Атырау, 19 сәуір 16:27
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

​Әкім әкімге риза болды

4 539 просмотра

Image 0Индербор поселкесінде облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВТЫҢ қатысуымен аудан әкімі Серік АРЫСТАННЫҢ жергілікті тұрғындар алдында ауданның 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2016 жылғы міндеттері бойынша есеп беру жиыны өтті.

Өткен жылы ауданға 2 млрд 127 млн теңге қаржы қаралып, соның тек жартысы ғана игерілген. Қаражат мына жұмыстарға жұмсалған: «Атырау-Индер» тас жолы күрделі жөндеуден өтіп, Жарсуат, Бөдене, Құрылыс ауылдарының кірме және ауылішілік жолдары жасалған. Индербор кентінде Б.Бөзекенов, Шахтер, Тайманов, М. Мөңкеұлы, Қазиев көшелері күрделі жөндеуден өткен. Екі 60 пәтерлік үш қабатты және бір қабатты он үй тұрғындар мен мемлекеттік қызметкерлерге пайдаланылуға берілді. Сондай-ақ, жаңа емхана, саябақ құрылыстары аяқталып, екі елдімекенде мектептер және мәдениет үйі салынуда.

Жалпы алғанда, әкім есебі үмітке толы болды. Ауыл шаруашылығы саласы да дамуда. Егін өсірушілер жылдан-жылға артып келеді.

Десек те, тұрғындарды мазалайтын сұрақтар жетерлік болып шықты. Социалистік Еңбек Ері Сақан ДӘУЛЕТҚАЛИЕВ мал шаруашылығы кадрларын дайындау мәселесінің өткір тұрғанын жеткізді. Кәрім ХАМИДУЛЛИН су каналдарының мәселесін қозғап, бірнеше жылдан олардың күрделі жөндеуден өтпегенін тілге тиек етсе, белгілі академик-геолог Хасан ҚАМАШЕВ Индер байлығын игеру үшін инвестор тарту жайын құлаққағыс етті.

- Біріншіден, ауданға сүт зауыты керек. Сүт көрінген жерде сатылады, олай жарамайды, - деді зейнеткер Ғайни ҒАБДУЛЛИНА. – Екіншіден, балалар бақшасына деген сұраныс көп. Әкімдік балансында тұрған «Алена» балабақшасы неге қайтарылмайды? «Барлаушылар» ықшам ауданындағы балабақша туберкулезді емдеу ауруханасына, кейін наркологиялық диспансерге айналды.

Зейнеткер Мұстахима АТАУОВА жаяу жүргінші жолының аздығын және аудан орталығындағы моншаның жұмыс жасамайтындығын сынады.

- Жаяу жүргіншілер жолына қатысты әлі де ойланамыз. Бұл мәселе бір күнде шешілмейді, - деп жауабын берді аудан әкімі С. Арыстан. - Ал, балабақша мәселесіне келсек, олар мен тағайындалғанға дейін сатылып кеткен. Сүт зауытын ашуға бір кәсіпкер ынта білдіруде. Монша жұмысы өзін-өзі ақтамағандықтан сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкер оның кілтін тапсырды.

- Мен аудан әкімінің жұмысына ризамын, - деді облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ аудан әкімінің есебін тыңдап болып. - Облыс әкімі қаржыны қалаға емес, ауылдарға бөліп жатыр деп жатқандар бар. Ал, мен дұрыс жасап жатырмын деп ойлаймын. Әсіресе, ауылдарды жарықтандыру, жолдар салу үшін қаржы бөлуге жұмыстанып жатырмын. Индерліктер тұрғын үй салуды бірінші болып бітірді, сондықтан тағы бір 60 пәтерлік үйді осы ауданға бергелі отырмын. Бұрынғы балабақшаларды қайтарғаннан гөрі жаңасын салған дұрыс. Бөдене ауылында мамыр айында балабақша құрылысы, ал, сәуір айында 200 орындық мәдениет үйінің құрылысы демеушілік қаржымен басталады. Ынтымақ елдімекенінен 120 орындық мектеп құрылысына қаражат бөлінді, 106 млн теңге Жарсуат ауылынан саз мектебін салуға беріліп отыр. «Алғабас-Жорық» каналына жаңа насос алып береміз. Индербордағы «Шығыс» және «Болашақ» мөлтек аудандарына су, электр желілерін тарту үшін 758 млн теңге қаралса, оның 300 млн теңгесі биыл бөлінді. Газ желілерін тарту «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның инвестициялық жобасына енгізілді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

18 ақпан 2016, 16:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.