Атырау, 25 сәуір 21:43
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Білім саласында да «контролер» пайда болды

4 206 просмотра

Атырау облысында білім беру саласын бақылау  жөніндегі департамент өз жұмысын бастады.

 

Жаңа департамент Атырау мемлекеттік университеті шет тілдер факультетінің оқу корпусына орналасты. Департамент басшысы болып Темірғали ӘБІЛМӘЖІНОВ тағайындалды.

- Біздің департамент оқу мекемелерін аттестациядан өткізеді және лицензия беретін болады, - деп хабарлады Т.Әбілмәжінов. – Келер жылдың сәуір айына дейін жергілікті білім беру мекемелерінің  қызметіне толық талдау жүргізуді аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз, яғни, мектеп ғимаратының стандартқа сәйкес келуі, асханасының бар-жоғы, балалардың тамақпен қамтамасыз етілгендігі және басқа да жайттар тексерілетін болады. Мектептердің жағдайын бағалау жүйесін жасақтайтын боламыз. Тәуекелділік дәрежесі жоғары оқу орындары жедел тексерілетін болады.

- Ал, бұл облыстық білім беру басқармасының жұмысы емес пе еді?

- Облыстық білім беру басқармасы және қалалық білім беру бөлімі білім беру мекемелерінің жұмысын ұйымдастырумен айналысады, ал, біз білім беру саласы бойынша көрсетілетін қызметтер сапасын тексеретін боламыз. Департамент тексерулері Құқықтық статистика және ақпарат орталығында тіркелетін болады.

- Өздеріңіз үшін қандай да бір басымдықтарды айқындадыңыздар ма?

– Мен жақында Ақтауға бардым, оларда – 127 мектеп бар, бізде – 204 мектеп. Ақтаудың бюджетінде білім беру саласына 36 млрд теңге бөлінсе, бізде – 26,5 млрд теңге. Айырмашылығы бар ғой.

Біздің департаменттің міндеті – Атырау облысының білім беру көрсеткіші жоғары болуы үшін балалар құқығын қорғау жөніндегі департамент пен облыстық білім беру басқармасы, қалалық, аудандық білім беру бөлімдерінің күшін біріктіру болып табылады.

- Облыста апатты жағдайда тұрған мектептер көп, сіздер оларды жауып тастамақсыздар ма? 

- Біз тек лицензияның әрекет ету мерзімін тоқтатуға ғана құқылымыз. Бүгінгі күні облыста 11 апатты мектеп бар, әрине, біз олардың барлығын бірдей жауып тастай алмаймыз, балалар қай жерде болсын оқуға тиісті ғой. Сондықтан да апатты мектептерді жою бағдарламасын жасақтауға қолдау танытатын боламыз. Егер мен қателеспесем, 9 мектепте спорт зал жоқ, ал, кейбірі өртке қарсы дабылдатқыштармен жарақтандырылмаған. Бұл мәселелерді мектепті жабумен шешу мүмкін емес, сондықтан да біз орын алған мәселелерді біртіндеп шешетін боламыз. 

- Келесі жылдан бастап жеке балабақша ашу үшін лицензияны алудың қажеттілігі жоқ деген рас па?

- Иә, ол рас.  Алайда, маған бұл идея ұнап тұрған жоқ. Мәселен, қазір лицензияны алу тәртібі бойынша штатта жоғары және бірінші санатты мұғалімдер саны 20% кем болмауы керек деп жазылған. Егер біз бұл қызметті лицензияламайтын болсақ, онда біздің балаларымызбен кім жұмыс жасайды?

Темірғали Әбілмәжінұлы ҰБТ-ге ерекше тоқталды. Оның айтуынша, келесі жылы ҰБТ қатаң тексерілетін болады. «Телефондардың дыбысы өшіріліп қойылады, металл іздеуші құрал орнатылатын болады. Дәрісханаларда қатаң тексеріс жүргізіледі. Бұл мәселеге қатысты мектептердің ата-аналар комитетімен қоян-қолтық қызмет атқаруды жоспарлап отырмыз».

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

1 желтоқсан 2011, 18:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.