Атырау, 29 наурыз 13:48
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

​Құрманғазылық шеберлер

10 156 просмотра

Өткен демалыста жолым түсіп, ауылыма – Құрманғазы ауданына барып қайтқан болатынмын. Бос барып қайтпадым, фотоаппарат суретке, қойын дәптер жазбаға толып келді. Ол жерде ерекше адамдар тұрады.

АҒАШ ШЕБЕРІ ТАЛҒАТ

30 жастағы Талғат ЖҰМАЛИЕВ – Ганюшкин селосының өзінде тұрады. Ағаштан түйін түйген шебер. Оның шеберханасы бізді балғын ағаштың мұрын жарған иісімен қарсы алды. Ортада станок, қаз-қатар жиналған сүрілген ағаштар.

- Бала кезімнен әкем Серікбайдың қасында жүріп, осы істің мән-жайына қанығып өстім десем де болады. Менің атам да ағаш шебері болған жан. Сондықтан, бұл өнер атадан балаға жалғасып келе жатыр деуге болады, - дейді Талғат.

Талғат қажетті материалды, ағаштарды, негізінен, Астраханнан алып келеді екен, себебі, жақын. Сатып әкелінген ағаштар көбіне қол жуғыш, орындықтар мен үстелдер, сандықтар жасауға пайдаланылады. Талғат, сонымен қатар, қазақтың ұлттық бұйымдарын да жасайды – оның қолынан шыққан ыдыстар, кеселер, ожаулар мен табақтар шеберханада толып тұр. Бір қызығы, ыдыстарды жасау үшін тегістей тақтайлар жарамайды. Талғат оған табиғи ағаш-теректерді пайдаланады. Ол үшін Қиғаш өзенінің бойына, Сафоновка жеріне барып, тоғай арасынан құлап жатқан ағаштарды жинап келеді екен.

- Ағаштардың ішінен кәдімгі қарағаш, қарағай, терек, шаған ағашын пайдаланамын. Соңғы екеуі мықты, ал, қарағаш ең қатты ағаш. Әрқайсынының құпиясы бар. Ағашпен жұмыс жасау оңай нәрсе емес. Адамдар әдемі ыдысты ғана көреді, ал, оған дейінгі процесс оларға беймәлім. Ағаштың қыр-сырының шеті жоқ. Мәселен, кейде кесені жасап болып жатқанда ол жарылып кетуі мүмкін. Ондай кезде жұмысың зая кетеді. Бірақ нәтиже шығарғанша ерінбей қайта бастаймын.

Талғаттың айтуынша, ағаштан станокпен ойып әзірлеп алған соң оны өңдейді, сыртына әдемілеп ою-өрнек салады, кейін ешкінің іш майымен немесе жылқының майымен ыстап майлайды. Бұндай ыдысқа қорықпай тамақ сала беруге болады. Ал, кейбіреулер тек әдемілік үшін сұраса, онда майдың орнына арнайы сұйықтық жағып, сыртын лактап береді.

Талғаттың қасында әкесі және әкесінің інісі бірге жұмыс жасайды. Олар өз шеберханаларында халық сұранысына ие бұйымдар да жасайды. Отбасылық кәсіп расымен бүкіл отбасыны асырап отыр. Сонымен қатар жас шебер талай конкурстар мен байқаулардың жеңімпазы. Мәселен, Атырауда өткен облыстық «Халық өнері – асыл қазына» конкурсында 2015 жылы жүлделі І орынды иеленіпті. Оның қолынан шыққан қобдишалар, фотосурет салатын рамка, журнал үстелі, бесік, ас тартатын табақ, сандық пен ойып салған сурет жоғары бағаға ие болған.

Талғат бір ғана шеберханамен шектеліп қалмады, ол аудандық тарихи-өлкетану мұражайында төрт жылдан бері жұмыс істейді. Қызмет ете жүріп ол шәкірт тәрбиелеуге де ден қоя бастапты. Ағашпен жұмыс жасауға қызығатын балаларға ол бар білгенін үйретуге тырысып жүр.

...Негізі жұмысын бастамас бұрын Талғат үкіметтен бизнесін ашуға грант алғысы келіпті, алайда құжаттарын жинап келгенде комиссиядан өтпеген екен. Кейін ол шеберханасын өз күшімен ашыпты.

Ісің алға бассын, Талғат!


