Атырау, 16 сәуір 09:22
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +20
$ 448.56
€ 478.03
₽ 4.79

​«Жасыл адам» Жилгордок бағын қолға алмақ

2 750 просмотра

Кешікпей қала тұрғындарында қаладағы бақтардың бірін өз қалаулары бойынша жарақтауға мүмкіндік пайда болды. «Жастарды қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің атынан Әнуар ЖҰМАБАЙ Жилгородоктағы бақты сенімді басқаруға алу туралы өз ниетін мәлімдеп, атыраулықтарды оны абаттандыру үшін қолдарынан келгенше үлес қосуға шақырды.

Қала тұрғындары Әнуарды Кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағы ұйымдастырған алғашқы StartUp жобасына қатысқан кезден бастап, ерекше форматтағы «Просто хобби» кітап дүкені арқылы, «Не? Қайда? Қашан?» интеллектуалды ойын жүргізушісі ретінде біледі. Жалпы, ол Атыраудың қоғамдық өміріне белсенді қатысушы.

Ал, достары оны табиғатқа деген сүйіспеншілігі үшін әзілдеп «Жасыл адам» деп атайды. Сондықтан Әнуардың қалалық бақты сенімді басқаруға алуға шешім қабылдауы олар үшін тосын жайт болмады.

Әжем мені «Сенің көзқарасың мен ойың биікте болсын, бірақ сен өзің жерге жақын болуға тиіссің. Ол адамға қуат пен азық береді, жаратылыстың тегі болып табылады» деген сөздермен тәрбиелеп өсірген еді. Отбасымызбен Жилгородоктағы бақта серуендегенді ұнатамыз, ол қысы-жазы әдемі болып тұрады. Бұдан басқа, бақ өте қолайлы жерде, өзен жанында орналасқан. Балаларда да баққа бару, табиғатпен тілдесу әдет болып қалыптасса екен деймін. Осы бақты балаларын ерткен ата-аналарға, ғашық жұптарға, қарияларға, ерекше көңіл-күйге, ән мен биге толтырсам деп армандаймын, - дейді Әнуар.

Қоғамдық бірлестіктің таныстырылымы қалалық билікке ұнаған. ҚБ парктегі өз жұмысын бүкіл ағаштарды тексеріп, санап шығудан бастауды жоспарлап отыр. Содан кейін көктемгі жұмыстар: залалсыздандыру, аумақты қоқыстан тазарту, суару жүйесін тексеру, теректердің түбін ақтау жүргізіледі. Отырғыштар мен қоқыс жәшіктерін жөндеу, биоәжетханалар орнату жоспарланып отыр. Егер жобаны интернет-провайдерлер қолдаса, онда бақ тегін интернет аймағына айналады. Бұл оны жастар демалатын сүйікті орын етері сөзсіз.

Әзірге қалалық билік бұл ұсынысты қарастыруда. Әнуар Фейсбуктағы парақшасында қала тұрғындарымен өз жоспарларымен бөліскен:

«Менің алдымда үлкен міндет тұр. Оны шешу үшін біздің қаламызға жанашырлық білдіретін, идеяларымен немесе жұмыс күшімен көмектесетін барша жандардың қолдауы керек. Бәлкім, біреулер әлемдегі керемет бақтарға барып көрген болса, кеңестерімен бөлісуге болады. Ландшафт дизайны, бақ мәдениеті, гүл өсіру шаруашылығы және т.б. туралы түсінігі бар жандардан көмек күтетін боламын. Өкінішке орай, менің бастапқы қаржым көп емес, бірақ демеушілер тартуға үміттенемін».

Оның желідегі достары мен жазылушылары жобаны қолдауға дайын екендіктерін білдіріп, біршама ұсыныстар жіберіпті.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

17 наурыз 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.