Атырау, 24 сәуір 03:00
 ашықВ Атырау +22
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Облыстық еңбек инспекциясының басшысына 8,8 млн теңге айыппұл түрінде үкім шығарылды

3 445 просмотра

Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бұрынғы басшысы Салауат ИШАЙҒА қатысты сот үкімі шықты.

Атырау қалалық №2 соты пара алды деп айыпталған еңбек инспекциясының басшысына қатысты қылмыстық істі қарады (естеріңізге салсам, ол жүйелі түрде пара алып отырған деген күдікпен қамауға алынған болатын.З. Б.).

Облыстық соттың баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, қылмыстық іс материалдарына сүйенсек, С.Ишай «Unicorn CCC» ЖШС мен «Мистер Доорс-Атырау» ЖШС-нің жауапты тұлғаларының қауіпсіздік техникасы білімін тексеру жөніндегі комиссия төрағасы болып тағайындалған. Ишай компания құрылтайшысы А.Кимнен әрбір қауіпсіздік техникасына оқытылған қызметкер үшін, сертификаттар мен куәліктерге қол қойғаны үшін 3 мың теңге мөлшерінде қосымша сыйақы талап еткен. Ким делдал – компания қызметкері арқылы 294 мың теңге табыс еткен. Атырау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлері Ишайды өз кабинетінде пара алғаннан кейін дереу ұстады.

Сотқа дейінгі тергеу барысында сотталушы мен Атырау қаласының прокуроры арасында іс жүргізу келісімі жасалды. Сот Ишайды ҚР ҚК-нің 366-бабында («Пара алу») қарастырылған қылмысты жасауда кінәлі деп таныды. Оған мүлкін тәркілеумен және өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымды орында жұмыс істеу құқығынан айырумен қатар, параның 30 есе мөлшеріне тең, яғни, 8,8 млн теңге айыппұл түрінде жаза тағайындалды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Естеріңізге салсақ, Ишай өзінің орынбасары Әліпқали ДӘУЛЕТЬЯРОВПЕН бірге қамауға алынған болатын. Оған қатысты қылмыстық іс материалдары әлі сотқа түскен жоқ.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

25 сәуір 2016, 17:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.