ӨРМЕК ҚҰРҒАН НАДЯ АПА

Қазақтың тұрмыста жиі қолданған, қазір, өкінішке орай, қолданыстан шығып бара жатқан ұлттық мүлкі – алаша. Кішкентай кезімізде ауылдағы әр үйде осы алаша төселіп жататын. Түрлі түсті өрнектерді қалай тоқыған деп таң қалатын едік. Нағашы әжемнің сарайында өрмек құрулы тұратыны есімде қалыпты. Ол кісі өте шебер болатын. Баламыз ғой, жүгіріп ойнап жүріп, кейде жіптерін шатастырып алып, ұрыс естіп те алатынбыз. Ол кісінің даладағы қазанға иірілген жіпті салып, түрлі түске бояп жататыны да есімде сақталыпты.

Ал, осы ұлттық өнердің ұмытылмауына септігін тигізіп жүрген жанның бірі – Ақкөл ауылында тұратын Надя ЖАМЕЛОВА. Ол Қарағандының индустриалды-педагогикалық техникумын бітіріп келген соң құрылыс технигі, өндірістік оқу мастері болып қызмет еткен. Ал, содан кейінгі 34 жыл өмірі мектепте өткен – ол технологиядан (бұрынғы еңбек сабағы) сабақ береді. Біз алдын ала телефонмен келісіп алған соң ол мектепке алаша тоқитын құралын бірге ала келіпті. Әжелеріміз тоқитын үлкен өрмек емес, соның шағын үлгісі. Мектеп пен үй арасында тасып жүретіндіктен өзіне ыңғайлап жасатып алыпты. Осы үлгіні ол сабақ барысында пайдаланады.

- Алаша тоқу, текемет басу, киіз басу, тігу, тоқу, құрақ құрау істері менің қолымнан келеді. Бұның бәрін мен шешемнен үйренгенмін. Кішкентайымнан қасында жүргенімнің нәтижесі ғой. Алғаш рет 5-сыныпта оқып жүргенде үйрендім алаша тоқуды, кейін студент кезімде ауылға келгенде жаз бойы алаша тоқып, сатып, түскен ақшасына қаладан үстіме киім, қажетті бұйымдар сатып алатынмын, - дейді Надя апа өрмегін құрып жатып.

Оның мектептегі технология кабинеті құдды бір қолөнер шеберханасы сияқты – қолдан тоқылған дүниелер, жарда ілінген текеметтер, құрақ көрпелер, жастықтар, киім-кешектер, тіпті, терезенің жапқышы да ерекше. Оны ұстаздарының үйретуімен оқуы қыздар өз қолдарымен тігіпті.

- Мен халықтық педагогика бағытын 10-сыныптың бағдарламасына енгізіп қойдым. Сол бойынша қыз балалардың өнерлі, ісмер болып өсуіне ден қойдым, - деп жалғастырады ол сөзін.

Алаша тоқу үшін алдымен қой немесе түйенің жүнін іріктеп алады. Кейін иіріп, екі тіндеп алып кенептейді. Кенептелген орама жіп боялып, қайта ширатылады. Кейін кептіріліп, алаша тоқу үшін пайдаланылады.

- Алашаға өрнек салудың өзі тұрған есеп, көбіне алма теру және жапырақ теру, жүз теру, түркімен теру және кілем теру түрлерін қолданамын. Жүз теру оңай, ал, кілем теру – соншалықты шыдамдылықты талап етеді. Қазіргі кезде ол қолданылмай кетті, соны қайта жаңғыртуды ойластырып жүрмін.

Бұның бәрі қалай жүзеге асатынын шебердің өзінен білу қызықты болды. Алаша тоқуға арналған өрмектің құралдары мыналар:

- көтерме мосылар, қылышы, теру ағашы (өрнек салуға арналған), арқау жіп, көтерме ағаш, күзу ағашы және жұмыс ағаш. Өрмек құрылған соң оған жіптер керіліп, тоқу басталады. Көбіне өрмекпен тоқылған алашаның ені 2 қарыс, ұзындығы 12 құлаш болады. Кейін олардың әрқайсысын бір-біріне жалғап, тұтас алаша шығарады. Надя апаның айтуынша, ол бір алашаны тоқып бітіруге 10 күнін жұмсайды екен.

Надя апа текемет те басады:

- Текемет басу үшін де жүнді таңдап, ақ немесе қара түске бояп аламын. Екі түрлі түсті жүнді екі бөлек басып, киіз жасаймын да, кейін екеуін беттестіремін. Үстіне ою-өрнек саламын. Ал, шеттеріне мата жүргіземін.

Надя апа да көптеген облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы, І орынды ешкімге бермей келеді. Туған жерімде осындай жандар тұратынын мақтан етемін.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суреттерді түсірген автор

24 наурыз 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.