Атырау, 18 сәуір 10:18
 ашықВ Атырау +28
$ 448.89
€ 477.93
₽ 4.76

Әлжан Жармұхамедов: «Мюнхен мәресі ешқашан ұмытылмайды»

Сурет
5 641 просмотра

Атырауға кеңес дәуірінің атақты баскетболшысы, 1972 жылғы Мюнхен Олимпиадасының чемпионы Әлжан ЖАРМҰХАМЕДОВ (суретте) келді. Бізге онымен жүздесудің сәті түсті.

«ОСЫНДАҒЫ БАСКЕТБОЛҒА КӨМЕКТЕСУГЕ ТЫРЫСЫП КӨРЕМ»

- Әлеке, сонау 1972 жылғы Олимпиададағы КСРО мен АҚШ құрамалары арасындағы аңызға айналған ақтық финалдың соңғы минуттарын жиі есіңізге аласыз ба?

- Ондайды ұмыту мүмкін емес. Матчтың аяқталуына үш минут қалғанда біз америкалықтардан 49:50 есебімен жеңіле бастадық. Жаттықтырушы мені Иван Едешкомен алмастырды, ол барлық алаң үстімен өткізе отырып Саша Беловқа пас беріп үлгерді. Ал, Саша болса допты қақпаға салып үлгерді, сол-ақ екен бірден финалдық дабыл қағылды. АҚШ құрамасы матч қорытындысына бола наразылық білдірді. Біз тек келесі күні түске таман КСРО құрамасының олимпиада жүлдегері атанғанын білдік. Бұл тарихтағы тұңғыш жеңіс болатын. Мен бұл матчта командаға 4 ұпай әкелдім.

- Сондай-ақ, Ресей құрамасының әлем чемпионатында медаль алуға екі рет қол жеткізген жаттықтырушы ретінде де есіміңіз тарихта қалды...

- Иә, мен Ресей құрамасының екінші жаттықтырушысы болдым. 1994 және 1998 жылдары құрама әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Біз NBA баскетбол лигасының кәсіби ойыншыларынан құралған «Дрим-тим» АҚШ құрамасынан жеңіліп қалдық. Кейін мен ЦСКА жастар академиясында жұмыс жасадым, сол жерден зейнеткерлікке шықтым. Денсаулығымның арқасында және жұмыссыз отыра алмағандықтан мен Мәскеу мемлекеттік гуманитарлық университетінің командасының жаттықтырушысы болып жұмыс істедім. Мен командаға келген кезде олар Мәскеу ЖОО чемпионатында соңғы орындардың бірінде ғана болатын, кейін оларды төртінші орынға дейін жеткіздік. Одан соң балалармен жұмыс жасай бастадым, әлі күнге балаларды жаттықтырып келемін.

Мен облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қабылдауында болдым және баскетболды дамытуға көмектесу үшін Атырауға келуге шақырту алдым. Жалпы өзімнің де ата-бабамның жеріне келу ойымда жүретін, менің бабаларым осы өңірден, Жаппас руынанбыз.

Мен Атырауға Мұнай және газ институты ректорының шақыртуымен келдім. Институтта маған менің есіміммен баскетбол академиясын ашуды жоспарлап отырғандығын айтты. Мен үшін бұл үлкен құрмет. Менің бабаларымның есімдері олардың өз Отандарында аталатын болады...

"АЖ" АНЫҚТАМАСЫ: Әлжан Мүсірбекұлы Жармұхамедов, 72 жаста, Оңтүстік Қазақстан облысы Бостандық ауданы Табақсай поселкесінде (1956 жылы Никита Хрущевтің шешімімен бұл аудан Өзбекстанға берілді) дүниеге келген. Еңбегі сіңген спорт шебері, Қазақстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, әлемнің және Еуропаның бірнеше дүркін чемпионы, КСРО чемпионатының тоғыз дүркін чемпионы, бойы - 207 см.

Әкесі Мүсірбек – қазақ, шешесі Прасковья – орыс. Ташкент мемлекеттік дене шынықтыру институтында оқыған. СКА (Ташкент) командасында ойнаған, сол жерден КСРО құрамасына келген.

- Сізге біздің облыстық «Атырау барыстары» баскетбол командасы қалай?

