда Қазақстанның намысын қорғау құқығына ие болу үшін республикалық World skills чемпионатына жарысуға жіберіледі.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суреттерді түсірген автор

26 мамыр 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.