Атырау, 19 сәуір 02:36
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Теңіздегі өрт (жаңартылды+фото)

3 669 просмотра

Бүгін таңертең Теңізде 1-кешенді технологиялық желіде (КТЛ-1) мұнай дайындайтын зауыттардың бірінен өрт шықты.

Расталмаған ақпарат бойынша, өртке газдың кетуі себеп болған. ТШО баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша, жапа шеккендер жоқ. Жағдай бақылауға алынған. «Өрт шалған учаске жабылды. Ол толықтай қауіпсіз екендігіне көз жеткізілгеннен кейін ғана пайдалануға беріледі. Теңізшевройл өрт шығу себебін анықтауда және осы оқиға бойынша тиісті органдармен бірігіп жұмыс жасап жатыр», - делінген хабарламада.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығы Болатбек ОМАРОВТЫҢ айтуынша, өрт туралы хабарлама оларға таңертең түскен. «ТШО» ЖШС-нің 700 КТЛ-1 қондырғысында №730 пропанды тазарту блогы өртеніп жатқандығы туралы хабарламаны астаналық уақыт бойынша сағат 8.40-та алдық, - деді ол. – 8.48-де оқиға болған жерде ТШО-ның апаттан құтқару қызметінің командасы, бар болғаны үш техника жұмыс жасап жатты. 200-ден астам жұмысшылар жақын маңдағы нысандарға көшірілді. Өртенген алаң 108 шаршы метрді құрайды».

Облыстық ТЖД бастығының айтуынша, өрт зауыт өндірісіне әсер етпеген. Зауыт тұрақты жұмыс істеп тұрған көрінеді. Ал КТЛ-1 уақытша тоқтатылған. «КТЛ-1-ге пропан беру тоқтатылды, жапа шеккендер мен құрбан болғандар жоқ. Өрт сағат 9.00-де өршуін тоқтатып, сағат 11.37-де сөндірілген. Екі өрт сөндіру машинасы, газден құтқару қызметінің бір көлігі және ТШО-ның жедел жәрдем көлігі өрт сөндіру жұмысына қатысқан. Біздің көмегіміздің қажеті болмады», - деді Б. Омаров.

Қазір сол жерде аудандық ТЖД бөлімшесінің қызметкерлері анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

«АЖ» редакциясына Теңізде орын алған өрттің суреттерімен бірге хат келді. Оқиғаны көзімен көрген куәгер, қолданушы uta_jaZZ былай деп жазады: 

«Аласапыран мен үрей биледі. Басшылық қауіпсіз жерлерге көшірілді. Операторлар өмірлерін қатерге тігіп, газ кеткен жерді оқшаулады. Оперативтік персоналдың не істейтіні әлі түсініксіз, қауіпсіз жерге кетуі керек пе әлде апатты жоюы керек пе? ТШО операторының ТШО-ның өрт-апатқа қарсы күрес қызметінің жұмысшылары секілді мәртебесі жоқ. Бірақ, неліктен екені белгісіз,  апатты жағдай кезінде жұмыс жасап жатыр».

«АЖ» суреттерді ұсынғаны үшін uta_jaZZ –ке алғысын білдіреді.

8 желтоқсан 2011, 22:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.