- Мен үнемі Қазақстанның ұлттық лигасын жібермей қарап отырамын. «Барыстың» үнемі «Астана» кәсіби клубына лайықты тойтарыс беріп отыратынын білемін. Кеше Атырау командасының жаттығуында болдым. Ойыншылардың ойыны жаман емес. Ал, жақында ғана ВТБ лига чемпионаты аясында өткен ҚР Ұлттық лигасының көшбасшысы «Астана» мен ЦСКА арасындағы ойын ешқандай да әсер қалдырмады. Астаналықтар көп ұпаймен ұтылып қалды. Маған «барыстардың» Қазақстан чемпионатында осы маусымда «алтынды» жеңіп алуға көп мүмкіндіктері бар екенін айтты. Егер олар чемпион болса, оларда жаңа мүмкіндіктер пайда болады, бірінші кезекте қаржы мәселесі шешіледі. Барынша мықты клуб базасын салып алу керек.

«СОҢЫНДА МЕНІҢ БІРІНШІ ЕКЕНІМДІ МОЙЫНДАДЫ»

- Сіздің ұлдарыңыз Владислав пен Сергей де өз өмірлерін баскетболмен байланыстырған ғой?

- Олар дене шынықтыру институтын тәмамдады. Үлкен ұл көп жылдар бойы Мәскеудің БЖСМ бірінде оқу меңгерушісі болып еңбек етті, қазір кәсіпкерлікпен айналысады. Кіші ұлым «Химики» кәсіби баскетбол клубында жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Таяуда ғана оған осы ұжымның бас бапкері болуға ұсыныс жасады.

Сіз қазақ тілін жақсы білесіз бе...

- Өте жақсы білем деп айта алмаймын. Қырық бес жылдан бері практика жоқ. Бұрын жақсы сөйлейтін едім. Бала кезімде мен әкеммен тек өз ана тілімде сөйлесетінмін. Бала кездегі достарымның бәрі қазақтар. Көршім үнемі «Әлжан қазақшаға судай» деп айтатын. Содан бері біраз жыл өтті. Күнде сөйлеспеген соң қиын екен. Бәрін түсінемін, ал, айтуға келгенде қиналып қалам.

- Сіз олимпиада чемпионы атанған бірінші қазақсыз! Өзіңізді қалай сезінесіз?

- Қазақтардан бірінші олимпиада чемпионы атанған кім деген мәселе Астанада Қазақстан энциклопедиясын жаза бастаған кезде туындады. Барлығы алғашқы олимпиада чемпионы деп 1980 жылғы Олимпиаданың грек-рим күресінен жеңіске жеткен Жақсылық Үшкемпіровті есептеді. Сол кезде кездейсоқ менің тегім шыға келді, содан Әлжан Жармұхамедов қазақ емес, өзбек деген дау басталды. Бірде менің Мәскеудегі пәтерімнің телефонына қоңырау шалып, Қызылорда университетінің ректоры Байзақ Момынбаев өзімен кездесуімді өтінді. Ол маған: «мен сіздің әкеңіздің қазақ, жаппас руынан екенін газеттен оқыдым да, бірден сізбен хабарласып жатырмын» деді. Ол маған келді, екеуміз әңгімелескен кезде ол Қазақстанда олимпиада чемпионы болған бірінші қазақ кім деген айтыс жүріп жатқандығын айтты.

«Біз олимпиаданың бірінші чемпионы сіз деп ойлаймыз, өзіңіз қалай ойлайсыз?» деп сұрады Момынбаев. Мен оған «қазақтарда адамның ұлты әкесінің қанына қарай анықталады емес пе, демек, мен қазақпын» деп жауап бердім.

Ол менен төлқұжатымда не деп жазылып тұрғанын сұрады. Мен қазіргі ресейлік төлқұжатта ол бағанның бос тұрғанын, ал, кеңестік ескі төлқұжатта қазақ деп жазылып тұрғанын айтып, ескі төлқұжаттың көшірмесін әкеліп бердім. Момынбаев қуанғаннан сол қағаздарды өзімен бірге алып кетті. Содан кейін Алматыдан бірнеше рет телеарна келді. Мен де Алматыға баспасөз конференциясына бардым. Сонымен не керек, қысқасы мені алғашқы чемпион деп мойындады. Әрине, мен үшін бұл өте үлкен құрмет. Өзім үшін емес, әкемнің атының шыққанына қуандым. Әкем мені Әлжан деп атаса, анам Анатолий деп атады. Олимпиаданы жүргізген орталық телеарнаның комментаторы Нина Еремина да кейде мені Анатолий деп атайтын. Бірде оған басшылықтың шақырып, мені «қазақтың баласы, есімін орысқа өзгертудің керегі жоқ» деп сөгіс бергенін естідім.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Тамара СУХОМЛИНОВА

28 сәуір 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.