Атырау, 23 сәуір 16:18
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +21
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Балқұдықтықтар үшін Кедендік Одақ мазақ пен азап болғаны ма?

4 725 просмотра

Бәлкім Кедендік одақтың  (КО) біз әзірге сезіне қоймаған көптеген жақсы жақтары болар. Алайда, Құрманғазы ауданы, Балқұдық селосы тұрғындарының енді неге екені белгісіз Қазақстан-Ресей шекарасынан өту мүмкіндігі жоқ. 

Азғыр аймағы тұрғындарының тіршілігі көбіне өздерінің туған аудандары Құрманғазыға қарағанда Астрахан облысының Қарабайлы ауданына байланысты болатын. Өйткені, Балқұдықты аудан орталығы Ганюшкинмен байланыстырып тұратын жол (150 шақырым) кеңістік дәуір тұсында-ақ жарамсыз болып қалған еді. Сол себептен балқұдықтықтар өздеріне қажеттінің бәрін Ресей аумағынан сатып алуға мәжбүр. Ол үшін шекарадан екі рет өтеді. Ал, мәселен, Атыраудан Балқұдыққа бару керек болса, Котяевкіге дейін барып, шекарадан өтіп, Қарабайлыға дейін барып одан тағы да шекара арқылы Балқұдыққа баруға тура келеді. Міне, осылайша, біздің жақта дұрыс жолдың болмауы салдарынан жол-шекара «кезіп» жүруге мәжбүрлі боласың.  

Атырау қаласының тұрғыны Салахиден ӘЛІБАЕВбылай деп әңгімелейді: «2 қаңтарда мен ағам Шарафутден Нығметовтің садақасын өткізу үшін Балқұдыққа бардым. Әдеттегіше, Котяевкада шекарадан өтіп Қараөзекте Ресей шекаралық қосынында тіркеліп, Қарабайлыда көші-қон кәртішкесін алдым. Сол жерде мен адамдарды шекарадан өткізу кешкі сағат 20.00-ден таңертеңгі сағат 8-ге дейін тоқтатылғанын білдім. Сондықтан да түнеп, таңертең ертемен Қарабайлыдан 50 шақырымдай қашықтықтағы Балқұдыққа қарай бағыт алдым.

Балқұдықтан 5 шақырымдай жерде Ресей шекара қызметінің қосыны орналасқан шағын вагон тұр. Айта кетейін, бұрын ресейлік шекарашылар мені қараша айында ағамды облыстық онкологиялық ауруханадан үйге алып бара жатқанда және желтоқсан айында оны жерлеуге барғанда, кейін одан қайтып келе жатқанда да еш кедергісіз өткізген болатын. Бұл жолы шекарашылар өткен жылдың 1 желтоқсанындағы Ресей үкіметінің қаулысын негізге алып  біздің машинамызды тоқтатып, өткізуден бас тартты. Сол кезде шекара қосынында тағы бір машина тұрды. Ол көліктегілер біздің туысқандарымыз еді. Олар да кешке таман келіп, машинаға түнеп шыққан. Шекарашылар өткізбеген адамдардың тізімі мынадай: Гүлайым Сариева, Көпжасар Меңдігереев, Әділбек Жұманов, Татьяна және Күләш Бекежановалар, Гүлнәр Құбашева және олардың жүргізушісі.  

Бізден бір күн бұрын келген машинаны шекарашылар мекен-жайға тіркелгендігі туралы анықтама үшін Ганюшкиноға кері жіберген көрінеді. Ол адамдар анықтамаларын қайтып барып алып келгенімен оларды бәрібір жібермей тастаған. Мен келген кезде олар қолдарындағы анықтамалары болғанына қарамастан неге жібермейді деп істің мән-жайын сұрап жатқан еді. Мен өзім күні бүгінге дейін Балқұдық селеосында тұратын болып тіркелгендіктен ұялы телефон арқылы ауылдасыммен хабарласып, сондай анықтама алдырттым. Бірақ, ол анықтамадан көмек бола қойған жоқ.

Бұл жолы шекарашылар Астрахан облысы шекара қызметі басқармасының бастығы Николай Панченконың рұқсаты керек деп мәлімдеді. Ол сол кезде сол жерде тексеруде жүрген еді. Артынша Владимир есімді прапорщик рация арқылы басшылығымен байланысып, Панченконың келетіндігін хабарлады. Екі сағаттан кейін полковник шеніндегі офицер келіп, бізді тыңдап алды да: «Ресей аумағына қай жерде кірдіңіздер, сол жерден шығуларыңыз керек»,-деді де кетіп қалды. Володя полковниктің егер біз дәл қазір қосыннан кетпесек, біздің үстімізден әкімшілік іс қозғап, айыппұл салатынатындығы жөніндегі  бұйрығын жеткізді. Прапорщик бізден өзін қолайсыз жағдайда қалдырмауын, тезірек кетуімізді өтінді. Ашу-ызадан булығып, жылаған біздер алып келген құлпытасымызды ауылдастарға беріп, сол жерден кері қайттық. Мен Кедендік Одақтың құрылуы 8 мың халқы бар Азғыр аймағы үшін осындай проблеманы тудырғаннан басқа не берді деп сұрағым келеді? Облыс, республика басшылығы қайда қарап отыр? Өз азаматтарын қорлауға неліктен жол береді?

Қазақы дәстүр бойынша мен ағамның 100 күндік қадесіне дейін оның бейітін  тұрғызуға тиіспін. Ол қадесі наурыз айында болады. Сонда мен Балқұдыққа құрылыс материалдарын қалай жеткіземін?».

Құрманғазы ауданы әкімі аппаратының басшысы Болат БРАЛИЕВКЕ қоңырау шалып, біз аталмыш жағдайға байланысты ешкімнің шағымданбағандығын білдік. Бұған ұқсас жағдай өткен жылы тіркелген. Ресей мен Қазақстан арасындағы мемлекеттік шекара желісіндегі өзгерістер нәтижесінде 17 отбасы өздерінің үй-жайларымен жат жерде қалып қойған болатын. Кейін олар Қазақстан аумағына көшірілді. Құрманғазы ауданының әкімі Аманжан ТАКЕШОВ қаңтардың 13-нен 16-сы аралығында Азғыр аймағының барлық елді-мекенді қосындарын аралайтын болады. Тұрғындармен кездесуге Атырау шекара отрядының құрама қолбасшысы шақырылған. Б.Бралиев орын алған жағдай туралы әкімді хабардар етіп, Азғыр тұрғындарының басындағы проблеманың мән-жайын анықтайтындығына уәде етті.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

12 қаңтар 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.