Атырау, 16 сәуір 19:53
 бұлттыВ Атырау +15
$ 448.56
€ 478.03
₽ 4.79

Ән салатын әжелер

4 544 просмотра

Филармонияның грим жасайтын бөлмесіне кірер кезде мені қыздардың азан-қазан болған көңілді у-шуы қарсы алды. «Валя, менің тарағымды көрмедің бе?»... «Клава, ығысшы, мен әлі кірпігімді бояған жоқпын»... деген дауыстар шығып жатты. Бір қарағанда қабырғадағы кішкене ғана айна алдында жібек ленталардан кемпірқосақ ілініп, үстінен түрлі-түсті ноқаттар себілген тұтас ақ-қызыл мата жайылып жатқандай әсер қалдырды...

Осынау күлегеш жандарды әжелер деп айтуға аузың бармайды. Әрқайсысының еріндерінде піскен қызанақтай қып-қызыл далап, беттерін қызыл шырайландырып, көздеріне жылтырақ бояулар жаққан, ал көздері күлімдеп тұр. «Ой, қыздар, сұхбат алуға тілші келді»,- деген дауыс естілді оң жақтан. Сол мезет бірден тыныштық орнай қалып, ұсақ әжімделген ықыласты көздер маған қадалды.

Өткен сенбі күні рождестволық концертте «Хуторянка» вокалдық ансамблі бағдарламаның басты өнер көрсетушілері болды. Осынау ән айтатын әжелер (бұлар шынымен де зейнетақы алатын және немерелері бар әжелер) тек ән айтып қана қоймай, керемет би де биледі. Ротарудың «уоуо-оу-у-у… хута-хуторя-анка…» деген әнін айтып, мықындарын қозғалтып билегенінің өзі неге тұрады. Мен София Михайловнаның жанкүйері емеспін, алайда отырған орнымда етігімнің тақасымен сартылдатып, әуенге қосылып кеткенімді байқамадым.

Клавдия Ксенофонтовна ИШИМОВА ансамбльде елу жылдан астам уақыттан бері өлең айтумен қатар, өлең шығарады, әндерді өңдеп алады және қазақ тілінде де тамаша сөйлейді екен. Әлі белсенділігінен танбаған және жаңалыққа, заманауи нәрселерге жаны құмар әжей бірнеше ондаған жылдар бойына атыраулық МӨЗ-ың іш пыстырар кеңсесінде қалай жұмыс істеді екен?

«Мен жөргекте жатқан кезімнен ата-анама өзімнің вокалдық өнерімді көрсеткен екенмін,- деп күлімдейді Клавдия Ксеновфонтовна. – Жұбайым менің шығармашылық ұмтылысыма әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Костюмдерімді тасып, репетициядан, концерттер мен ұзақ іссапарлардан күтіп алады. Ол менің бағыма біткен жан ғой. Балаларым мен немерелерім де ән салады, олар тіпті менен де жақсы шырқайтын сияқты. Бірақ әзірге ансамбльге келгілері келмейді». «Ал менің үш жасар немерем әжесінен үлгі алып, айнаның алдында микрофон ұстап ән айтады», - дейді әдемі бұрымын өріп отырған Валентина Александровна ХОХЛОВА. Жастарына қарамастан олар жиырма төрт жастағы жеке орындаушы Пашамен назданып, сөз таластырып отыр. Әрине, шектен шықпай. Оған жақсы келін іздеп әлек. Пашаның өзі мамандығы бойынша технолог. Керемет дауысы бар, әзірге үйленуді ойына алмайтын секілді. Ол әжелердің ойынына әбден үйренген, оларға мейірбан жүзбен қарап отыр. Бұлардың барлығы да өз жетекшілері Ольга КРАСНОВАНЫ қадір тұтады. «Дайындық кезінде кейде күлкілі жағдайлар орын алады: ол бізге «диез», «бемоль» дейді, ал біз оған: - Ольга Анатольевна, бізге түсінікті етіп айтыңызшы, біз түсіне алмаймыз дейміз... Сізге құпиялап айтайын – біздің ешқайсымыздың музыкалық біліміміз жоқ. Тек дауысымыз ғана бар. Алайда осыған қарамастан, қараша айында Астанада Гран-приді жеңіп алдық. Ал ол жерде бізден жастары үлкен әрі тәжірибелері мол әжелер өнер көрсеткен еді».

«Олардың дауыстары бар-ау, бірақ олар сахнаға шыққанша, одан сахнадан кеткенше біршама уақыт өтеді. Біз оларға қарағанда, пысықтау сияқтымыз», - деп сықылықтай күледі басқа бір әжей.

Ансамбльде барлығы бес әжей бар. Олардың шат мінездеріне қарасаң, кезінде олардың белсенді жандар болғаны сезіледі. Дегенмен, болды демейін, олар қазір де осындай. Көңілді, жүздерінен сықылықтаған күлкі кетпейтін бірінші курстың бойжеткендері секілді. Ал сахна мен ән айту – кәрілік пен әжімге қарсы керемет құрал. «Бізді ешқандай дімкәстік жеңе алмайды», - деп сендіреді олар. Мен де оларға сенемін...

Анастасия ПАСТУХОВА

12 қаңтар 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.